«Сыра королінің» туыстары жалақысын даулап жүр

279

«Шымкент Сыра» зауытының бұрынғы қожайыны Тоқтар Төлешовтың отбасы жалақысын даулап жүр.

Сот деректеріне сүйенсек, «Дархан Group» серіктестігінен еңбек ақысын талап еткендер – қамауда отырған Төлешовтың төрт жұбайы мен екі қызы. Сыра зауыты оларға ең азы -13 млн мен 27 млн теңге аралығында берешек екен.

Отбасының алты мүшесі жалақы өндіру туралы арызбен Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотқа өткен желтоқсан айында сенімді өкілдері арқылы жүгініпті. Соттың дерегінше, жалақы қарыздар бір жылдан астам уақыттың еңбекақысы екен. «Дархан Group» серіктестігінің бұл азаматшаларға жалақы қарызы барын еңбек инспекциясы растаған. Алайда, бір өндіріске біріктірілген азаматтық істі сот былтырғы қаңтар айындағы заңдағы өзгерістерге сәйкес қараусыз қалдырған.

Қайрат Ізбасаров

Қайрат Ізбасаров, Еңбекші аудандық сотының судьясы:»Істің мән-жайы бойынша бұл жалақы мекемемен есептелген, бірақ жалақы алушыға аударылмаған. Ол жағдайда ол даусыз талап деп есептеледі. Нотариаттық жазба негізінде орындалуы тиіс. Арыз берушілерге соттың тарапынан осы арызымен жергілікті нотариустарға тиісті нотариаттық жазба жүргізу тәртібімен өндіру үшін жүгінуге құқығы бар екендігі түсіндірілді».

Еске салайық, Шымкенттегі сыра зауытының бұрынғы қожайыны Тоқтар Төлешов елде төңкеріс жасамақ болды деп 21 жылға сотталған. Бұдан бөлек, ол қарамағындағы және салық органындағы бірнеше қызметкермен алдын ала ымыраласа отырып мемлекетке миллиардтаған теңге шығын келтіргені үшін де сотқа тартылған болатын.

Мөлдір Бекеева