Шымкентте полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты шағым көбейген

43

Үшінші мегаполисте тұрғындар тарапынан полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты шағым көбейген. Олқылықтарды жою мақсатында қалалық сотта дөңгелек үстел өтті.

Жиында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезіндегі өзекті мәселелер» тақырыбында сөз қозғалды. Күн тәртібіндегі проблемалардың бірі – полиция қызметкерлерінің хаттама жасау кезінде жіберетін қателіктерді жою. Маңызды мәселені талқылауға патрульдік-күзетшілер, сот, прокуратура өкілдері және жергілікті полиция қызметінің бастығы қатысты.

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне қатысты арыз-шағым жиілеген. Жалпы құқық қорғау қызметкерлері хаттаманы қалай толтыру керек, олар қандай қателікті жиі жібереді және оны жою үшін не істеу керек? Сот және прокуратура өкілдері бұл сұрақтарға дөңгелек үстел барысында толық жауап берді. Жиында полиция қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жауап алды.

«Әр жүргізушіні тоқтатып, оған 744-бапты түсіндіргенде ол кісілер адвокат талап етеді. Алайда кезекші адвокаттар тәулігіне тек 2-3-і түседі. Ол жағын не істейміз?», – деді полиция қызметкері.

Бәйдібек Дүйсебеков, Шымкент қалалық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы: «Адвокат талап ететін адамдар санаулы – ол біріншіден. Дәл осы адвокаттар алқасымен жұмысты бір жолға қою керек. Екіншіден пәленбай қызметкерге адокат жетпейді немесе басқа да себеппен адамдардардың қорғалу құқығын бұзуға болмайды. Қандай себеп болса да».

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – әкімшілік-құқықтық жүйеде полиция қызметкерлерінің сауаттылығын арттыру. Сот өкілдерінің сөзінше, жыл басынан бері құқық қорғау орган қызметкерлерінің әрекетіне қарсы 140 шағым түскен. Олардың басым бөлігі – сот ісін жүргізу тілінің бұзылуына, хаттаманың дұрыс ресімделмеуіне және құқықбұзушының құқықтары мен міндеттерін уақытында түсіндірмеуіне байланысты келіп түскен. Айта кетейік, сот барлық шағымдарды Шымкент қаласының полиция департаментіне жолдап отырады.

Назира Аманқұлова, Шымкент қалалық сотының сот төрағасы: «Құқықбұзушының құқығына нұқсан келтірмеу үшін оған адвокатқа жүгінуге мүмкіндік беру керек. Бізде сауаты нашар, әкімшілік заңнаманың нормаларын білмейтін және іс сотқа өткен кезде ғана адвокатқа жүгінетін адамдар бар. Сондай-ақ, материалдарды қарау кезінде инспекторлар жиі бұзушылықтарға жол беретінін де атап өткім келеді».

Жиынға ЖПҚ-ның патрульдік-бекеттік полициясы, сот және прокуратура өкілдері, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің бастығы қатысты. Сот өкілдері іс-шараны тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.

Гүлдана Дәурен