105-тегі ардагер Қазығұртта тұрады

Облысымыздағы тыл ардагерлерінің бірі – Зебер Әліқұлқызы Байжанова. 105 жасты алқымдаған Зебер әже Қазығұрт ауданы, Ақбастау ауылында тұрады. Ғасырдан аса ғұмыр кешкен әженің хал-ахуалын біліп, өткен өмірімен танысу үшін шаңырағына барып қайтқан едік.

Зебер Әліқұлқызы Байжанова
Зебер Әліқұлқызы Байжанова

Зебер Әліқұлқызы 1910 жылы қазіргі Сынтас ауылында (бұрынғы Амангелді колхозы) дүниеге келген. Отбасында үш қыз, төрт бала болыпты. Зебер әже үйінің екіншісі болған. Анасы өмірден ерте өтіпті. «Сол себепті тағдырдың салмағы мойныма ерте түсті. Балдай жастық шағым тіртінектеп еңбек етумен өтті» – дейді. Сол еңбекқорлығының арқасында соғыс жылдары жанұясын асырапты. «Бауырларым, тек бауырларым» деп, тұрмыс құруды да кейінге шегерген. Күйеуге соғыс біткен соң ғана шығыпты. Ал әкесі қызы ұзатылғаннан кейін көп өтпей дүние салады. Қарт ана өткен күндеріне орала отырып, әкесінің перзентіне деген ерекше махаббаты туралы бір әңгіме айтып берді:

Сонау 1931-1932 жылдардағы ашаршылық кезінде бір туысқаны әкесіне Зебер қызды асырап алғысы келетінін айтады. Яғни, туысқаны көп балалардың біреуін алып, бауырының қиыншылығын аздап жеңілдеткісі келген көрінеді. Бірақ бұл ұсынысқа әкесі: «қызымды масақ терсем де, асыраймын» деп, бауырына қызын бермеген екен.

3-023

Зебер әже қазіргі Ақбастау ауылына (бұрынғы Ленин колхозы) тұрмысқа шыққаннан кейін де адал еңбекті жанына серік еткен. Жұбайы Қалшабекпен бірге қой бағыпты. Колхоздағы жұмысшыларға аспазшы да болған. Талай жыл балабақшада бала тәрбиелеген. Тіпті, қарауыл да болып жұмыс істеген. Қысқасы, нағыз бейнет көрген. Бұл күндері сол бейнетінің зейнетін көріп, екі бала, төрт қыздан – 57 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Ал жұбайы бұл күндерді көре алмай, отандасқандарынан кейін 15 жылдан соң қайтыс болып кеткен.

Зебер әженің соғыс жылдарындағы еңбегі ескеріліп, үкімет оны 2005 жылы «1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен марапаттаған. Ал қара шаңыраққа ие болып отырған ұлы Тұрдыбай Қалшабекұлы, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолынан «Облысқа еңбегі сіңген азамат» деген медаль алды.

Пернекүл НИЯЗБЕКОВА, немере келіні:

– Негізінде әжем көп сыр аша бермейтін жан. Тек «біз көрген күнді сендер көрмеңдер» деп, отырады. Сондай-ақ, «сендер дайын ұнды илеуге ерінесіңдер, ал біз айдаладан етегімізге бидай теріп келетінбіз» деп, бізге әркез назын айтып қалады (күліп).

Жалпы, Зебер ана басшылардың құрметінен кенде қалмаған жандардың бірі. Олар жыл сайын «Жеңіс» және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде келіп құттықтап кетеді екен. Әр келген сайын әртүрлі сыйлықтар әкелетін көрінеді. Соның бірі осы жылғы «Қарттар күні» сыйға келген жамылғыны, «жып-жылы, жұмсақ екен» деп, қарт ана жас балаша қуанып отыр.

Біздің бір байқағанымыз, Зебер әженің денсаулығы жақсы. Қимылы ширақ. Тысқа өзі емін-еркін шығады. Сөздері де орнықты. Алайда, көзі аздап сыр берген. Өткен күндеріндегі көп жайттарды жадынан шығарыпты. Бірақ соғыс жылдарындағы қиыншылықтар кешегі күндей есінде. «Біз санауды әжелеріміздің көйлегіндегі жыртықтарға қарап үйрендік. Сонау зұлмат кешкен жылдар қайтып келмесін. Биліктің биігіне шыққан азаматтарымызға ынсап берсін. Бейбіт күннің қадірін білейік!» – дейді, 105-ті алқымдаған ана.

Әділхан АБАЙҰЛЫ

«Оңтүстік Рабат», №3, 21.01.2015