Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері көп балалы отбасында дүниеге келген сәбиге автобесік сыйлады. Ішкі істер департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қолдауымен 5-ақпан күні Шымкент қаласындағы №4 облыстық перзентханада «Сәбидің өз өмірінде алғаш жол жүруі» атты іс-шара өтті. Басқарма басшылары акция аясында Бәйдібек ауданының тұрғыны, көп балалы анаға автобесікті сыйға тартты.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, шараның өткізудегі негізгі мақсат – сәби дүниеге келгеннен бастап автокөліктерде балаларды ұстап отыратын қауіпсіздік құралын міндетті түрде пайдалану қажеттігін түсіндіру.
Жаңа заңнамаларға сәйкес 2015 жылдың 7-қаңтарынан бастап 12 жасқа толмаған балаларды автобесіктер мен арнайы құрылғыларсыз көлікпен алып жүруге тыйым салынған.
Өткен жылдың өзінде балалардың қатысуымен 305 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 бала қаза болып, 333 бала түрлі жарақат алған. Ал ағымдағы жылдың қаңтар айында 3 бала қаза болып, 29-ы түрлі жарақат алды.
Іс-шара барысында полицейлер қоғам және БАҚ өкілдерімен бірлесіп, ата-аналар мен көлік жүргізушілеріне аталмыш жайт бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.