«Қарттар үйіне ет керек емес»

Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры - Мақсұтхан Дүйсебеков

Шымкент қаласында орналасқан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры Мақсұтхан Дүйсебеков осылай дейді.

Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры - Мақсұтхан Дүйсебеков
Облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемесінің директоры — Мақсұтхан Дүйсебеков

«Отырар» телеарнасының «Жаңа күн» бағдарламасына қонақ болып келген Мақсұтхан Дүйсебеков ағамызбен тікелей эфирде жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

-Мақсұтхан аға, қарттар үйіне қазақтың қариялары әлі де көп келе ме?

— Әр кезде әр түрлі. Кейде бір айда 10 адам келеді өтінішпен. Кейде бір айда бір екі адам ғана келетін де жағдайлар болып тұрады. Бұл, жалпы, қуанышты жағдай. Алайда көптеген қарттар әлі құжаттарды қалай дайындау керегін білмейді. Жергілікті аудандарда түрлі кедергілер орын алып жатады. Мысалы, біреуінің атына тіркелген үйі шығып жатады. Мысалы, Кентау қаласынан телефон арқылы бір кейуана өтініш жасады. Өз атында бір бөлмелі үйі бар екен. Соған бола жергілікті әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі басында үйі болғаны үшін қарияның құжаттарын рәсімдеуден бас тартқан. Шын мәнінде бұл дұрыс емес. Жасы 85-ке келген, жалғызбасты кейуана өзіне-өзі қарай алмайды ғой?.. Ауырып қалатыны бар. Қарттар үйі осындай жалғызілікті қариялар үшін ашылған. Бетін аулақ қылсын, жалғыз өзі сол пәтерде жатып қайтыс болса да ешкім білмей қалуы ғажап емес. Осы сәтті пайдалана отырып қала-аудан басшыларына осы ойымды айтар едім. Көптеген адамдар әлі құжаттарды қалай рәсімдеуді біле бермейді.

— Ол үшін қандай құжаттар керек?

— Әлеуметтік сала мамандарында қарттар үйіне жөнелтуге қажетті құжаттардың тізімі бар. Оның ішінде тұрмыстық жағдайын зерттейтін акт, кейін медициналық көрсеткіштер, асыраушысы жоқ деген құжаттар, егер балалары ата-анасынан бас тартқан болса, ол сот шешімімен болуы тиіс. Соған сәйкесінше жергілікті әкімдік соңғы шешімді шығарады.

— Қарттар көбіне қандай жағдайда сіздерге келеді?

— Бізде қоғамда қалыптасып қалған жағдай бар. Көбісі ойлайды, ата-анасын балалары жаман болған соң қарттар үйіне алып келеді деп. Шын мәнінде олай емес. Осы күндерінде бізде жатқан кейбір қарттар бағаламайды. Ішімдік ішіп жатады, шегіп жататындар бар. Оны айтатын уақыт жетті. Бір қариялар құжаттарын түгендей алмай, келе алмай жатыр, ал жатқандар есіріп кетеді. Осы мәселені арнайы айтып өткенді жөн санадым. Біздегі қарттардың көбісі — ел аузында «бомж» аталып кеткен қаңғыбастар, көшеде қалғандар. Олардың барлығы қарттар мен мүгедектер деп аталады. Негізі, оларды бөлек ұстаған дұрыс. Кейде олар ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған қарттардың мазасын алып жататын кездер де болады.

— Осы ішімдік ішкен қарияларға қандай шара қолданасыздар?

— Ия, өте орынды сұрақ. Олар енді көпті көрген қария кісілер ғой. Бұрын масқарахана болатын. Арнайы жазалайтын бөлме. Ал қазір заңымыз олардың алдында әлсіз. Сондықтан, мүмкіндігінще орталығымыздан шығарып жіберуге тырысамыз.

— Сіздердің орталықтарыңыздан қарияны өз қарауына алған азаматтар бар ма?

— Егер алғысы келетін азаматтар бар болса, онда олар біздің орталыққа келіп, қарияны таңдайды. Егер ол кісі сіздермен баруға қарсы болмаса, онда ол азаматтар бізге арыз жазады. Егер кеткен азаматтармен сыйыса алмай, бізге қайтып келсе, біздің орталық ол кісіні қайтып қабылдамайды.

— Сіздердің мекемеде қарттар үшін бар жағдай жасалынған ба?

— Мен, негізі, Алматы және басқа да қалаларды алдын ала көріп қайттым. Біздің қарттар үйіміз материалдық-техникалық жағынан жақсы. Біздің алдымыздағы басшылар да керемет жұмыстар жасап кеткен. 7 түрлі қызмет көрсетеміз.

— Сіздердегі қариялар  зейнетақысын өздері алады ма?

— Ия, кейде, біздің қарттарымыз зейнетақысын алып, туыстарын шақыртып, беріп жататын кездері болады. Негізі олар зейнетақысын кімге берсе де құқылы. Олар қарттар үйіне зейнетақысын мүлдем бермейді де, мемлекетке төлемейді де.

— Қарттар үйіндегі әрбір қарияға мемлекеттің бюджетінен қанша қаржы қарастырылған?

— Мүмкіндігінше қарияларға жететіндей жағдай жасауға тырысамыз. Олар өз қалталарынан қаржы шығармайды. Кейде демеушілердің көмегіне жүгінеміз. Мына кісінің дәрісі қымбат еді. Көмегіңіз қажет деп. Бір жылға дәрі-дәрмекке жеті жарым миллион теңге бөлінген.

-Қарттар үйін паналаушы азаматтардың арасында соғыс ардагерлері бар ма?

— Бізде Ұлы Отан соғысы ардагерінің екі жесірі бар. Тылда еңбек еткендерінің саны — 34. Ешкім бұл тағдырын сұрап алмайды ғой? Демеушілік, имандылық деген бар. Көбісі демеушілікті бір мал сойып, соның етін бізге әкеліп беру деп түсінеді. Біздің орталықтағы оңалту бағдарламасымен жатқандарға жөргектер де жетіспейді. Бір құрылысымыз тоқтап тұр. Мемлекет қарамай жатыр деп айта алмаймын. Біздің заңдарымыз өмірдің өсу динамикаларына ілеспей қалады. Мысалы, бізде 11 жыл бойы қосылмаған монша бар еді. Сол бір екі-күнде іске қосылмақ. Демеушілеріміз аз. Бізге ет алып келудің керегі жоқ. Біздің қарттарымыз Үкімет беріп жатқан тамақтың өзін жеп тауыса алмайды. Тек, материалдық тұрғыда көмек болса дейміз.

Әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан — Мөлдір Бекеева