Күн жылынғалы кене де күшіне мінген. Жұқпалы ауру тарататын жәндік көктемнің алғашқы екі айының өзінде 300-ге жуық жерлесімізді шағып үлгеріпті. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда көп дейді мамандар. Бірақ, шаққан кенелерден қауіп келмеген.
Десе де, Ордабасы, Отырар, Түркістан аудандарында кене шаққан адамдардың саны күрт өскен. Бүгін конго-қырым қанды қызбасының алдын алуды көздеген тұтынушылардың құқықығын қорғау департаментінің мамандары профилактикалық шара өткізді.
Акция аясында 17 мыңға жуық үндеу қағазы таратылды. Қаладағы барлық сауда орындарына плакаттар ілінді. Онда кенеден сақтанудың жолдары жазылған.
Талғат Арынбаев, ОҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы: «Былтыр облыс бойынша кене шағу оқиғасы көп тіркелді. Қырым-қанды безгегін жұқтырған екі адам қайтыс болды. Биыл осындай олқылықтарды болдырмау үшін алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Қазір — демалыс маусымының басталған шағы. Сондықтан азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Тауға шыққанда жабық киініп жүрулері тиіс. Ал кене шаққанда медициналық көмекке жүгінгендері дұрыс».
Қолдарына бүктеме қағаздарын алған қала тұрғындары шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып жатты. Басым бөлігі кенеден сақтанудың жолын білмейтін көрінеді.