Оңтүстікте Канаданың сүтті сиырлары бағылуда

449

Оңтүстіктің шаруалары канадалық сүтті сиырларды өсіріп-баптаумен айналысуда. Бұл туралы 24.kz порталы жазады.

Канаданың сүтті ала сиырларының жеміне сегіз түрлі қоспа қосылады. Оның құрамына да 600 грамм қант та бар. Мамандар қант сүттің майлылығын арттырады дейді. Айтуларынша, Голштин тұқымдас бір сиырдан жылына 6 мың литрден астам сүт сауылады екен.

Жайылымға шығарылмайтын малдарды күтіп-баптау үшін қорада барлық жағдай жасалған. Мұндағы айналмалы щеткаларға сиырлар жақындап, қасына да алады. Ал мал ауырып не сүті сұйылып кетсе, мамандардың жеке бақылауына алынады. Тіпті қожалықтағы білікті мал дәрігерлері сырқат сиырларға өздері операция жасайды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xD9CxezpOF4[/youtube]

Ғани Сұлтанов, «Қазына жер» ЖШС кешенінің меңгерушісі: «Дәрігерлік терминмен айтқанда «Экзотикалық аурулар» деген болады. Сол экзотикалық аурудың бірі — асқазанның жалбыршақ қарны мал төлдеп болған соң 1-2 сағат ішінде оң жағынан сол жағына ауып кетеді екен. Өнімді өте көп беретін малдар сондай. Біздің жергілікті малда кездеспейді. Операция жасап, жалбыршақ қарнын тігіп қойдық, ол сиыр қайтадан оңалып кетті. Ферма заманауи қондырғымен жабдықталған.»

Тоқ күшімен жұмыс істейтін құрал бір мезетте 28 бас ірі қараны өзі сауып алады. Тіпті әр аналық бастың күніне беретін сүт мөлшерін де белгілеп отырады. Осыған дейін бұл шаруалары қолмен атқарып келген Райгүл Нұрымбетова енді заманауи құралдардың көмегімен 400-ге жуық аналық басты екі сағатта сауып шығады.

Райгүл Нұрымбетова, «Қазына жер» ЖШС сауыншысы: «Алғашқыда бәрін үш мезгіл қолмен саудық. Әрі бұзаушы, әрі сауыншы болып жұмыс істедім. Аппаратқа да біраз үйрене алмай жүрді. Біртіндеп үйреттік. Қазір толық үйренді. Аппарат сауып болған соң, өзі түсіп қалады.»

Серіктестік жуық арада шетелге тағы 400 бас қара ала сиырға сұраныс жасамақ. Қазір асыл тұқымды малдардың арнайы қорасы салынып жатыр. Шаруашылық малға қажетті жем-шөпті фермерлер суармалы жерде егеді.