«Дамудың» міндеті қандай?

26-012Елбасы Үкіметке шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігі туралы тапсырма беріп, осыған орай бірнеше мекеме құрылып, жұмысқа кіріскені белгілі. Солардың бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Бизнесін дөңгелетемін дегендерге қолдау көрсетуге тиіс қор өз міндетін қалай атқаруда? Осы сауалға жауап алу үшін кәсіпкерлікті дамыту қорына хабарласып, сұрақтарымызға төмендегідей жауап алдық.

– Сіздердің көмектеріңізге қол жеткізу үшін арнайы семинар-тренингтен өтіп, сертификат алу қажет екен. Сертификаттарды алу шарттары мен қол жеткізу уақытына тоқтала кетіңізші…

– Бұл ретте алдымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жайлы тоқтала кетсек, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қызметін 1997 жылы бастады. Ал 2007 жылдың соңынан бастап қорда тұжырымды өзгерістер болды. Қор «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мәртебесінен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мәртебесіне өзгерді. Сол себепті шағын және орта кәсіпкерлікті (одан әрі – ШОК) қолдау жөніндегі тиісті өкілеттіктері де ұлғайып, қаржы институтынан мемлекеттен бөлінетін қаражат активтерін басқару операторына айналды. Бүгінде ШОК субъектілерін қаржылай қолдау, ақпараттық-талдамалық және консалтингтік қолдау қызметінің жаңа бағыттары әзірленіп, іске асырылып отыр. Қордың фирмалық стилі өзгерді.

2008 жылдың қазан айында «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ және «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» бірігіп, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болып өзгерді. Жаңадан құрылған қор қызметінің мақсаты өзіне тиесілі меншік құқығында ұлттық даму институттарының ұлттық компания-лар мен өзге заңды тұлғалардың акциялар пакетін, қатысу үлестерін басқару болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг ретінде белгіленді. Бүгінде «Даму» қоры 100% акциясы «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ тиесілі ұлттық даму институты болып отыр. Ал енді біздің тарапымыздан атқарылып жатқан шаралардың бірі болып есептелетін, кәсіпкерлердің немесе соған ынталы азаматтарды оқыту және біліктілігін арттыру мәселесіне тоқталсақ.

Өз ісіңізді ашу үшін тек ақша ғана емес, білім де керек. «Бизнес-кеңесші» жобасы – баршаны кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытудың бірегей мүмкіндігі болып табылады. Бұл курстар кәсіпкерлер және де өз бизнесін жаңадан ашқысы келетін азаматтар үшін арналған екі күндік тегін курстар. Оның аясында «Кәсіпкерлік психологиясы дегеніміз не?», «Өз ісін қалай ашуға және тіркеуге болады?», «Нарықтық мүмкіндіктерді зерттеу дегеніміз не?» және тағы да басқа тақырыптар бойынша жалпы ақпарат ала алады.

«Бизнес-кеңесші» жобасы аясында берілген сертификаттар бағдарлама аясында гранттық қаржыландыру конкурсына қатысуға және де бастауыш кәсіпкерлер несие бойынша ішінара кепілдіктер алуы қажет болады. Тағы бір ескеретін жайт, «Даму» қоры тікелей қаражат бермейді. Қор бағдарлама аясында кәсіпкерлердің несиелерін (лизингтік мәмілелерін субсидиялау үшін банкілерге)лизингтік компанияларға ақша аударатын, банктік несие бойынша ішінара кепілдіктер беретін және кәсіпкерлердің алған қаражаттарын мақсатты пайдалануын қадағалап, мониторинг жасайтын қаржы агенті.

– Қала тұрғындары аудандарға барып оқуына бола ма? 

– «Бизнес-кеңесші» жобасы облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында өткізіледі. Әр жылдың басында «Даму» қоры жергілікті атқарушы органмен бірлесе тренинг-семинарлар өткізу кестесі жасалынады. Бұл ақпарат «Даму» қорының корпоративтік сайтында орналастырылып, барлық аудандар мен қалаларға жіберіледі.

Семинар-тренингке қатысамын деген азаматтар тек қана жеке куәлігімен Шымкент қаласындағы «Даму» қорының Кәсіпкерлерге Қызмет Көрсету Орталығына келіп, өзі қалаған аудан немесе қалаларына жазылуына болады. Сонымен қатар, аудан тұрғындары ондағы кәсіпкерлік бөлімдеріндегі оқу тренингтерінің кестесіне сәйкес сол жерге тіркеліп қоюына болады немесе телефон арқылы да жазылуына болады.

– Сонымен қатар сертификат саны шектеулі ме? 

– Жалпы, жоба аясында Республика бойынша ең көп семинар-тренингтер Оңтүстік Қазақстан облысында өтеді. Өйткені облысымызда халық саны көп. Семинарлардың тиімді өтуіне және тыңдаушылардың дәл әрі нақты ақпарат алулары үшін бір шараға 30-35 адамның қатысуы қарастырылған. Жалпы бағдарлама аясында биыл 1 200-ден астам азамат оқытылады деп көзделіп отыр.

– Семинар қанша уақытқа созылады?

– «Бизнес-кеңесші» жобасы аясындағы семинар-тренигтер екі күн мерзімінде әрі тегін өткізіледі. Семинар-тренингтер 2014 жылдың наурыз айының 12 жұлдызынан бас-талып, 31 қазанға дейін жалғасады.

– Осы уақытқа дейін семинарға қатысты шағымдар тіркелген бе? 

– Бір қуаныштысы осы жоба жүзеге асып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болса да ешбір азамат өзінің ренішін білдірген емес. Себебі тәуелсіз еліміздің тарихында дәл осындай тегін әрі мол ақпаратпен қамтамасыз ететін жоба алғаш рет қолға алынып отыр.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ