Сахна сыртында жүрмін. Театр әртістері кезекті қойылымға дайындалып жатыр екен. Әртістердің бет-бейнесін қойылымдағы кейіпкердің мінезіне лайықтап әрлеп жүрген, гримдеп жатқан Бейсенкүл апайдың тірлігіне қызыға түстім… Тап бір сахна сыртындағы сиқыршы дерсің.
– Жастайымнан сурет салуға деген қызығушылығым болды. Есейе келе, әуестігімді қызметіммен ұштастыруды ойладым. Газеттердің бірінен Ә.Қастеев атындағы өнер колледжіне талапкерлерді қабылдап жатқан хабарландыруды көзім шалып, тізімдегі «суретші–гример» мамандығы дегенді еш түсінбей қойдым. Түсінуге тырысқандықтан да таныс емес бұл мамандық мені өзіне тарта түсті. Өзім Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Арқалық аулынанмын, – деп сырын ақтара бастады облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының суретші-гримдеушісі Бейсенкүл Әлжанова. – Жалпы, өнер саласына 40 жыл ғұмырымды арнадым. Оның 35 жылын осы театрда өткізіп келемін. Ең алғашқы еңбек жолымды Жетісай қаласындағы театрдан бастадым. Бұл кезде жұмыстың қыр–сырын білмесем де, «Амангелді» спетакліндегі Амангелді және Ленин бейнелерін сомдау тапсырылды. Кез келген адамға бұл рөлдегі бейнені гримдеу оңайға соқпасы анық. Жас болсам да берілген тапсырманың үдесінен шығуға тырыстым. Қуанарлығы, режиссердің аталмыш рөлдерге таңдаған әртістерінің бет-жүзі сәйкес келуіне байланысты образды айнымастай етіп жасадым.
«Сонда ғана жеңеміз» қойылымындағы Ленин рөлін сомдаған әртіс С. Өтемісұлы «Мәскеу театрында осы Ленин рөлін бейнелеу үш сағатқа созылған еді. Ал сен болсаң, болмашы уақытта жасап шықтың» деп, мерейімді тасытқаны бар. Сонымен қатар, Д.Қонаев, Ш.Уәлиханов, Абай, қазақ хандары және басқа да шет елдік шығармалардағы басты рөлдерді сомдауда біраз тер төктім.
– Грим жағудың да өз талаптары бола ма?
– Театр гримі қалың жағылады, өйткені көрермен актерді алыстан тамашалайды. Жапсырмалы сақал мен мұрт та солай. Театрда мұрт шын мұрт сияқты көрінеді. Ал экранда жақыннан оның жасанды екені бірден байқалады. Теледидар экранында бәрі табиғи болуы керек. Әсіресе ер адамдарға өте нәзік, өте жеңіл грим қажет болады. Беттің жасанды көрінбеуі маңызды. Телеарнада жұмыс істеген жеңіл, бірақ театрда қызықты. Мен бұл жерде өзімді суретші сезінемін, өз қиялымды жүзеге асыра аламын.
Бұл мамандықты меңгерген адам аздап психолог та болуы керек. Кейде реніштер де болып қалады. Көбіне мұндай жағдай актер өзінің сахнадағы келбетін гримдеушіге қарағанда басқаша көріп, қабылдайтындықтан туындап жатады. Кейіпкердің келбеті режиссердің, актердің, кос-тюм бойынша суретшінің және гримдеушінің біріккен күшімен жасалады. Гримдеуші пьесаны оқиды, репитицияға қатысып, сахнада не боп жатқанын қарайды. Содан соң кейіпкердің келбетін жасайды. Өзіндік келбеті бар кейіпкерді гримдеген қызықты. Күрделі болған сайын жақсы шығады.
Қойылым кезінде мен әдетте сахна сыртында қолыма желім мен қылқалам ұстап тұрамын. Актерді көрермен қалай көріп отырғанын қарау үшін, әрі гримді дұрыстау қажет пе, соны анықтау үшін залға шығып келемін.
– Сіздің ісіңізге қызығып, гримдеуші болсам дегендер бар ма?
–Облыстағы театрлардың көпшілігінде шәкірттерім бар. Олармен үнемі байланысып, тәжірибе алмасып отырамын. Бүгінде Лаура Үсенқызы деген жас маманға үйретіп жүрмін. «Жас келсе іске» дегендей, оның жұмысқа деген талпынысы қуантады. Осы саланың қыр–сырын мүлтіксіз меңгеріп жүр.
Мұнан бөлек, М.Әуезов атындағы университетте студенттерге сабақ беремін. Ондағы студенттердің өз саласының нағыз маманы болса деген ниетпен бар білгенімді бөлісіп отырамын.
– Жұмысыңыз қызықты жағдайларға толы шығар…
– Үнемі әртістермен жұмыс жасаған соң өміріміз қызықты оқиғаларға толы. Түркістан қаласындағы театрда Н.Назарбаевтың келуіне орай «Президенттің жүрегі» спектаклі қойылатын болды. Басты рөлді ойнайтын әртістің түр-тұлғасын келістіру қиынға соқты. Жұмыс аяқталып, жол жүрдік. Жол бойы көлік бұзылып, әбігерге түстік. «Осыдан үйге аман–есен жетсем, бұл жұмысты төбемнің шұқыры көрсін» деп ашумен айтылған сөзім ұмыт қалды. Өйткені, біз қойған қойылым көпшіліктің көңілінен шығыпты деген хабарды естіп қатты қуанғаным бар.
Ұстазым В.Щербаковтың «сабырлы, сенімді әрі кез келген жағдайда қобалжымау керек» деген сөзі өмірлік ұстанымыма айналды.Қойылымдардың біріне әртіс келмей қалып орнына менің шығуыма тура келді. Берілген рөлді ойдағыдай ойнап шықтым. Осындай жәйттерден соң әріп-тестер арасында «жедел жәрдем» деген атақты иемдендім.
– Еңбегіңіз еленіп жатыр ма?
–Әлбетте, еткен еңбегімнің жемісін көріп жүрмін. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Мәдинет және ақпарат министрлігі тарапынан «Театр өнерінің үздігі» марапатына ие болдым. 2013 жылы «М.Әуезов атындағы ОҚМУ–дың үздік оқытушысы» номинациясының жеңімпазы атандым. Өткен жылы Қазақстан театр қайраткерлері Одағы тарапынан ұйымдастырылған «Еңлікгүл–2014» кәсіби сыйлығының «Жылдың суретші гримері» арнайы жүлдесін иелендім. Негізінен марапаттың мен үшін үлкені – көпшіліктің қошеметі.
–Отбасыңыз жайлы сыр бөліссеңіз…
–Құдай қосқан жарым Қалтөремен өмірде де, өнерде де жұбымыз жазылмай келеміз. Екі ұл мен қыз немере сыйлап, қуанышқа кенелтіп отыр. Ұлдарымыз Ерғали мен Бауыржан өздері таңдаған мамандықтарын меңгерді. Ал, Жанар қызым өнер саласын таңдады. Әлі күнге дейін көрермендер көзайымына айналып жүрген «Аспиранттың ақ шымылдығы» қойылымына қызымның суретші ретінде еңбегі сіңген. Өзінің негізгі мамандығы дизайнер болғандықтан жеке ателье ашып, жұмыс жасап жатыр.
–Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Лаура Сапарбекова
«Оңтүстік Рабат», №15, 15.04.2015
Гример – сахна, теледидар, әнші, жүргізуші, диктор, актерлердің бет келбетін әдемілейді. Арнайы оқытылатын мамандықтың түрі. Грим негізі портретті, кескінді, көлемді болып бөлінеді. Грим жасаушылардың өздері: әрлеуші (визажист), суретші-модельер, суретші-гример деп те бөлінеді.
Визажист – олар сұлулық салондарында визажист-косметолог, косметика компаниясында визажист-кеңесші, жарнама компаниясы мен модель агенттіктерінде визажист-стилист болып істей алады. Телевизияда тележүргізушілер мен эфир қонақтарының гримдеушісі де – солар. Бүгінгі шоу-бизнес өкілдерінің жүзін құлпыртып жүрген де – визажистер. Ол үшін университетке түсіп, төрт жыл оқудың қажеті шамалы. Небәрі 2-3 айлық курсты бітірсеңіз, визажист атанасыз. Тек икеміңіз болса болғаны…
Визажист және гример-постижер қызметтерін көрсету мамандықтары бойынша Шымкент қаласында «Мирас» колледжінен білім алуға болады. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Ғ.Іляев көшесі, байланыс телефондары: 8 (7252) 35-52-53, 35 52 53. Сондай-ақ, гример мамандығын Алматы қаласындағы Жүргенов атындағы өнер академиясынан ғана табуға болады. Ал, Шымкенттегі Ә.Қастеев өнер колледжіндегі гример мамандығы сұраныстың болмауына байланысты жабылып қалған.