Шымкентте “Kazakhstan fashion week” сән апталығы өтті

43

Шымкентте «KAZAKHSTAN FASHION WEEK» апталығы өтті. Онда елімізге белгілі сәнгерлермен қатар жергілікті дизейнерлер де өз топтамаларын тұрғындар назарына ұсынды. Сәнгерлердің басым бөлігі өңір менталитетіне сай тігілген ерекше киім үлгілерін алып келген.

Үшінші мегаполисте өткен “Kazakhstan fashion week” ұлттық сән апталығын белгілі дизайнер Аида Кауменова ашып берді. Ол сән көрсетіліміне өз қолынан шыққан 16 киім үлгісін алып келген. Әлемдік нарықты бағындырған дизайнер көздің жауын алатын брендтік сәнді киімдерін оңтүстік өңірдің киіну стиліне сай жасақталғанын айтады.


Аида Кауменова, дизайнер: “Арнайы Шымкентке жап-жаңа туындыларымызды жасап алып келдік. Топтамамыз 4 блоктан тұрады. 1 блокта пайетка матадан жасалған киімдер болады. Одан кейін қызғалдақ бейнеленген киімдер, қысқа арналған жылы киімдер мен торлы көйлектер көрсетіледі”.

Екі күнге созылған сән көрсетілімінде жергілікті және Қазақстанға белгілі 16 сәнгер қатысты. Олар ұлттық нақышта тігілген және заманауи бағыттағы киім үлгілерін келушілер назарына ұсынды. Ал қала тұрғыны Зауре Жұманова биыл апталықтан тәжірибе жинап, келесі жылы өзі де осы шараға қатысуды көздеп отыр.

Зәуре Жұманова, Шымкент қаласының тұрғыны: “Бүгінгі көрсетілімнен алған әсерім өте керемет. Отандық өнімдердің шығарылып жатқанынан өте қуаныштымын. Менің үстімдегі ұлттық нақыштағы киім өзімнің анамның тіккен киімі. Осындай кештер қатты ұнайды. Өзіміздің жерлестеріміздің өсуне қашан да тілектеспіз”.

“Kazakhstan fashion week” Шымкент жобасының биыл бесінші мерейтойлық көрсетілімі өтіп жатыр. Бұл жоба алғаш 2018 жылы Шымкент қаласында өткізіле бастады. Сол кезден бастап өңірлік сәнгерлердің туындыларын таныстыру дәстүрге айналды.

Ақжамал Абильдаева, ұйымдастырушы: “Бұл проекттің ерекшілігі Made In Kz дейміз ғой. Сондай Отандық дизайнерлер, өндірушілер қатысады. Шымкенттегі ерекшелігі қонақтардан бөлек біздің жергілікті Шымкент қаласының дизайнерлері өздерінің киім топтамаларын көрсетіп жатады. 2018 жылдары қатысушылар аз болды. Енді жәймен-жәймен қатысушылар саны көбейді. Біз бұған өте қуаныштымыз” .

Шымкенттегі сән апталығы ашық түсті, бірақ жабық, ұзын киімдерімен ерекшеленді. Ал Алматы қаласында бастау алған жоба алдағы уақытта Шымкенттен бөлек Қарағанды, Орал қалаларында да өз жалғасын табады.

Мемлекет басшысы отандық өнім өндірушілерге барынша қолдау жасау қажеттігін айтқан болатын. Отандық дизайнерлер де еліміздің атын шығаруға өз үлестерін қосуда.