Жетпіс жыл уақыт бұрын талай жауынгер кеудесін оққа тосып, бейбіт таңы үшін жанталасты, күресті. Жауды жықты. Зұлмат жылдар талай аптал азаматтың өмірін қиды, талай ана жесір атанып, талай перзент жетім қалды. Бақытты балалықтан айырылды. Сол жеткіншектердің қатарында келесі біздің кейіпкеріміз де болды. Бүгінде тыл ардагері 80 жасқа толып, көппен бірге мерейтойын атап өтуде.
Абай атындағы мектеп ұжымының ұлғатты ұстазға деген құрметін бірден байқуаға болады. Әбдіқайым қария мұнда 40 жылға жуық оқушыларға білім берген. Мереке кейіпкерін осылай қуана қарсы алған топ гүл шоқтарын табыстап, ақ тілектерін жаудырып жатыр.
Ұжым тыл ардагеріне төрден орын берді. 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына ақ шапан жапты. Айтулы тойға ардагердің туған-туысы, үзеңгілес достары, шәкірттері жиналған.
Жақсылық Маханбетов, Ә.Ысқақтың әріптесі: «Ұжымда әртүрлі мінезді адам болды. Әбдіқайым басшылық еткенде әрбір педагогпен жеке-жеке сөйлесіп, олардың бойындағы кемшіліктерді түзейтін. Ешқашан дауыс көтеріп, ешкімнің намысына тиген емес, қайта қолынан келгенше көмек қолын созатын. Қарапайым директор болды, әрдайым тың бастамаларды қолға алып жүруші еді. Соның нәтижесінде біздің мектепте алдыңғы саптан орын алған».
Бүгінде көптің құрметіне бөленген Әбдіқайым Ысқақ жасынан қара жұмысқа жегілді. Таңның атысы мен күннің батасына қарамай тылда еңбек етті. Әкесі майданға кеткен жылдары қаралы хабардың келмеуін Құдайдан тілейтін. Оның тілегі қабыл болды. Кеңес әскері жауды жеңді. Соғыс жылдары аяқталысымен жас Әбдіқайым ұстаздық жолды таңдады, шәкірт тәрбиелеп, мектеп басқарды. Бірақ ардагердің жүрегінде әлі де сол зұлмат жылдар уақиғасы өшпей келеді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=oO47_8oCbws[/youtube]
Әбдіқайым Ысқақ, тыл ардагері: «1943 жылы әкем майданда кезде анам қайтыс болды. Сол қиындықты ешқашан ұмыта алмаймын. Өзімнің бастан өткерген ауыр жағдайды ешкімнің басына бермесін. Осылайша мен нағашыларымның қолында өстім. Мақта тердік, арық тазалайтын қондырғыларды өгізге жегіп, жұмыс жасадық. Шаршасақ та, қарнымыз аш болса да ауыр жұмыстарды атқаратынбыз. Бірақ, жастығымның қиындыққа толы болып өткеніне ешқашан өкінген емеспін. Себебі қазір жастар және менің балаларым бақытты!»
Ерлік еленді. Ардагерді жұрты ардақтап, оның атқарған еңбектерімен мақтанады. Мерекелік кеште мектеп оқушылары Әбідқайым қарияға арнау өлеңдерін оқыды. Құрмет көрсетті. Айта кетейік, бүгінде ардагер 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, 32 немере , 8 шөбере сүйіп отырған ардақты ата.