Оңтүстіктегі цемент зауыты өнімінің 1/3 бөлігі шетелге сатылуда

737

Кезінде түсті цементімен аты әлемге танылған Састөбедегі зауыты енді қоршаған ортаға залалын тигізбейді. Жаңа жұмыс үрдісіне сай электронды сүзгінің көмегімен сыртқа шығатын тозаң ауаға тарамайды. Осылайша зиянды қалдықтар сыртқа жайылмай, сапалы өнім жасалатын болды.

Күні кешеге дейін шаңға бөгіп келген ауыл тұрғындары бұл жобаның жүзеге асқанына дән риза. Ал отандық кәсіпорын экспорттық әлеуетті арттыру үшін өнімнің өзіндік құнын арзандату үшін қам-қарекет жасап жатыр.

Табиғаты керемет Түлкібас ауданындағы Састөбе цемент зауытынан шығатын тозаң осы кезге дейін айналадағы ауылдардың мазасын қашырып келген. Әсіресе, Ынтымақ ауылының тұрғындарын. Зауыттың бұрынғы қожайындары тозаң шығатын биік құбырға сүзгіні осыдан 5 жылдай бұрын орнатқан. Бірақ толыққанды іске қоса алмапты.

Отандық инвестор сол жобаны толық жүзеге асырды. Зауыт өткен жылы 438 мың тонна цемент шығарған. Соның 35 %-ын шетелге сатыпты. Сапасы жоғары болған соң, сұраныс артқан. Енді бәсекелестікті арттыру үшін іргедегі жаңа кен орнын алмақшы.

Оған тиісті мекемелердің келісімін күтіп отыр. Оны іске қосса, тауардың өзіндік құны 10 %-ға төмендейді. Сонда Орталық Азияның нарығындағы орнымызды сақтап қаламыз деп отыр.

Талғат Сәдуақасов, SAS-Tobe Technologies ЖШС бас директоры: «Былтыр біз 10 жылдың ішінде Өзбекстанға Қазақстаннан цемент жіберген алғашқы зауыт болғанбыз. Биыл да олар өнімімізді алуға дайын, келісім-шартымыз бар. Біздің өнімнің сапасы алушыларға ұнап отыр.»

Цементтің 7 түрін шығаратын зауыт айналадағы ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуден шет қалмайды екен. Былтыр 15 млн теңгеге көшелерді жөндеп, арық-атызды ретке келтіріпті.

Биыл да сонша қаржы бөліп, Ынтымақ ауылында су жүйесін жөндейді. Сонымен қатар Ұлы жеңіс қарсаңында ардагерлер аллеясын жөндеп, обелиск орнатып та жатыр.

24.kz