Қазақ хандығынан сыр шертер қойылымдар

648
Қойылымның басты кейіпкерлері

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Тарихи датаға орай облыстық опера және балет театрының ұжымы «Інжу-маржан» атты премьералық қойылымын сахналамақ. Әзірге мұнда дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

"Інжу маржан"

Бір жарым сағаттық спектакль шежірені баяндауымен ғана емес, бес бірдей қойылымның жинақтала ұсынылуымен ерекшеленбек. Алдымен «Қыз Жібек» операсы сахналанады.

Қойылымның басты кейіпкерлері

Бұла боп өскен ерке, өр мінезді, ақылына көркі сай Жібекті сомдау әртіс Айгүл Азатоваға жүктелген. Қойылымда өнер иесі тек қимыл-сөзбен ғана емес, операда ән сала жүріп, көрерменге ширек ғасырдың сырын жеткізуі тиіс. Айгүлдің театрдағы тәжірибесіне 6 жылдан асқан, сол уақыттан бері Қыз Жібекті сомдаумен келеді. Бірақ қазақ әйелінің асыл қасиеттері бойынан табылған кейіпкерді халыққа көрсету үшін әр көрініс алдында үлкен дайындық қажет екенін айтады.

Айгүл Азатова
Айгүл Азатова

Айгүл Азатова, облыстық опера және балет театрының әртісі: «Мен үшін Жібектің кейпіне ену оңай емес, әр рөлдің өзіндік қиындықтары болады. Мәселен, Жібек — өте нәзік, сұлу, сондықтан оның дауысы да соған сай болуы керек. Әрдайым дауыс ырғағын қайталап салып, оның болмысын жасап жүремін. Оның бойындағы қасиеттерден өзіме ұқсас жәйттерді іздеймін, үнемі ізденемін. «Гәккуді» орындар кезде өзім үлкен қобалжуды сезінемін, бірақ бар шеберлігімді салып айтамын. Алдағы премьерада халық өнерімнің бағасын береді деген үміттемін».

Бұдан бөлек спектакль аясында «Абай», «Біржан — Сара» «Қамар сұлу», «Айсұлу» опералары арқылы өнер ұжымы Қазақ хандығы дәуірінен бергі заманды суреттейтін болады. Еңбектің қоюшы режиссері — Қайрат Құлыншақов. Маманның сөзіне сенсек, бес бірдей қойылымды байланыстыру үшін мұнда қосымша түрлі би көріністері ұсынылмақ.

Қайрат Құлыншақов
Қайрат Құлыншақов

Қайрат Құлыншақов, облыстық опера және балет театрының режиссері: «Бұл қойылымды сахналау өнер ұжымы үшін үлкен жетістік дер едім. Мұнда тарих толғауы баяндалады. Еңбекті өзгерістер көп. Мәселен, басты рөлдерге тек жас әртістер бекітілді. Балет ұжымында да ерекшеліктер бар. Қойылым бұрын-соңды болмаған ерекше үлгіде халыққа ұсынылады деп жоспарлап отырмыз».

Айта кеткен жөн, «Інжу-маржан» қойылымында басты рөлдерді 15 адам сомдайды. Олар сахнада халқымыздың тектілігін ғана емес, бекзат өнердің шеберлігін де жеткізбек. Ал тарихи қойылым көпшілік назарына 25 ақпаннан бастап ұсынылады.