Талай жұртқа талбесік болған қазақ даласындағы ұзын саны миллионнан асып, үшінші мыңжылдықта күрт азайған этностардың бірі – неміс халқы.
Жүргізілген халық санақтарына сенсек, ел аумағындағы немістердің саны 1897 жылы 2 600 шамасында тіркелсе, 1989 жылы миллион адамға жетеғабыл болған. Ал 2009 жылға қарай бұл сан екі жүз мың адамға да жетпей қалды.
Жоғарыда келтірілген дерекке қарап, немістердің қазақ жеріне келуі сонау XIX ғасырда басталғанын көреміз. Мұның себебі Ресей империясының патшайымы II Екатеринаның манифестімен тығыз байланысты.
XVIII ғасырдың орта тұсында Ресей империясының патшайымы II Екатерина өз үндеулерінде Еуропаның тұрғындарын империя аумағына қоныстануға шақырған-ды. Бұл шақыртуларға ыңғай білдіріп, Еділ бойына көшкен еуропалықтардың басым бөлігін немістер құрады. Еділ өзенінің құнарлы жерлерін жайлаған халық сонда өсіп-өніп, жан-жаққа таралды. Арада ғасыр өткенде 1880 жылдары Столыпин реформасының нәтижесінде Еділ бойы, Украина, Әзірбайжан және Ленинград облысындағы неміс елдімекендері Қазақстанның солтүстігіне көшірілді.
Империя аумағындағы ішкі миграция мен күштеп қоныс аударулардың есебінен сар даладағы немістер санының артуы 1941 жылға дейін ақырындап жүрді.
Сталиннің үкімімен 1941 жылдың 28-тамызында Еділ бойы немістерінің Автономды Кеңестік Социалистік Республикасының «өмір сүруі» тоқтатылды. Ондағы халықты тыңшылық әрекеттер жасады деп айыптады. 1918 жылы құрылған автономиялық республика әп-сәтте жойылып, басым бөлігін немістер құрайтын халықтарды Қазақ КСР, Алтай мен Сібірге депортациялады. Нәтижесінде, Қазақстандағы немістер саны бір тәулік ішінде 600 мыңнан бір-ақ асты.
Мінеки, немістердің Қазақстан Республикасы аумағындағы пайда болуын тарих осылай түсіндіреді.
Елімізде Қазақстан немістері қоғамдық бірлестіктерінің Ассоциациясы жұмыс істейді. 1989 жылы құрылған ұйымның әр облыста «Возрождение» неміс мәдени орталықтары бар.
Иосиф Бахман, Облыстық «Возрождение» неміс мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Оңтүстікте 45 мың неміс бар еді. Қазір бар-жоғы – 2 500. Облыстық орталықтан бөлек, тағы төрт ауданда филиалымыз бар. Біздегі немістер ұлттық ән-билерін сақтап қалған. Ұлттық киімдерін киіп, би билеп, ән салады. Ал, Германияда бұл сақталмаған. Қайбір жылы Германиядан музыкалық ансамбль келді. Олар біздің неміс ұлттық ән-билерін шебер орындағанымызды көріп, таң қалды.
Орталықтың барлық мүшесі айына бір рет демалыс күндердің бірінде бас қосып, алда өткізілетін мәдени іс-шараларды талқыға салады, хал-жағдайларын біліп, әңгіме-дүкен құрады. Аптаның жұмыс күндері орталық қызметкерлері әртүрлі гуманитарлық және қайырымдылық жобаларды орындаумен айналысады. Неміс тілін үйрету сыныптары ашылған. Мұнда неміс тілі келушілерге тегін үйретіледі. Тіл үйрететін ұстаздардың еңбекақысы гуманитарлық жобаларға бөлінген қаржысы есебінен төленеді.
Гуманитарлық-қайырымдылық жобалар демекші, «Возрождение» неміс орталығы қоғамдық бірлестігінің осы бағыттағы жобалары Германия тарапынан қаржыландырылады.
Әр аптаның жексенбі күні сағат 10:00-де жексенбілік мектеп өткізіледі. Қазақ тілі және неміс тілі үйретіледі. Музыка, би сабақтары да оқытылады. Жексенбілік мектепте оқуға келетін неміс балалары қазақ тілін үйренуге құштар.
Бірлестіктің әлеуметтік бөлімінің жұмысы ауқымды. Мұнда репрессияланған неміс қарттарына материалдық көмек көрсетіледі. Қайырымдылық көмек бойынша жұмыстарға Лариса Анатольевна Бахман координаторлық етеді. Үйлестірушінің сөзінше, соғыс жылдары еңбек армиясының сапында болған азаматтардың денсаулық күтіміне деп дәрі-дәрмек, азық-түлік тегін беріледі.
Германиядағы Гете институтының қолдауымен, неміс тілін ақылы үйрету курстары ашылған. Сыныптар жасақталған. Тіл мамандары Германиядан шақыртылған.
Этнобірлестіктің есігі барлық ұлт өкілдеріне ашық. Неміс тілі мен мәдениетін үйренуге құлшыныс танытқандардың қатарында қазақтар, кәрістер мен орыстар көп.
Республика аумағындағы немістердің саны жөнінен Қарағанды, Павлодар облысы мен Көкшетау көш бастап тұр. Әрқайсысында 30-40 мың шамасында неміс тұрады. Басым бөлігі жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал, біздің облыстағы немістердің дені егде кісілер. Зейнет жасындағылар. Кәсіпкерлікпен айналысатындары некен-саяқ.
II Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Германия тарапынан шетелдердегі немістерді елге шақыру басталды. КСРО құлағанға дейін осындағы қандастарын тарихи отанына қайтару жария емес түрде жүргізілді. Одақ ыдырағаннан кейін бұл процесс қарқын алды. Германия шеттегі қандастарының елге оралуы үшін жол шығынын толықтай көтеріп, баспана алу, жұмысқа орналасуда жеңілдіктер жасады. Әр жылы түрлі тұрмыстық қажеттіліктерге әлеуметтік жәрдемақы берді. Мұның барлығы шеттегі немістердің өз тарихи отандарына оралуын тездетті.
Нәтижесінде 1989-1999 жылдар аралығында, небәрі 10 жыл ішінде Қазақстан аумағындағы немістердің саны 950 мыңнан 350 мыңға дейін қысқарды.
Тәуелсіздік жылдары Германияға көшкен немістердің арасынан Қазақстанға оралудың үш жағдайы кездесіпті.
Біріншісінде, Састөбеден көшкен жас неміс отбасы Германия-да 3-4 жыл тұрады. Баласының денсаулығына Еуропадағы ылғалды ауа климаты жақпайды. Баланың денсаулық жағдайы үшін кері оралды. Екіншісінде, Мақтарал ауданының бір ауылында тұрып жатқан қарт отбасыны ертеректе көшіп кеткен балалары өздеріне алдыртады. Қазақ ауылында темір ұсталығымен айналысқан қария Германияға барып, ондағы тірлікке үйренісе алмайды. Алты ай тұрғаннан кейін кемпірі екеуі Қазақстанға қайтады. Кетерінде ауылдағы үйін сата алмай, көршісіне сеніп тапсырған екен. Кері оралып, бүгінде сонда ғұмыр кешіп жатыр. Үшіншісінде, Төлеби ауданының орталығы Ленгірде тұрған отбасы ілгеріде Германияға көшеді. Ол жаққа барып, еңбектеніп, ақшалай қор жинап, қайта оралып, осында өз бизнестерін ашқан.
Қазақстандағы немістердің Германияға көшіп кетуі әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Осы себепті де Германияға қоныс аудармақшы болғандардың мәселесімен де айналысу жолға қойылған. Тарихи отанына оралушылардың дені – жастар. Өткен жылдың қыркүйек айында көшкендердің саны жиілеген.
Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015