Шымкентте көз тартар зәулім ғимараттар көбейіп келеді. Әсіресе 9-12 қабатты үйлер көптеп салына бастаған. Әрине, қуанарлық жайт. Дегенмен, сол биік үйлерде тұрып жатқан тұрғындарға жеделсаты (лифт) қалай қызмет етіп тұр? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында «Нұрсәт» шағынауданына жол тартқан едік.
Мұнда талай қызықтарға куә болдық. Алдымен, №221 үйге бас сұққанбы. Аталған үйдің тұрғыны Сәуле Сламбаева 500 теңгеге сатып алынатын 100 бірлік халықтың қалтасына аздап ауырлық салатынын айтты. Ал №218 үйдің тұрғындарының жеделсаты жұмысына мүлдем көңілдері толмайды екен. Мәселен, аяғы ауыр Шынар Исаеваның айтуынша, жеделсаты өте көп бұзылатын көрінеді. «Әсіресе азанды-кеш істен шығады. Кейде ішінде қалып қойып, есік ашылмай қалады. Сол себепті мүмкіндігінше оны пайдаланбауға тырысамыз.
Нұржан СМАНОВ, бокстан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері:
– Жеке өзім жеделсатыны қолдана бермеймін. Әрдайым баспалдақпен шығуға тырысамын. Бұл мені қаламыздағы жеделсатылардың мәселесі толғандырмайды деген сөз емес. Жеделсатының көмегіне мұқтаж және қарт кісілерді ойлап, іштей қынжыламын. Өйткені біздің қаламыздағы жеделсатылардың сапасы көңіл көншітпейді. Апталап істемей қалады, ішінде адамдардың қалып қоюы жиі кездеседі және жылдамдығы баяу. Әсіресе, бұл жағдайлар Тәуке хан көшесінің бойындағы үйлерде көп кездеседі. Біздікі, Астана мен Алматыдағы жеделсатылардың деңгейіне әлі жете қойған жоқ. Жеделсаты демекші, бір жайт есіме түсіп тұр. Сонау 1995 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында 100 қабатты ғимараттың жеделсатысына мінген болатынмын. Бір байқағаным, небәрі 20 секундта 100-ші қабаттан бір-ақ шықтық. Бізде де осылай болып жатса, қанеки!
Жеделсатыны бақылаушы №212 үйдің 10-шы қабатында тұрады. Жасы келген әйел. Арғы жағын өзіңіз бағамдай беріңіз… Кейде оның өзі үйінде болмай, кішкентай немересі келеді. Немересі өз ісін жап-жақсы біледі. Бірақ, ол келгенше біршама уақыт өтіп кетеді»,- деп қынжылды ол.
Осы үйдің үй төрайымы Оксана Иванованы да жеделсатының жұмысы жүйкесін тоздырыпты. Үнемі жеделсаты ішінде қалып қойған тұрғындар мазалайды екен. Оларға да не өкпе артасың дейді өзі. Айтпақшы, бұл үйде мүмкіндігі шектеулі жандар да тұрады екен. Дегенмен, абырой болғанда, олар төменгі қабаттарда өмір сүруде. Сонымен не керек, №218 үйдегі тұрғындардың жеделсатының бұзылуы жайындағы қынжылысын тыңдап болғасын 9 қабаттан тұратын №219 үйге ендік. Мұнда жеделсаты мүлдем болмай шықты. Себебі бұл үй биылғы жылдың тамызында пайдалануға берілген. Біздіңше, пәтерлерде әлі толықтай халық жайғасып бітпеген. Басқа да мәселелер бар. Бұл енді өз алдына басқа мәселе. Бізді алаңдатып тұрғаны – осы үйдің жоғарғы қабатындағы тұрғындардың жағдайы еді. Сол себепті жоғары көтеріліп, 8-ші қабаттағы тұрғынмен тілдестік. Ахметжан Әкімбаев жеделсаты мәселесінен бөлек, біраз олқылықтардың бетін ашып салды. «Міне, қараңыз, қабырғалар жыл өтпей жарылуда. Бөлме іші суық, есік дұрыс жабылмайды, жел ызылдап тұрады. Әжетханаға жылу жүйесі орнатылмаған. Үйге тек линолеум төселген, асты – цемент. Үйдің осындай суығынан болар, өзі екіқабат жұбайым жиі-жиі ауырып қалуда. Жүрегі ауырып, кардиологияға түсті. Одан кейін тұмау болып, ауруханаға жатып шықты. Негізінде бізге «бөлменің асты – ламинат, қабырғалары – түсқағаз» делінген болатын. Міне, 5 млн 800 мың теңгеге алған пәтерімнің сиқы осындай» – деп Ахметжан ренішін білдірді.
Күләйзия ЕРМЕКБАЕВА, жеделсаты бақылаушысы:
– Мен «Нұрсәттегі» алты үйдің (№212, №214, №216, №217, №218, №220) жеделсатысын қараймын. Шыны керек, біздің тұрғындар жеделсатыны дұрыс пайдалана алмайды. Оның бұзылуына өздері себепші. Сондықтан ішінде қалып қою сәттері көптеп кездесуде. Сенсеңіз, мені түнгі 2-3, таңғы 5- 6-ларда да мазалап жатады. Жеке өзімнің «Шымкентлифт монтажына» еш шағымым жоқ. Бұзылса, дер кезінде келіп жөндеп беруде. Керек десеңіз, осы жылдың күзінде біздің үйдегі (№212) жеделсатыны жөндеу үшін Мәскеуден арнайы мамандар алдырды. Оған дейін еліміздің түкпір-түкпірінен мамандарды жөндеуге шақырды. Бірақ өз нәтижесін бермеді. Ал мәскеулік мамандардың өзі екі күн дегенде жеделсатының бұзылу себебін әрең анықтады. Осы орайда №216, №217, №218 үйлердегі жеделсатыны жөндейтін жері дұрыс орналаспағанын айтқым келеді. Өте қауіпті. Сонымен қатар жеделсаты құрылғанда жүк тасу жағы да ескерілсе деймін. Алғашқыда 400 келіге дейін жүк көтеруге болады делінген. Халық жеңіл-желпі жүктерін де таситын. Ал қазір жеделсатымыз үш адамнан артық салмақты көтере алмайды.
Бағытымыз өзгерді
Жаңадан салынған «Нұрсәт» шағынауданындағы жеделсатылар халыққа осылай қызмет етіп тұр. Көп олқылықты байқаған көңіл қаламыздағы ескі үйлерді еске алдырмай қоймады. Сол себепті Тәуке хан мен Ә.Молдағұлова көшесіндегі биік ғимараттарды көріп қайттық.
Алдымен, Тәуке хан көшесі №29 үйдегі жеделсатының хал-ахуалымен таныстық. Мұнда екі жеделсаты бар екен. Бірі – жаңа, екіншісі – ескі. Жеделсатыны пайдаланатын тұрғындардың іс-әрекеттерін сырттай бақыладық. Байқағанымыз, тұрғындардың көбісі ескі жеделсатыны пайдаланады. Олар жаңадан орнатылған белорус жеделсатысын «кірпияз» деп есептейді. Ал түркиялық жеделсаты орналасқан Тәуке хан көшесі №31, №33 үйлерінің тұрғындары шағым айта қоймады. Алайда, осы көшедегі №32 үйдің тұрғындары ескі жеделсатыға көңілдері толмайды екен. Кей кездері айлап бұзылып қалатын көрінеді. Және 250 кг-дай салмақты ғана көтеруге қауқары жетеді. Осы ретте Ж.Тыныбаев көшесі №33 үйдегі жеделсаты қызметінің зулап істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Мұнда жеделсаты ауыр жүктерді 1000 кг, ал адамдарды 630 кг дейін көтеретініне көз жеткіздік. Олар «Алматылифт» комплексіне қарайды.
Ерлан ҚАБЫЛБЕКОВ, «Шымкентлифт монтаж» ЖШС-нің директоры:
– Бізде Кеңес кезінен қалған 70 жеделсаты бар. Қазіргі күнде олардың 69-ы жұмыс істеп тұр. Оның 21-і жаңасына ауыстырылды. Бұлардың 4-еуі қытайлық, 3-еуі белоруссиялық, ал 14-і түркиялық. Жалпы, қарапайым халық бізге сырттай реніштерін айтып жүреді. Анығында, жеделсатыларды орнататын біз емес. Біз бар болғаны техникалық қызмет атқарамыз. Яғни, жеделсатыларды орнату «Шымкентлифт монтаждың» құзырына кірмейді. Егер расымен біз өз жұмысымызды дұрыс атқара алмайтын болсақ, біздің қызметімізден бас тартқан 8 жеделсаты қайтадан келмес еді ғой? Сонымен қатар, тұрғындар сатылатын карточка жайлы да оң қабақ танытпайды. Ашығын айтсақ, бізге бұдан пайда түсіп жатқаны шамалы. Тіпті өз жалақымызды әрең қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан, келесі жылдан бастап өзара келісімшарттарымызға өзгерту енгіземіз.
Желтоқсан көшесіндегі биік үйлерге де бардық. Бір байқағанымыз, бұл ғимараттарда ескі жеделсатылар қызмет етуде. Мәселен, №32 үйдегі жеделсатыны басқарушы Гүлнәз Момынқұлованың айтуынша, бұл жеделсатылардың уақыты өткен. Егер күрделі деңгейде бұзылып жатса, жөндеу қиын. Себебі олардың ауыстыратын құрылғылар тапшы. Дегенмен, әзірге олар дұрыс жұмыс істеп тұр.
Енді Ә.Молдағұлова көшесі №44 үйдегі жеделсатылар жайлы сөз етсек. Бұл үйдегі тұрғындар да ескі жеделсатының қызметін пайдаланып келеді. №70 пәтердің 9-шы қабатында тұратын Альмира Қаңлыбаева: «Жеделсатымыз бұрындары бұзылып, екі аптадай істемей тұрып қалатын. Ал қазір бір күннен ары аспайды. Ара-арасында жеделсатының моторы ұрланып тұрады. Ол кезде өз қалтамыздан ақша шығарамыз» – деді. Ал аталған үйдің 1-подъезіндегі тұрғындар мотордың ұрлана беруін жергілікті тұрғындар мен сырттағы адамдардан көрмейді. Сонымен қатар, осы подъезде жеделсатының істен шығуы көп кездеседі екен. Осы ретте айта кетерлік бір жайт, бұл подъездің 9-шы қабаты, №26 пәтерінде саңырау отбасы тұрады. Мүмкіндігі шектеулі бұл жандар жеделсаты бұзылып, ішінде қалып кеткен жағдайда қалай көмек сұрайды?! Міне, әңгіменің төркіні қайда жатыр.
Расымен, сырт көзге ештеңе білінбейді. Алайда арамызда жанын шүберекке түйіп, қалт-құлт етіп өмір сүріп жатқан жандар көп. Бұлар біздің көргеніміз ғана… Жалпы, біз қауіптермен күрескеннен гөрі, оның алдын алған тиімдірек екенін жеткізгіміз келеді.
Әділхан АБАЙҰЛЫ
«Оңтүстік Рабат», №50, 10.12.201