Мылтықсыз майданның сарбазы

Шерім Медеуов

«Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс болмас еді». Хас батыр Бауыржан Момышұлы бұл сөзді бекер айтпаса керек. Тылда талмай еңбек етіп, жеңісті жақындатқандардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Шерім Медеуов.

Шерім Медеуов – 1936 жылы ОҚО, Арыс ауданы, Монтайтас ауылдық округі, Итарқа ауылында дүниеге келген. Балалық шағы сонау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген кейіпкеріміздің мына өмірде көрген қиындықтары да аз болған жоқ. Бірақ, сағы сынбады. Басына түскен ауыртпашылықтарға мойымай, қайыспай көтере білді.

Шерім Медеуов
Шерім Медеуов

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Өмірден көрген-түйгендері мол, көкірегі ояу кейіпкерімізге қарап отырып өне бойынан қарапайымдылықты, кішіпейілділік пен нағыз ер азаматқа тән өжеттілікті аңғардық. Қарияның есте сақтау қабілеті де мықты екен.

– Е, қарағым, уақыт өткен сайын түрлі тарихи оқиғалар ұрпақ санасынан көмескілене түседі. Бірақ тағдырымыз тарихтың таразысына түсіп, небір қиындықты бастан өткерген біз үшін оны ұмыту мүмкін емес. Бәрі де ап-анық есімде, – дейді ол еске алудың өзі аса ауыр болса да. – Әкем Медеу Отаров тумасынан басынан сөз асырмайтын, турашыл, қиындыққа мойымайтын азамат болатын. Ол темір жол бекетінде жұмыс істейтін. Анам Орынкүл Отарова еңбекқор, көпшіл, айналасына мейірім шуағын шашқан жан еді. Ол кісілер: «Байлықтың бір көзі еңбек пен қанағатта» деп жиі айтып отыратын. Сондықтан болса керек, ағам Әбдіқадыр жастайынан еңбекке араласып, ата-анамызға қолғабыс болды, – деп күрсінді жүзін әжім торласа да, жігері мұқалмаған Шерім ата.

Ақсақалдың айтуынша ағасы ес білгелі темір жол бекетінде жол нұсқаушысы болып істеген. Алайда он сегіз жасында әскер қатарына шақырылып сол жақтан 1942 жылы майдан даласына барады. Сол жылы әкесі Медеу де өз еркімен ұрысқа аттанған екен. Небәрі 6 жасында ағасы мен әкесін соғысқа аттандырып, анасына қолғабыс болып, еңбекке ерте араласқан қарт ардагер сол сұрапыл жылдарды былай деп еске алады: «Балалық шағым кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан да, қазіргі балалар секілді асыр салып ойнай да алмадым. Өзім қатарлы басқа балалар сияқты қым-қуыт тірліктің күйін күйттеп, қайнаған еңбекке ерте араластым. Небір қиыншылықтарды, аштықты да бастан кешірдім. Жұмыс күші жетіспей жатқан шақта мал басын аман сақтап қалу үшін оларға жем-шөп дайындап, қырмандағы жұмыстарға да жұмылдым. Шөп орып, мақта да тердім. Аттың үстінде отырып жер жыртуға да көмектестім. Күн демей, түн демей «бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен еңбек етсем де оқуымды бір сәтке ұмытқан жоқпын. Соның айғағы 1950 жылы 7-сыныпты «бестікке» бітіріп, Арыс қаласындағы интернат-пансионатқа тегін оқуға қабылдандым. 1953 жылы интернатты бітіріп, Ташкенттегі Орта Азиялық Политехникалық институтқа оқуға түсіп, 1958 жылы «Тау-кен инженері-электромеханигі» деген мамандық игеріп шықтым. Алған білімімнің арқасында 40 жыл бойы абыройлы қызмет етіп, бірнеше мың шәкірт тәрбиелеп шықтын», – дейді ол.

Жастайынан еңбекқор, зерек болып өскен Шерім қария алдына қойған мақсатына тынымсыз еңбегі мен білімге деген құштарлығының арқасында жеттім деп есептейді. Ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен кейіпкеріміздің еңбегі еленді де. Оған Шерім ақсақалдың төсінде жарқырап тұрған «ҰОС тұсындағы ерлік еңбегі үшін», «Тыл ардагері», «Жеңістің 60 жылдығы», «Жеңістің 65 жылдығы», «Батыр шапағаты», «Астананың 10 жылдығы», «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медальдары дәлел. Сондай-ақ, Шерім ата 2012 жылы ОҚО әкімінің «Құрмет грамотасына», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды. 2013 жылы Арыс қаласының «Құрметті азаматы», 2014 жылы Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» атанды.

06-020

Араласқан ортасына сыйлы, көпке сөзі өтімді Шерім атаның ғибратты өмірнамасы бәрімізге үлгі боларлықтай. Егер де адамгершілік қасиеттеріміз: мейірім, рақым, ізгілік, сабыр-төзім, кешірім және т.б. иманнан бастау алады десек, сол барлық адамгершілік қасиеттердің топтасып тоғысатын, қорытылып түйінделетін, көрінетін жері ол – парасаттылық. Ал жүрегіне иман ұялаған, парасаттылықты бойына жинаған жандардың бірі Шерім қария екені сөзсіз.

«Қарты бар елдің қазынасы бар». Ендеше, екінші дүниежүзілік соғыс пен бейбіт заманда да ел үшін қызмет етіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі боларлық осындай қызыналы қарияларымыз аман болсын деп тілейміз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015