Бадам өзенінің бойы байлықтың көзі ме?

478

Бадам өзені жағалауындағы карьерлерді пайдалануға қарсылық білдірген азаматтар арнамызға хабарласты. Мәселенің мән – жайын анықтау үшін түсіру тобы «Жаңа талап» ауылдық округіне арнайы барып қайтты.

«Жаңа талап» ауылы маңындағы саяжай тұрғыны Малика Төлегенованың биліктегілерге өкпесі қара қазандай. Айтуынша, үйлеріне жақын орналасқан шаруа қожалығы қоршаған ортаны ластайды. Ол аздай, Бадам өзені жағалауындағы қиыршық тас пен құмды «Камаздарға» тиеп жатқандарға тосқауыл болмай тұр. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ.

Малика Төлегенова, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» ауылының тұрғыны: «Әкімдіктегілерге рахмет, мына жерде доңыз ұстайтын шаруашылықты ашып бергеніне. Адамдар тұратын жерге малмен айналысатын шаруашылықты салуға рұқсат беруге болатын бе еді?»

Кәсіпкерлердің де уәжі жетерлік. Төрт түлік өсірумен айналысатын «Асқар» шаруа қожалығының басшылары зиян малдан емес, жер қойнауын тонағаннан келеді деп есептейді. Олар да карьердегі жұмыстарға қарсы.

Анна Синицина «Асқар» шаруа қожалығы директорының орынбасары: «Өздеріңіз көріп тұрғандай аралас қиыршық тас пен құмды заңсыз өңдеу «Асқар» шаруа қожалығының жерінде жүргізілуде. Наразылығымызды жергілікті прокуратура, экология, ішкі істер департаментіне жеткізген болатынбыз. Қазба жұмыстары тоқтатылуы керек».

Расында қарап тұрсаңыз, өзен жағалауында жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Мұндағы қиыршық тас пен құмды пайдаланушы «Ұйымшыл құрылыс» ЖШС -і екенін білдік. Кәсіпкердің құқығын қорғаушы заңгер болса, барлық жұмыстардың заң шеңберінде жүргізіліп жатқанын, оны растайтын құжаттарының да барын айтады.

Әбдісәмет Марин, адвокат: «Мен «Ұйымшыл құрылыс» ЖШС-нің директоры Жалын Садирмековтың мүдессін қорғайтын тұлғамын. Бұл кісіде карьер бар, оған барлық рұқсат құжаттары түгел. Құжатқа сәйкес кәсіпкер карьерді 2030 жылға дейін пайдалана алады. Облыс пен қала бөлінген тұста біз қала әкімінің қабылдауында болдық. Ол осы құжаттардың барлығын көрді. Кейін тиісті сала мамандары да танысып, рұқсаттарын берді. Карьерді пайдалану 18 метр тереңдікте жүргізіледі. Қазір онда техника жұмыс жүргізуде. Алдын күні белгісіз біреулер шлангыларды кесіп, тосолды ағызыпты. Осы оқиғаға қатысты біреудің мүлікін қасақана бүлдіру немесе құрту бабы бойынша қылмыстық іс қозғау жөнінде Абай ауданының ішкі істер бөліміне арыздандық. Алайда ешқандай іс-әрекет байқамадық. Егерде біреу кәсіпкердің әрекеті заңсыз деп есептесе, сотқа жүгінсін. Барлығы заң шеңберінде шешімін тапсын».

Үш жақ та өзінікін дұрыс санайды. Әр істің заңдылығын тексеріп, нақтылайтын органдар ақ-қараны ертерек ажыратса, бәрі де тынышталар еді. Сондықтан, қаланың Даму бағдарламасын бекітіп, түзеп жатқан жауаптылар кабинетте отырғаннан гөрі, жергілікті жерлерге жиі шығып зерттегені дұрыс болып тұр!

Шынар Оразова