Көктем мезгілінің ортасында Қазақстан Республикасы азаматтарын әскерге шақыру басталады. Жыл сайын сәуір-мамыр айларына тура келетін бұл науқан кезінде мыңдаған азаматтар әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Өткен жылдың көктемінде 11 мың азаматты әскер қатарына алынған еді.
Әр жылдың көктем және күз айларында өткізілетін әскерге шақыру кезінде әскерге алынатын жас азаматтар тарапынан қалыс қалу әрекеттері де кездесіп жатады. Әскери қызметтен жалтару әрекетіне байланысты 2014 жылдың 3 шілдесінде № 226-V кодексімен қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде арнайы аттас бап бар. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Қылмыстық кодекстің 326-бабы бойынша мынадай жаза белгіленген:
326-бап. Әскери қызметтен жалтару
1. Осы қызметтен босату үшiн заңды негiздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару – екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекет:
а) өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы;
б) ауруды сылтаурату жолымен;
в) құжаттарды бұрмалау немесе өзге де алдау арқылы жасалса – бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Егер әскерге шақырылушы тергеу органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Жәнібек Нұрыш
«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015