ВИЧ жұқтырған бала жарақат алса… қалай көмектесе аламыз?

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС (СПИД) пен күрес күні. Осыған орай біздің қоғамда ВИЧ пен СПИД-ке шалдыққан балалар қалай өмір сүріп жатыр? Қапелімде олар жарақат алған жағдайда көрсетілер алғашқы көмек қандай болмақ? Осы тақылеттес сұрақтарға бірқатар сала мамандарынан жауап алуға тырыстық.

49-021

– Оңтүстік Қазақстанда балаларға ауруханада ВИЧ инфекциясын жаппай жұқтыру оқиғасы осыдан 8 жыл бұрын болған еді. Сол кезде жүргізілген алғашқы тексеру кезінде 78, кейін тағы да 71 баланың аталмыш дертті жұқтырғаны анықталған болатын. Дертке шалдыққан 149 баланың қазіргі күнге дейін 13-і көз жұмды. Бір баланы шетелдік азаматтар асырап алса, 5 бала балалар үйіне тапсырылды, — дейді «Балаларды СПИД-тен қорғау» қорының президенті Жанетта Жазықбаева.

Захиджан РУЗМЕТОВ, Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары: 

– ВИЧ-пен ауыратын балалардың жарақат алуы қоғамды ғана емес, ауру балалардың ата-аналарын да алаңдатады. Дегенмен, қорқатын дәнеме жоқ. Өйткені, ауру ауа арқылы жұқпайды. Дерт тек ашық жарақатқа ауру қанның түсуі арқылы тарауы мүмкін. Ал оқу орындарында ондайға жол берілмейді. Себебі, онда білікті медбикелер бар. Тіпті, біле білсеңіз, ВИЧ пен ауыратын балалар өздеріне өзі алғашқы медициналық көмекті көрсетуге дағдыланған. 

Көмектен кенде емес

Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, аталмыш дертке шалдыққан балалардың саны күннен күнге көбеюде. Сондай-ақ, маман ВИЧ жұқтырған балалар мен олардың отбасы көмектен кенде емес екенін айтады.

Республикалық бюджеттен ай сайын:

– Науқас балаға – 18000;

– Ата-анасына – 18200 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады.

Сондай-ақ, облыс қазынасынан ай сайын:

– Қалада тұратын науқасқа – 29700;

– Ауылда тұратын науқасқа – 39700 теңге төленеді.

Сонымен қатар, науқас бала:

– Ем-домдық шараларды;

– Қажетті дәрі-дәрмектерді тегін алып, жылына 1 рет санаторийде демалуға құқылы.

Ескеретін жәйт: 18 жасқа толған сәттен бастап облыстық трансферттен берілетін қаржы тоқтатылады. Ал республика қазынасынан бөлінетін төлем-дер мүгедектікке байланысты берілетін жәрдемақылармен ауыстырылады. Оның соммасы мүгедектік топқа сәйкес әртүрлі болады.

Жанетта Жазықбаева, «Балаларды СПИД-тен қорғау» қорының президенті:

– Жалпы, осы індетке шалдыққан еліміздің азаматтары заңнамалармен қорғалған. Мәселен, оларды бала­бақ­ша, мектеп, ЖОО және тағы да басқа оқу орындарына қабылдамауға, жұмыстан шығаруға, не қызметке қабы­лдаудан бас тартуға, тұрғын үй кезегіне тұрғызбауға және өзге де құқықтарын шектеуге жол беріл­мейді.

Рухани көмек жетіспейді

Десек те маман дертке шалдыққан балалардың материалдық емес, рухани көмекке мұқтаж екенін тілге тиек етті. Себебі, олар кәдімгі — балалар. Олардың да асыр салып ойнауға, оқуға, жұмыс істеуге, отбасын құрып, бала сүюге, бақытты болуға құқы бар. Әңгіме барысында Жанетта Жазықбаева жүргізіліп жатқан үгіт-насихаттардың нәтижесінде, аталмыш дертті жұқтырған балаларға деген қоғамның көзқарасы 30-35% өзгергенін айтады. Айтуынша, бастапқы кездегідей емес, қазіргі қоғам да балаларға оң көзбен қарай бастаған. Десек те, арасында науқастарға үрке қарайтындар да жоқ емес.

49-020

– Жасыратыны жоқ, бала болған соң жүгіреді, секіреді, ойнайды. Бір жерін жарақаттап, қанатып алуы да мүмкін. Дегенмен де, қазір барлық мектептер мен балабақшаларда медбикелер бар. Олар қай баланың қандай аурумен ауыратынын, қандай дерті бар екенінен хабардар. Оған қоса, барлық сыныптар мен топтарда алғашқы көмек көрсету қобдишалары да қойылған. Біле білсеңіз, әлемде әлі бір де бір рет баланың білім ордасында немесе мектепке дейінгі мекемеде ВИЧ-ті жұқтыру оқиғасы тіркелмеген. Сондықтан да, алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді ол.

Түйгеніміз, ВИЧ жұқпасы – бала үшін үкім емес! Оларды шет­қақпайлауға ешкімнің құқығы жоқ.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №49, 03.12.2014