«Қала халқы 855 мыңнан асады»

Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі:

– Қала бұрынғыға қарағанда әлдеқайда таза. Бірақ, әлі де мәселелер бар. Әсіресе, қала ішіндегі қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің санын көбейткен жөн. Әрине, бірден ештеңе шешілмейді. Қаланың келбетін одан әрі сақтау, тазалыққа жіті мән беру жағы бәріміз үшін өте маңызды болуы керек. Жалпы, Шымкентте қай салада болмасын, көңілге қонымды көрсеткіштер байқалады. Мәселен, қазір қалада жол сапасы жақсарып келе жатыр. Бұл бағытта бюджеттен қомақты қаржы қарастырылуда. Бір ғана жол инфрақұрылымын дамытуға биыл 6,5 миллиард теңге бөлініп отыр.

Өткен аптада Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды атқарылған жұмыстары туралы халық алдында есептік кездесуін өткізді.

Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды
Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды

Облыс әкімі қатысқан жиында Дархан Амангелдіұлы қаланың тыныс-тіршілігі турасында баяндама жасады. Осымен екінші жыл қатарынан халықпен кездесіп, есеп беріп отырған әкім бұл жолы баяндамасын демографиялық жағдайдан бастады. «Басты байлығымыз-халқымыз. Қаладағы демографиялық өсім әлдеқайда жоғары. Бүгінгі таңда Шымкентте 855 мыңнан астам халық бар. 2019 жылға дейін халық саны миллионға дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз» деп атап өткен қала басшысы бұдан соң шаһардың экономикалық жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артып, 262,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл жалпы облыс өнімінің 40,5 пайызын құрайды. Ал инвестициялар көлемі 166,8 млрд теңгеге, яғни 29,6 пайызға көбейсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 36,8 пайызға, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 17,3 пайызға артқан. Айтпақшы, құрылыс саласы бойынша былтыр қала үшін жаман жыл болмады. Бір жылдың ішінде 187 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 4444 пәтерлі көпқабатты 61 үйдің құрылысы басталып, 8-і пайдалануға берілген.

Халықты жұмыспен қамту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылып, жұмыссыздық деңгейі 6,4 пайыздан 6,1 пайызға кеміпті. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 8 706 шымкенттік жұмысқа орналасқан. Ал экономика саласының арқасында 6120 жаңа жұмыс орындары ашылған.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстарға 2 734,3 млрд теңге бөлінген. Бірақ мәселе мұнымен толық шешілді деуге болмайды. Шаһарда әлі де шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Соның ішінде жол мәселесі шымкенттіктер үшін бірнеше жылдан бері сағызша созылған әлеуметтік проблемалардың қатарында. Осы ретте айта кетерлік жайт, бүгінде Шымкентке қарасты шағынаудандар саны 80-нен асады.

06-007

Қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 1 361,6 млн теңге бөлініпті. Алайда мұнымен шаһар тазалығы ойдағыдай деп айтуға болмайды.

Білім саласы бойынша атқарылған жұмыстар жаман емес. 128 жалпы орта мектепте 148,3 мың оқушы білім алуда. Бұл салаға 351,6 млн теңге жұмсалған. Баяндамашы бөлінген қаржының бірқатар бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен 8 383 баланы ыстық тамақпен, 3 848 оқушыны киім-кешекпен қамтуға жұмсалғанын атап өтті. Ал балабақшаға кезекке тұрғандар саны азаяр емес. Айта кетейік, қаладағы 295 балабақшада 46 377 бала тәрбиеленуде. Бұл мектепке дейінгі мекеме жасындағы бүлдіршіндердің 77,1 ғана пайызы. Бір қуантарлығы, биыл қалада 790 орындық 7 балабақша пайдалануға беріледі. Былтыр 3 балабақша есігін айқара ашса, 29 мектеп пен 8 балабақша күрделі жөндеуден өтіпті.
Әкімнің баяндамасынан соң қатысушы тұрғындардың уәждері тыңдалды. Әкімге сауалын жолдағысы келгендер саны өте көп болғаны соншалық, халық ұзын-сонар кезекке тұрды. Басым көпшілігін жол және жарық секілді әлеуметтік мәселелер мазалайды. Солардың ішінде ақжарлық тұрғындар үшін қоғамдық көлік мәселесі жырға айналған. «Біздің шағынауданда автобус емес, құдды бір пойыз жүретін секілді. Таңертең бір, кешке бір рет қана келеді. Бізде қаншама халық бар. Ол автобусқа кейде сыймай қалып, баратын жерімізге жете алмай талай қиналдық» дейді ашынған тұрғындар. Бұл сауалға жауап берген әкім бүгінде қалада 86 маршрут бойынша қоғамдық көлік қатынайтынын, алдағы уақытта олардың санын арттыру бойынша транспорттық кесте әзірленіп жатқанын жеткізді. Қысқасы, әрбір қойылған сауалға жауап берген әкім, егер қосымша қаражат қарауды қажет етсе, алдағы уақытта міндетті түрде жазбаша жауап берілетінін хабардар етті.

Екі жарым сағатқа созылған есепті кездесу соңында облыс әкімі шаһар басшысының есебін қорытындылады.

– Осыдан 4-5 жыл бұрынғы жағдайды алып қарасақ, ол кезде әлеуметтік проблемалар шаш-етектен болатын. Бүгінде олар біртіндеп оң шешімін тауып келеді. Инфрақұрылым да дамуда. Биыл бұл салаға 6,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Әсіресе жол сапасы жақсарып келе жатқаны баршаңызға белгілі. Қаланың келбеті де ашылып, тазалана түсуде. Бір жылда үшінші қала деген атқа лайық болу үшін ауқымды жұмыстар атқарылған. Оларға қала әкімі өз баяндамасында егжей-тегжейлі тоқталып өтті, – деп сөзін бастаған өңір басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға өзі жауап берді.

Айтпақшы, биыл Шымкентте 4 индустриялық орталық ашу көзделіп отыр. Оған жер телімі де бөлініп қойыпты. Одан бөлек кездесуде әуежай маңындағы сауда-логистикалық орталықтың құрылысы қарқынды жүріп жатқаны, бұл орталық халықты азық-түлікпен делдалсыз қамтамасыз етуге мақсатталғаны айтылды. Осылайша келелі мәселелер қаралып, ұсыныстар тыңдалған есепті кездесуде Шымкент қаласы әкімінің атқарған жұмыстарына халық та, облыс басшысы да оң бағасын берді.

06-005

Жанысбек Өтеген, қала тұрғыны:

– Биыл Қазақ хандығының – 550 жылдығы. Біздің қалада Абылай ханның есімімен аталатын көше, не ескерткіш жоқ. Айтулы датаға орай қала көшелеріне ел басқарған хандарымыздың есімі берілсе және біздің ұлт үшін Д.Қонаевтың алар орны ерекше. Сол себептен Димекеңнің ескерткішін көпшілік көп жүретін Орталық саябаққа ауыстыруды ұсынар едім.

Жауап:

– Көше атауын беру ономастикалық комиссияның шешімімен жүргізіледі. Өздеріңіз білесіздер бізде көшеге атау беруге мораторий жарияланғанымен, қала аумағының артуына байланысты қосылған елдімекендердегі көшелерге ат пен реттік нөмірлері берілді. Қазіргі таңда 320 көшеге жаңа атау беру және ескісін ауыстыру бойынша құжаттар дайындадық. Ал сіздің ұсынысыңызды қарап көрейік.

Д.Қонаев ескерткішіне қатысты айтқан ұсынысыңызды ескереміз.

Сұлтан Қасымов, Шымкент қаласы, «Тассай» елдімекенінің тұрғыны:

– Ұлы Жеңістің 69 жылдығында «Мәңгілік даңқ» деген атау-мен шеру ұйымдастырылғанын білеміз. Бұл шараның қолға алынғанына бәріміз қуандық. Шеру биыл да жалғасын таба ма?

Жауап:

– Жеңіс күніне орай республикалық, облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Қаржы да бөлінді. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің әрбіріне бір реттік көмек ретінде 1 млн теңгеден беріледі. «Мәңгілік даңқ» шеруі биыл да жалғасын табады.

Ляззат Қожагелдиева, Ұлағат» шағынауданының тұрғыны:

– Мен тұратын шағынаудан іргелес жатқан көшелердің атауы, нөмірі жоқ. Жедел жәрдем шақыратын болсақ, орталық көшеге шығып күтуге тура келеді. Сондай-ақ ауруханалар маңындағы автотұрақтар ақылы қызмет көрсетеді. Медицина мекемесі демалыс аймағы емес қой. Осы екі мәселені шешіп берсеңіз.

Жауап:

– Сіздің мәселеңізді шешуге болады. Реттік нөмір беру қиын шаруа емес. Сауалыңыз биыл шешімін табады. Ал ауруханадағы жағдайды шынымды айтсам енді естіп отырмын. Алдымен қай жерде тұрақ ақылы екенін анықтайық. Бұл сұрақ та жауапсыз қалмайды.

Дайындаған – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015