Оқушылардың 35 пайызы сколиозға шалдыққан

Мектеп оқушыларының сөмкесінің салмағы белгіленген мөлшерден 2 есе артық. Қала мектептерін аралап көрген облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары осылай деп отыр. Айтуларынша, елімізде бекітілген санитарлық талаптар бойынша оқушылардың күнделікті мектепке көтеріп баратын кітаптарының жалпы салмағы (сөмкесінің салмағын қоспағанда) 1-3 сыныптар үшін 1,5-2 келі, 4-5 сыныптар үшін 2-2,5 келі, 6-7 сыныптар үшін 3-3,5 келі, 8-9 сыныптар үшін 4-4,5 келіден аспауы тиіс. Өйтпеген жағдайда артық жүк арқаға батып, бала денсаулығына кері əсерін тигізеді.

06-008

Расында, бүгінгі балалардың оқулықтарының салмағы жоғарыда көрсетілген сандармен сәйкес келмейді. Соның салдарынан оқушылар 2 келінің орнына 4 келі кітап көтеруге мәжбүр, – дейді департаменттегілер. Айтуларынша, портфельдің салмағы оқушы салмағының 1/10 бөлігіндей болуы тиіс. Яғни, бала 27 келі тартса, сəйкесінше мектеп дорбасы 2,7 келіден артық болмау керек. Ал төменгі сынып шəкірттерінің сөмкелері 1200 граммнан аспауы қажет. Алайда бұл талаптың сақтала бермейтіні белгілі. Сондықтан да болар, дәрігерлер арқадағы ауыр жүктің бала денсаулығына өзіндік зиян тұстары бар екенін айтудан шаршамайды. Шамадан ауыр сөмке ішкі ағзаларға, əсер етіп, нəтижесінде ағзаның дамуы бұзылады. Салдарынан бойдың өсуі, ой-өрісінің дұрыс жетілуі тежеледі, бала әлсіреп, шаршағыш келеді. Сондай-ақ, «арқадағы жүк» жүрекке де салмақ түсіреді. Мұның бəрі уақыт өте келе арқаны ауыртып, омыртқаның қисаюына, жүрістің бұзылуына, радикулитке әкеп соқтырады. Мәселен, 2014 жылғы медициналық тексеруден өткен қазақстандық оқушылардың 35 пайызында сколиоз, 24,9 пайызында майтабандылық, 23,1 пайызында омыртқа қисаюы байқалған.

06-010

Осы ретте мамандар бастауыш сынып оқушысына сөмке не портфель алып берудің қажетсіздігін айтады. Дұрысы, матадан тігілген рюкзакты қолдануға кеңес береді.

Динара Қоңысбаева, дәрігер-педиатр: 

– Баланың көтеретін сөмкесі оның дене салмағы мен бойына сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, балалардың жасына қарай қойылатын шектеу де жоқ емес. Шамадан тыс ауыр зат көтеру және оны ұзақ уақыт көтеріп жүру баланың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Баланың омыртқасы, омыртқааралық дискілері зақымданса, остеохондроз пайда болуы мүмкін. Ол баланың жүріс-тұрысын да бұзады, сколиозға (омыртқа қисаюы) да соқтыруы ықтимал. Жүйке жүйесіне де кері әсерін тигізеді, арқаның созылмалы ауруына шалдықтырады. Ал, омыртқа қызметінің өзгеріске ұшырауы балғын ағзаның дұрыс дамуына кері әсер етеді. Бұл бір күнде пайда болып, бір күнде емделетін ауру емес. Сондықтан балалардың ұстайтын сөмкесінің салмағына көңіл бөлген жөн.

Түйін:

Білім алу, іздену жолында көрген қиындықтың қайтымы бар. Дегенмен «өздерінен үлкен сөмке» арқалаған балалар екінші рет қайта берілмейтін алтыннан артық денсаулығын жоғалтып алмай ма? Көздегеніміз балақайлардың «жүгін» жеңілдету де емес. Тек олар сапалы білімге салауатты жолмен жетсе екен дейміз. Ал сіз балаңыздың көтеріп жүрген сөмкесінің салмағына мән бересіз бе, ата-ана?

Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015