Абайдың өлеңдерін оқыған тілші Ғабидолла Әбдірахымовқа эстафетаны жалғастыруға ұсыныс жолдады

528

«Абайды әлемге танытуда, бір институттың қаншама жылдан бері істей алмай жүрген жұмысын істеп жүр Димаш!». Бұл белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының сөзі. Ләйлім Шырақ есімді бүлдіршіннің Хакім Абайдың өлеңдерін оқу эстафетасын жалғастырған ел президенті әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді. Бұдан кейін челлендж жалғасын тауып, Ресейге де жетті. Көрші елге қалай жетті, кім оқыды?

9 жасар Ләйлім Рысқалидың осы бастамасы Абай Құнанбаевты әлеуметтік желіде танытуға түрткі болды. Ата-анасының қарсылығына қарамастан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа челлендж жолдаған. Бұл бастаманы зор ықыласпен қабылдаған Тоқаев, арнайы уақыт тауып, ұлы ақынның өлеңін оқыды. Құр оқып қойған жоқ, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға, талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.

«Болмасаң да ұқсап бақ». Ұлы Абай осылай деген. Ал, эстафета жолданғаннан кейін көп өтпей-ақ, «Ң» әріпіне тілі келмесе де, барын салып, еліміздің бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов челленджді жалғастырды және өзге де білім саласының қызметкерлеріне жолдады.

Ал әлемді аузына қаратқан әнші Димаш Құдайберген де бұл бастамадан шет қалмады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан эстафетаны қабылдап, Ресейлік композитор Игорь Крутойға Абай өлеңдерін оқуға септігін тигізді. Осылайша кішкентай қыздың челленджі шет елден бірақ шықты.

Тілшілер қауымына бұл эстафетаны ешкім жолдамаса да мен де қызығып, қатысуға бел будым.
«Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі—ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бiр қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!».

Бұл эстафетаны мен өзге де тілшілер қауымына және Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовқа жолдаймын.

Ғалымжан Кенжебек