Шымкентте пара алды деген күдікпен Оңтүстік Қазақстан облыстық білім саласын бақылау департаментінің жетекшісі ұсталды. Ол өз кабинетінде 870 мың теңгені алу барысында қолға түскен. Осыған орай Әл Фараби аудандық соты күдіктіні тергеу барысында қамауда ұстау туралы санкция берді. Облыстық сот бұл үкімді өз күшінде қалдырып отыр.
«Облыстық соттың апелляциялық алқасының 2015 жылдың 6 наурызындағы қаулысымен департамент жетекшісін қамауға алу шарасы өзгеріссіз қалдырылып, жеке адвокаттың шағымы қанағаттандырылған жоқ» деп мәлімдеді облыстық соттың судьясы Наурызбай Әуезов.
Ал осы арада Сарыағаш аудандық сотының үкімімен Сарыағаштағы балалар шипажайының бас бухгалтері қамауға алынды. 1964 жылы туған күдікті азаматша 2008 жылдан бері «Сарыағаш» шипажайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесінің бас бухгалтері болып жұмыс істеп жүрген кезінде аса ірі көлемде мемлекет қазынасын қымқырған деп айыпталып отыр.
Бас есепші өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, бірнеше рет есеп құжаттары аса ірі көлемдегі жоқ шығындарды енгізу арқылы 15 миллион теңгеге жуық қаржыны өзінің банктегі есеп-шотына аударып келген деген мәлімет бар. Қазір тергеу жалғасуда.