Төтенше жағдай департаментінің мамандары соғыс ардагерін құттықтады

258

2015 жылдың ақпан айында Василий Афанасьевич Мухачев 93 жасқа толды. Жасына қарамай қимылы шапшаң, ойлары зерек. Таяқ сүйеніп жүрсе де түрлі-іс-шараларға қатысып, серуендеуді ұнатады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Василий Афанасьевич те қан майданда жаумен айқасты. Сталинградты азат ету ұрысына қатысып, Мәскеу түбіндегі шайқаста да неміс әскерімен бетпе-бет келген. Ол үшін Ұлы Отан соғысы 6 жылға созылып, 1946 жылдың желтоқсан айында ғана елге оралады.

010

Қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдарын көзіне жас ала еске алады: «Сталинград түбіндегі айқаста беті мұз боп қатқан Волга өзенінің арғы жағасына оқ-дәрі тиелген жүк көліктерін өткізуіміз керек болатын. Алайда, жау атқыштары мұздың үстімен қозғалып келе жатқан нысанды атқылап, бірінші жүк көлігінің ішіндегі барлық жауынгер сол жерде мерт болды. Бірақ қалай болғанда да Волга өзененінің арғы жағасына оқ-дәріні жеткізу міндеті тұрғандықтан, көліктерді жүргізушісіз жіберу шешімі қабылданды. Көліктің рулін мықтап бекітіп, газ педалін тіреп қоя бердік те, ол қарсы беттің жағалауына соқтығысып тоқтады. Осылайша бірнеше жүк көлігін қарсы беттегі жағалауға өткізіп, қойылған міндетті орындадық» дейді В. Мухачев.

Елге оралғасын ол Шымкент қаласында өртке қарсы қызметінде жұмыс істеді. Майор шеніне дейін көтеріліп, зейнетке шықты. Бір қыз, екі ұл тәрбиелеп, немере өсірді. Ұл-қыздарының барлығына саналы тәрбие мен білім беріп, азамат қатарына қосты.

012

Майдангердің 93 жасқа толуына орай Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бір топ қызметкерлері мен ТЖД ардагерлер кеңесінің төрағасы В. Витков ардагерді арнайы барып құттықтады.

011

Ізгі тілектерін білдіріп, сый-сияпат ұсынды. Жеңіс күнін жақындатып, бүгінгі ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне елеулі үлес қосқаны үшін майдангер ақсақалға шын жүректен алғыстарын білдірді.

Дереккөз: ОҚО ТЖД баспасөз қызметі