Жәнiбек хан

05-005Жәнібек хан Барақ ханұлы (туған жылы белгісіз) – XV ғасырда өмір сүрген қазақ хандығының негізін қалаушы. Шын есімі – Әбусағит. Сақталып қалған халық аңыздарында оны Әз Жәнібек деп те атайды. Жәнібек ханның 1450 жылға дейінгі өмірі, Дешті Қыпшаққа оралғаннан кейін жүргізген билігі, өмірінің соңғы жылдары мен өлімі туралы нақты деректер жоқ. Оның есімі тарих сахнасында соңғы рет 1473 жылы кездеседі.

Осы орайда айта кету керек, белгілі тарихшы, ОҚМПИ-нің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтайдың айтуынша Жәнібек ханның Керей ханмен жас аралығы 10-15 жыл болуы мүмкін.

– Ақ Орданың ханы Ұрыс ханның 20-ға жуық шөберелерінің есімі шежірелерде сақталған. Орыс тарихшысы, шығыстанушы ғалым В.В.Вельяминов-Зернов Ораз Мұхаммед ханның шығу тегі мен ата-бабаларын анықтау барысында көптеген мұсылман деректерінің мәліметтерін ғылыми айналымға енгізе келе, Жәнібекті Кереймен бірге Қазақ хандығының алғашқы 80 жылдық тарихындағы ірі тұлғалар деп жазады. XVI ғасырдағы мұсылман деректерінде Жәнібек есімді хан да, сұлтан да көптеп кездеседі екен. Мұны анықтау үшін тарихшылар тарихи деректерді әлі де талдауда. Оған шежірелерден нақты жауап табуға болады. Атап көрсетсек, «Муизз ал-ансаб» шежіре-дастанында: «Әбу сайд деген есім – Барақ ханның үш ұлының үлкені» – деп көрсетілген. Соған қарағанда, «Жәнібек хан» деген лақап есім оған ресми түрде хандықты иеленгеннен кейін берілуі мүмкін. Ал XVI ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған «Тарих-и гузида-йи нусрат намеде»: «Әбу Сайд –Барақ ханның үш ұлының кішісі» – деп беріліпті. Онда Әбу Сайдтың лақап есімі – Жәнібек хан екендігі қоса айтылады. Әбілғазы Баһадүр ханның шежіресінде де дәл осындай. XVII ғасырдың алғашқы жылдары жазылған Қадырғали Жалайри еңбегінде «кіші Жәнібек» деп аталады. Жәнібек ханның қашан өмірден өткендігі және қайда жерленгендігі бізге әлі белгісіз болып отыр, – дейді Бахадыр Айтай.

Тарихи мағлұматтарда Жәнібек хан 1474-1480 жылдар аралығында билік құрған деп есептелінеді. Жәнібек ханнан кейін таққа Керей ханның баласы Бұрындық хан отырады. Ол 30 жылдан астам уақыт өз билігін жүргізеді. Содан соң ел тізгінін Жәнібек ханның ұлы Қасым хан өз қолына алады. Осыдан кейін ел басқару толықтай Жәнібек ханның ұрпақтарына өтеді.

Әділхан АБАЙҰЛЫ

«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015