Шымкенттегі «Бозарық» шағынауданынан дау шықты. Мұндағы тұрғындар не суға, не жарыққа, не жолға жарымай отыр. Шағынауданға су құбырлары жүргізілгенімен, тұрғындар оның шарапатын көрмеген. Ал жекенің меншігіндегі жарық жиі сөніп, жұртшылықтың діңкесін құртады.
Забира Биылбекқызы қысымен ішпеген су үшін ақы төлейді, жазда суға жарымайды. Тұтыну кооперативінен келетін суармалы суға тұрғындар жыл сайын 7 мың теңге төлейді. Ауызсудың жайы да мәз емес. 2012 жылы шағынауданға су құбырлары жүргізілген. Алайда, су жүйелері жиі сыр беріп, жүйкеге тиеді дейді.
Үп еткен жел мұндағы электр желілеріне әсер етеді. Тозығы жеткен электр жүйесі де тұрғындарды шығынға батырып бітті. Айтуларынша, ток кернеуінің жоғарылауынан мұнда тұрмыстық техника жиі істен шығады. Қызмет бағасына сай емес дейді тұтынушылар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TSJ-hc51jN4[/youtube]
Жол азабы да тұрғындардың шыдамын тауысты. Көшелер тар әрі батпақ. Ойдым-ойдым жолдардан жауынды-шашынды күндері жүріп-тұру мүмкін емес. Оқушылар тіпті мектепке бар алмай қиналады дейді тұрғындар.
Шағынауданның жағдайынан билік өкілдері де хабардар. Алайда, коммуналдық мәселелерді ретке келтірудің өзіндік жоспары бар дейді мамандар. Жауаптылар алдымен судың жайын реттеп беруге уәде еіп, түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі дейді. Ал Бозарық тұрғындарының күтуден басқа амалы жоқ.