Үкіметтің 2014 жылдың 23-қазандағы қаулысына сәйкес жеке куәліктің жаңа үлгімен шығатыны хабарланды. Бұл туралы мәжіліс үйінде өткен үкімет сағатында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеген еді.
Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұр екен. Біз де кезек алдық. Қысқасы, жаңа жеке куәлікті алу үшін бес кезеңнен өтуіңізге тура келеді:
1) Анықтама бөлімінен талон аласыз.
2) Мекенжайыңызды электрондық поштаға тіркейсіз (мүмкіндігіңіз болса, мұны үйіңізден алып барсаңыз да болады).
3) Кассаға барып, 450 теңге төлейсіз. Оның 396 теңге 4 тиыны мемлекет қазынасына, ал 50 теңгесі жұмыс ақысына.
4) Құжат қабылдайтын жерге касса түбіртегін, мекенжайыңыздың электрондық нұсқасын және ескі жеке куәлігіңізді ұсынасыз.
5) Фотоға түсесіз және қолтаңбаңызды қоясыз. Осы жерде бір айта кетерлігі, суретке кез келген киіміңізбен түсуіңізге болады. Суретке түсіп болған соң, құжат қабылдаған жеріңізге қайтадан барасыз. Сол жердегі қызметкер сізге ескі жеке куәлігіңізді қайтарады.
Наурыз НАХИПОВА, ХҚКО-ның маманы:
– Жаңа төлқұжаттың ерекшелігімен таныстыра кетсек. Куәліктің көлемі алдыңғыдан үлкендеу және мұнда бір сурет емес, екі сурет болады. Оның бірі – түрлі-түсті, екіншісі – ақ, қара түсті. Құжат иесінің екі түспен бейнеленуі куәлікті көркейте түсумен қатар, оны қолдан жасауға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ, ЖСН нөмірі мен азаматтардың аты-жөні, қолтаңбасы ірі қаріпте жазылған. Ал еліміздің Туы екінші беттің төр жағынан орын алды. Міне, айырмашылық осы.
Жаңа құжат 30 жұмыс күнінде дайын болады. Оның ішінде сенбі мен жексенбі және мереке кезіндегі демалыс күндер есептелмейді. Егер сіз жеке куәлігіңіздің ерте келуін қаласаңыз, оны жылдамдатуға мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін кассаға төлейтін ақшаның құнын көбірек төлеуге тура келеді. Мәселен, 15 жұмыс күніне – 563 теңге, 10 жұмыс күніне – 904, 7 жұмыс күніне – 1989 теңге төлейсіз.
Ескертетін жайт, жеке куәлігіңізді өзгерту-өзгертпеу — өз еркіңізде. Яғни, ескі төлқұжатыңыз мерзімі аяқталғанша қолданыста жүре береді.
Әділхан АБАЙҰЛЫ
«Оңтүстік Рабат», №2, 14.01.2015