Тәуелсіздік мерекесі төңірегінде тәуекелді бастамалардың тұсауы кесіліп жатыр. Облыс орталығы Шымкентте шифер зауыты өз жұмысын бастады. Отандық өнімнің алғашқы тапсырыс берушілері Тәжікстан елінен табылыпты. Республиканың сұранысын толықтай қанағаттандырамыз деп отырған алып зауыттың жоспары тың.

шифер зауытының алғашқы өнімдері
Шифер зауытының алғашқы өнімдері

Өңірде теңдесі жоқ шифер зауыты сапалы өнім шығаруға кірісіп кеткен. Алғашқы желісін тамыз айында қосқан өндіріс орнының жалпы қуаттылығы ауқымды. Жылына 2 миллионнан аса шифер шығаруға қауқарлы.

Жолшыбек Аққұлов, зауыттың техникалық директоры: «Бұл – отандық өнімнің 50 пайызын құрайды. Ал шикізатты өзімізден аламыз. Цемент Шымкенттікі.»

Сапалы өнім заманауи техниканың көмегімен әрі неміс тәсілімен жасалады. Бұл экологиялық таза дейді мамандар. «Тектум Инженеринг» ЖШС-нің алғашқы тапсырыс берушілері көрші елден табылыпты. Бұл жағдай, біріншіден, Отандық өнімнің абыройын өсірсе, екіншіден өңір экономикасына өсіміне өз үлесін қоспақ. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылымы тартылып, жеңілдетілген несие алған зауытта жүзге жуық қызметкер жұмыс істейді.

Нарықтағы бағадан арзан, яғни 900 теңгеден сатылып жатқан шифер зауытының алдағы жоспарымен облыс әкімінің өзі танысты. Келер жылы қуаттылығын арттырып, жұмыс күшін көбейтуді көздеп отырған ұжымға сәттілік тіледі.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=w0rT1yzBOX4[/youtube]

Зауыттың өніміне сұраныс көп. Әсіресе, көрші Жамбыл, Қызылорда облыстарымен Тәжікстан елінен тапсырыс толыстамай түсіп жатыр. Алғашқы өнім тиілген жүк вагондары Тәжікстанға жол тартуға дайын тұр.