Күрдтердің 95% қазақша сөйлейді

Садық Надировтың отбасы 1962 жылы қазіргі Бәйдібек ауданындағы Боралдай ауылына көшіп келеді. Сонда мал шаруашылығымен айналысып, алты перзент тәрбиелейді. Ұрпақтары бүгінде Қазақстандағы күрдтердің бетке ұстарларына айналып, іргелі әулетке айналып, өсіп-өніп отыр.

05-010

Шығысынан батысына керіліп жатқан кең даланы көмкерген тарихтың текеметін сілкіп-сілкіп жібергенде, «Социализм зәуліміндегі» қаншама этностың осы бір байтақ мекенде пайда болу хроникасы сау ете қалады. Сол ұлттардың бірі – күрд халқы. Тарихшылар күрдтердің қазақ жерінде пайда болуын үш кезеңге бөледі.

Біріншісі, 1937 жылдың күзі. Осы мезгілде Әзірбайжан мен Армения жеріндегі күрдтерді Қазақстан аумағына депортациялады. Екіншісі, 1944-1950 жылдар аралығында Грузиядағы күрдтерді Орта Азия елдеріне қоныстандыру. Үшіншісі, бертінде 1989-1990 жылдары Таулы Қарабах соғысы кезінде қарулы қақтығыс аумағынан бас сауғалай қашқан күрд халқын қазақтың жеріне алып келді.

Азимбай Надиров, облыстық күрд этномәдени орталығының төрағасы:

– Облысымызда 8 мыңнан астам күрд бар. Шымкент қаласында мың адам шамасында болса, басым бөлігі Төлеби, Бәйдібек аудандарында, аз бөлігі Сайрам және Ордабасы аудандарында тұрады. Төрт ауданда да аудандық күрд этномәдени орталықтары ашылған. Ең бастысы күрдтердің 95%-ы тек қазақша сөйлейді. Ал жексенбілік мектептердің жұмысын қайта қолға алып жатырмыз. Негізі қалалы жердегі күрдтер құрылыс, медициналық қызмет көрсету, фармацевтика, сауда-саттық саласында бизнес жүргізеді. Көбісі дәрігер болып жұмыс істейді. Ал ауылды жердегі күрдтер мал және егін шаруашылығымен айналысады. 95 пайызы ірі қара, жылқы бордақыласа, онымен қоса бидай, мақсары да егеді. Күрдтер өздерінің еңбекқорлығы арқасында өз жағдайларын жасап, бақуат ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстаннан көшіп кету ойы жоқ. Біз жастарымыздың жұмыссыз жүрмеуін қадағалаймыз. Қазір бізде жұмыссыз жүрген адам жоқ. Өйткені, жұмыссыз, бос жүрген адам әрнәрсеге бір соқтығысып, жамандыққа ұрынады. Еңбек еткен адам басқа нәрсеге мән бермей, жұмысына барып келеді. Ұлтаралық қақтығыс деген жұмыссыздықтан, қолы бостықтан шығады.

Бірінші кезеңде Қазақстанға депортацияланған күрдтерді Алматы облысы аумағындағы Бақанас ауылдық округіне, Солтүстік Қазақстан облысындағы Буденное ауылына, Жамбыл облысындағы Талас ауданы (бұрынғы Қасқа-бұлақ ауылы) мен Шу өзенінің алқабына орналастырады. Олардың осы мекендерден басқа өңірлерге көшуіне тыйым салынады. Тек 1956 жылы бұл шектеу алынып тасталды. Осыдан кейін ғана барып, күрдтердің Қазақстанның басқа аймақтарына таралуы басталады.

Бүгінде елімізде тұрып жатқан күрдтердің саны 40 мыңнан асады. Елімізде олардың басын біріктірген «Барбанг» күрдтер қауымдастығы жұмыс істейді. Қауымдастықты академик Надир Надиров құрған. Ал, облысымыздағы күрд этномәдени орталығы 1994 жылы ашылды. Этномәдени орталықты Азимбай Надиров басқарады.

05-009

Надировтар әулеті күрдтер депортациясының бірінші легінде, яғни, 1937 жылы Жамбыл облысындағы қазіргі Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына әкелінген. Азимбай Надиров өз сөзінде әкесі Садықтың сол бір қиын кезде жергілікті қазақтардың жер ауып келген күрдтерге көп жәрдем бергені туралы: «Әкем әрдайым қазақтардың жақсылығын ұмытпауымызды айтатын. Бұрын аяқ баспаған, мүлдем жат жерге келгенімізде қазақтар қолында барларымен бөлісті. Үйінде бір сиыры бола тұра, соның айран-сүтін бізге беріп, аштықтан аман алып қалды. Қыстың қара суығында баспанасынан орын берді. Қазақстаннан кетпеңдер, қазақ жерінен артық жер таппайсыңдар» деп айтып отыратынын еске алды.

05-00805-011

Азимбай Надиров бүгінде коммуналдық қызмет ұсыну мен фармацевтика саласында өз кәсібін жүргізіп келеді. Ағалары Назим Надиров Оңтүстік өңіріне танымал уролог-дәрігер болса, Казим Надиров М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың профессоры, химия ғылымдарының докторы, мұнай-газ кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ал Абдулла Надиров мал шаруашылығымен айналысады. Інісі Рашид Надиров «Фармация» ЖШС директоры, Солтүстік Қазақстан облыстық күрд этномәдени орталығын басқарады.

Республика көлемінде күрдтердің ең көп шоғырланған жері – Алматы облысы. Онда 12 мыңнан астам күрд тұрады. Жамбыл облысы аумағында 6 мыңнан аса күрд бар.

Қазақстандағы күрдтердің біршамасы тоқырау жылдарында күнкөрістің қамымен Ресейдің Краснодар, Ставрополь өлкелері мен Волгаград, Тамбов облыстарына көшіп кеткен. Бірақ, соңғы уақытта олардың біразы Қазақстанға оралып жатыр.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015