ОҚПК-дан білім грантын ұтып алыңыз!

Пән олимпиадасының жеңімпаздары оқу орнына тегін немесе жеңілдікпен түсуге мүмкіндік алады. Мұндай мүмкіндікті Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің ұжымы ұсынып отыр.

Бұл оқу ордасында жыл сайын өтетін үш тілді пән олимпиадасы биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. «Тіл-дарын 2015» білім сайысының алғашқы турында 150-ге жуық оқушы қатысып, осы тақырыпты шығарма жазған. Ал үздік шығарма жазып, ерекшеленген оқушылар сайыстың екінші турында тест тапсырды.

Бағын сынап, 9 сыныптан кейін колледжге жеңілдікпен түсуге ниеттілердің ішінде №86 мектептің оқушысы Ернұр Бекмұрат та бар. Ол бүгін толық дайындықпен келіпті. Қазіқ тілі пәнінің мұғалімі болсам дейді. Ең бастысы — пән олимпиадасының жеңімпазы атанып, білім ордасына жеңілдікпен оқуға түсу.

Осындай үкілі үмітпен келген 110 оқушы қазақ, орыс және ағылшын тілінен 30 тест сұрағына жауап беруі тиіс. Берілген уақытта тапсырманы мінсіз орындап әрі үздік шығарма жұмысын жазған олимпиада жеңімпазы ғана 100, 50, 30 пайыз жеңілдікпен оқу ордасына түсе алады.

Олимпиадаға қатысушыларға берілген екі сағат уақыт да аяқталып, тест сұрақтарының қорытындысы да дайын болды. Білім сайысының нәтижесі бойынша бірінші орынды Мұрат Жомарт, екінші орынды Пернебай Асылай, ал үшінші орынды Афелья Сардарова иеленді. Ал үздік білім иегерлеріне 2015-2019 жылғы оқу гранттарының сертификаттары табысталды.