Енді сотталушыларға тағайындалған жаза жеңілдетіледі. Бұл жөнінде қылмыстық кодекстегі өзгерістермен таныстырған Еңбекші аудандық сотының судьялары мәлімдеді. Айтуларынша, жаңа қылмыстық кодекс бойынша ұрлық сынды қылмыстарға заңның кері күші қолданылады.
Осылай іс қайта қаралып, үкім мейлінше жұмсартылып жатыр. Яғни тағайындалған мерзім қысқартылады немесе қатаң режимнен жалпы режимге ауыстырылады. Тіпті қылмыстық жауаптылықтан мүлдем алынып тасталған жағдайлар кездесіпті. Қазіргі уақытта сот шешімін қайта қарау тергеу судьяларына жүктелген. Енді ғана, анығырақ айтсақ жыл басынан бері судьялар сапына енген тергеу судьяларының бүгінде құзыреті де белгілі болды.
Қамшыбек Анарбаев, Еңбекші аудандық сотының судьясы: «Олар күдіктіні үй қамауына, уақытша лауазымынан шеттетуге, жақындауға тыйым салады. Мүлікке тыйым салу санкциялары және күзетпен ұстау, экстрадиция мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, күзетпен ұстауды қамтамасыз ету, адамды сот медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру — барлығы тергеу судьяларының құзыретіне кіріп отыр.»
Жұмысқа енді ғана кіріскен тергеу судьялары өз өкілеттігін пайдалана отырып, жыл басынан бері 365 істі қайта қараған. Оның жүзіне тиісті шаралар көріп үлгеріпті. Айта кетейік, облыс бойынша қазіргі уақытта 17 тергеу судьясы қызмет етеді.