«Шаншарға» — 20 жыл

Әзіл әлемінде өзіндік орны бар, көпшіліктің көзайымына айналған «Шаншар» әзіл-сықақ театрына биыл – 20 жыл.

05-002

Бүгінде ұжым осы айтулы датаны атап өту үшін дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Театр әртістері көптен күткен мерейтойды тойлауды жерлестерімен бірге бастайтын болды. Бұл туралы театр директоры Уәлибек Әбдірайымов тікелей эфирде өткен бағдарлама кезінде айтты. Көрермен қауым телефон арқылы сүйікті әртісіне сауалдарын жолдап, алдағы жоспарларынан хабардар болды.

Директор әзірге мерейтойды атап өтуге арналған бағдарламаны ашып айтпады. Бір белгілісі, бұл қойылым өзгелерден ерекше болмақ. Сонымен қатар театр әртістері мерекелік бағдарламамен ел аралауды жоспарлап отыр екен. Шымкенттегі әзіл кеші 24 ақпан күні Халықтар Достығы үйінде өтеді.

05-001

Айтпақшы, 20 жылда театр құрамы бірнеше рет өзгерді. 51 әртіс ұжыммен қоштасып, бүгінде олардың он шақтысы өнерлерін шыңдап, көрермен қошеметіне бөленіп жүр. Тікелей эфирде өткен бағдарламада көрермендер тарапынан экс-әртістерге қатысты сұрақтар да қойылды. Оларға жауап берген театр жетекшісі: «Жақсылық жасадым деп айтпау керек. Рахмет айтатын адам, өзі-ақ айтады. Егер ол пенде ақшаға құмар болса, оны түзеу мүмкін емес. Тіпті намазға жығылып жатып та қанағатшылдықты білмейтіндер жүр арамызда. Алла бұйыртса, 20 жылдық кешімізде кімнің кім екенін көрермен өзі-ақ көреді. Бізде өнер көрсеткен әртістер шақырылады. Бірақ солардың арасынан «келе алмай қалатындары» міндетті түрде табылады. Ерекше атап өтерім, түлеп ұшқан ұяны ұмыту дұрыс емес»,- деп жауап берді. Одан өзге ұжым директоры республика бойынша алғаш рет мемлекеттік сатира театрының ашылуына демеу көрсеткен облыс әкімдігіне алғысын жеткізді.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015