«Біз — Жеңістің мұрагеріміз» эстафетасы Шымкентке жетті

445

«Біз — Жеңістің мұрагеріміз!» Шымкенттегі «Даңқ» аллеясында 65/06 әскери бөлімінің қызметкерлері осындай әскери эстафетаны салтанатты түрде қабыл алды. Қызылордалық 55/47 әскери жасағы шаһарымызға № 72 гвардиялық атқыштар дивизиясының атақты жауынгерлік туының көшірмесін жеткізді.

Қажымұхан Қалиев, 65/06 әскери бөлімінің лейтенанты: «Біздің ағаларымыз, аталарымыз осы жауынгерлік тудың астында жеңіске жеткен! Біз үшін бұл жауынгерлік туды алу — үлкен мәртебе! Бұл бастама біздің бөлім, яғни, офицерлер мен сарбаздардың  жауынгерлік рухын, патриоттық сезімімізді арттырады!»

 

7029

Әскери маңызға ие шараға 65/06 әскери бөлімінің жасағынан бөлек, қала билігінің өкілдері мен мектеп оқушылары және ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Олар «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті. Енді біздің өңір эстафета шарты бойынша маңызды іс-шаралар атқаруы тиіс.

Мәжит Жүсіпбаев, 65/06 әскери бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник: «Осы туды қабылдап алғаннан кейін қаламыздағы әскери бөлімдер мен мектептерді аралап, батыр жауынгерлердің ерлігін насихаттаймыз, оны дәріптейміз, батырлар жайында көптеген аңыз-әңгімелерді айтамыз. Сұрапыл жылдардың қиын қыстау кезеңдерін түсіндіреміз.»

7030

Еске салайық, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне орай 3 ақпан күні Астана қаласында «Біз — Жеңістің мұрагерлеріміз!» деген ұранмен әскери-патриоттық эстафета бастау алды. Әскери шерудің ақпан айында қолға алынуының да өзіндік тарихи маңызы бар. 1943 жылдың ақпанында Сталинград түбіндегі шайқас жеңіспен аяқталған. Қаланы жаудан азат етуге Ақмола облысында құрылған № 29 атқыштар дивизиясы қатысты. Сондағы жауынгерлердің ерлігі ескеріліп, бұл дивизиға №72 гвардиялық дивизия мәртебесі берілген.

Демьян Саулин, ҰОС ардагері: «Гвардиялық ту — ол киелі, Отанның, тәуелсіздіктің символы. Соғыс жылдарында қай жерде осы туымызды алып жүрсек, жау бізге қарсы келе алмайтын, жолымызды кесе алмайтын. Ұлы Отан соғысында жеңіске жету оңайға түскен жоқ, қаншама қайсар жауынгердің қаны төгілді. Осы тумен қатарлас жауынгерлер Берлинге дейін барып, жеңіске жетті!»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NTBaZGmQJqk[/youtube]

№ 72 гвардиялық атқыштар дивизиясының атақты жауынгерлік туы енді 15 сәуірге дейін біздің өңірде аялдайды. Ал акцияның өзі 5 мамыр күні аяқталмақ. 92 күннің ішінде жәдігер 10 мыңнан астам шақырымды артқа тастап, Қазақстанның 25 қаласында болады. Ал 9 мамыр күні қызыл туды Астанада өтетін Жеңіс шеруінде алып жүреді деп жоспарланған.