Бізде қонақта — Шымкенттегі күрестен №10 спорт мектебінің директоры Мұратбек Қыпшақбаев

471

Кұрметті оқырман! Бүгіннен бастап kz.otyrar.kz сайтында жаңа айдар ашылды. «Бізде қонақта» айдарында «Отырар» телеарнасындағы тікелей эфирде шығатын «Жаңа күн» бағдарламасына келген қонақтармен болған сұхбаттар жарияланып отырады.

Бүгінгі қонағымыз — Шымкент қаласындағы күрес түрлерінен № 10 спорт мектебінің директоры Мұратбек Қыпшақбаев.

— Мұратбек, студиямызға қош келдіңіз! Бүгін өзіңізбен спорт және сіздің мектебіңіз жайында әңгімелесетін боламыз. Биылғы маусымда қандай жеңістермен бастадыңыздар?

— Қай спорт болмасын, бірінші облыс чемпионаттарынан басталады, содан кейін әрі қарай Қазақстан Республикасының чемпионаты деп кете береді. Айта кетсек, 2015 жылды дзюдодан өзіміздің Оңтүстік өңірінде өткен Қазақстан чемпионатынан бастадық. Ол жарыста біздің мектептің түлектерінің ішінен бір қызымыз чемпион атанды, Ғабит Есімбетов есімді шәкіртіміз екінші орыннан көрінді. Міне, осы жарыстардан бастадық. Қазір осы Гауһар Тұрмаханова мен Ғабит Есімбетов Қазақстан құрамасының сапына еніп, оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, бас бапкер қай жарысқа қойса, соған дайындалуда.

— Өзіңізге белгілі, Оңтүстік өңірінің жастары әлемге осы спорт жағынан танымал болып келеді, ал былтыр, 2014 жылы қандай жеңістеріңіз бен жетістіктеріңізді мақтан ете аласыз?

— Ауыз толтыра айтатын мақтанышымыз — ол жоғарыда есімін атап өткен Гауһар Тұрмаханова қызымыз. Ол Жапонияда өткен әлем чемпионатында біздің Оңтүстіктен тұңғыш рет ересектер арасында әлем чемпионы атанып келді. Бұл бізге — өте үлкен абырой. Ең басты жеңісіміз де осы деп айта аламын. Самбодан ақтық кездесуде орыс қызымен күресіп, айқын басымдылықпен жеңіп, бізді үлкен қуанышқа бөледі.

— Әлемдік аренаға шығатын үміткерлердің бірі Гауһар Тұрмаханова деп отырсыз, ол бойжеткеннің жағдайы қалай? Жарақаты жоқ па, қалай дайындалып жатыр?

— Гауһар қызымыз дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатын жеңіп шыққаннан кейін Алматы қаласында өткен оқу-жаттығу жиынына қатысты. Сол жерде толық дәрігерлік тексеру кезінде денсаулығынан ахау байқалды. Спорт басқармасы және біздің мектеп тарапынан көмек көрсетіліп, қазіргі таңда толық медициналық ем қабылдап бітті. Жағдайы жақсы. Мамыр айынан бастап қайта жаттығуларын жасауға кіріседі. Құдай қаласа, алдағы үлкен Гран-при сияқты жарыстарға қатыса алады деген үміт бар.

— Мұратбек, сізді көпшілік таниды, біледі. Кезінде өзіңіз Олимпиадаға қатыстыңыз, қазіргі таңда Олимпиадаға жететіндей дзюдошыларымыз бар ма?

— Қазір дзюдо күресінің әлемдік федерациясы ережелердің барлығын өзгерткен. Біздің кезімізде ірі жарыстар болатын, сол жарыстан ұтсаң, саған олимпиадалық лицензия беретін. Ал қазір олай емес, төрт жыл бойы Гран-при жарыстарында өнер көрсетіп, ұпай жинау керек. Келесі жылдың мамыр айында барлық жарыстар тоқтатылып, жиналған ұпайлар саналады. Ең көп ұпай жинаған отыз екі спортшы Олимпиадаға қатыса алады.

Сондықтан біз қазір сол жарыстарға қатысып, неғұрлым көп ұпай жинасақ деп жоғарыда есімі аталған Ғабит Есімбетовке көп көңіл бөлудеміз. Ол Қазақстан чемпионатында екінші орынды иеленгенен кейін, міне, екінші жарысына барады. Біріншісі жарыс Германияда өтті, ол жерде үздік ондыққа кірді. Енді алдағы уақытта Әзірбайжанның Баку қаласында жарыс өтеді. Соған қатысуға дайындалып, ұпай жинау жұмыстарын жүргізу үстінде. Келесі жылы жарыстар тоқтатылған кезде осы екі спортшымыз жоғары ұпай жинап ілінеді деген үміттеміз.

— Мұратбек, қазір мектеп директорысыз, жас спортшыларды, шәкірттеріңізді тәрбиелеу жолында жұмыс жасап отырсыз. Ал өзіңіздің жарысқа шығып жүрген кездеріңізге деген сағыныш бар ма?

— Ия, кейде сағынатын кездер болады. Әттең-ай деген уақыттар да болды. Спорттың шыңы саналатын Олимпиада ойындарына қатыстық. Бірақ, бір медаліне ие болмағаннан кейін өкініш сезім де болды. Қателіктерімді біреуден емес, өзімнен іздеп, өкінген сәттер болады. Сол уақыт қайтып оралса сол қателіктерді қайталамайтын едім, басқаша жұмыстар жасайтын едім, медаль ала алмадым деген өкініш сезімдер болды.

— Құпия болмаса сол кездегі танымал балуандарымыздың қайсысын жеңгіңіз келеді?

— Ол кезде, Олимпиадада үшінші белдесуімде болгар Георгиев деген палуаннан ұтылғанмын, ұтылғанда да ескертумен ұтылғанмын. Қазір сол кез қайта келсе, жеңер едім деген сезімдер болады. Егер сол жігітті ұтқанымда жапондық танымал палуанмен ақтықта белдесуге жолдама алатын едім. Бұйырмаған екен, қайтеміз.

— Сіздің ойыңызша, өміріңіздің басты жетістігі неде?

— Аллаға шүкір, жастайымнан спорт саласында жүріп, шамам келгенінше күресіп, өнер көрсеттім. Міне, сол спорттың нәтижесінде біраз жетістіктерге жетіп. соның жемісін көріп отырмын. Мен спортқа келгеніме еш уақытта өкінбеймін. Осы спорттың көмегімен бірнеше ел көріп, Қазақстанның атын шығаруға атсалыстым. Бастысы — шетелдерде өзіміздің әнұранымызды тыңдатып, көк туымызды биікке көтергенім менің басты жетістігім деп білемін.

-Қазір елімізде дзюдо күресі қандай деңгейде дамуда, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көңіліңізден шыға ма?

— Дзюдоның дамуына барлық жағдай жасалған, жоғары деңгейде десем де болады. Қазақстан Республикасының дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев Хамитұлына алғысымды білдіргім келеді, ол кісі қазір дзюдоға жақсы жағдай жасап отыр.

-Соңғы уақытта Шымкенттің өзінде ірі халықаралық жарыстар өткізіліп жатыр. Ал Азия чемпионатын бізде өткізуге мүмкіндік бар ма?

— Мүмкіндік әрине бар. Жақында бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты жеңіл атлетика манежінде жоғары деңгейде өтті. Ал әлем чемпионаттарын өткізуге келер болсақ… Мәселен, дзюдо күресін алатын болсақ, әлемге сай өз талаптары бар. Көрермендер отыратын орынның саны он мыңнан кем болмауы керек. Қазірдің өзінде көптеген спорт ғимараттары, алдағы уақытта әлем чемпионатын өткізетін сарай ашылады деген үміт те бар.

-Биыл алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

— Ең бірінші алда келе жатқан Олимпиада ойындарына жолдама алсақ деп отырмыз. Құдай қаласа, Әзірбайжанда өтетін жарыстан үздік бестікке кірсек. Содан кейін тарихта бірінші рет, Астана қаласында Орта Азияда болмаған әлем чемпионаты өтеді. Міне, сол өз елімізде болатын жарысқа қатысып, жеңіске жетсек деген мақсат қойып отырмыз.

— Ендеше, мақсаттарыңыз орындала берсін! Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан — Гүлжан Байназарова