Сырдария су емес, сырқат тарата ма?

Сырдария

Сырдария суын егін және мал шаруашылығында пайдалану зиянды! Өйткені құрамында хром, қорғасын, сынап, мырыш, молибден сынды ауыр металл бөлшектері шамадан тыс көп. Дарияны зерттеген шымкенттік ғалымдар осындай қорытынды жасап отыр.

Сырдария
Сырдария

Сырдың суын сараптаған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері. Осыдан үш жыл бұрын НАТО-ның «Орталық Азияда судың трансшекаралық ластануын бағалау» жобасы бойынша грант жеңіп алған оқу орнының ғалымдары өзенде үш жыл зерттеу жүргізген. Осыншама қауіпті әрі ауыр металлдардың дарияға түсуін зертеушілер дарияның жоғарғы жағында жатқан елдердегі (Қырғызстан, Өзбекстан) өндірістен шыққан қалдықтардан көреді. Судың қауіпті деңгейі Өзбекстанмен шекаралас аумақтарда жоғары байқалған.

Жоба жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры Үйлесбек Бестереков: «Сырдария суында балық шаруашылығын жүргізуге қауіп төніп тұр. Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы мақсатында да пайдаланудың қажеті жоқ».

Егер ғалымдардың айтқанын орындайтын болсақ, онда бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдың суымен сусындайтын 230 мыңдай гектар алқапта егін егуді тоқтату керек. Оған дарияның бойында жатқан жиырмаға жуық елдімекен мен оның тұрғындарын қосыңыз.

Шымкенттік ғалымдар «суы сырқат» деген Сырды Мақтаарал ауданындағы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» да жиі тексеріп тұрады екен. Осы ғылыми мекеме басшысы Ибадулла Үмбетаев аса бір жау алдыратын қауіпті көріп тұрғам жоқ дейді.

– Бізде де ондай лаборатория бар. Терең, ауыр металлдарды зерттейміз. Бірақ біз ондай металдарды кездестіргеніміз жоқ, – деп қысқа қайырды ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы. Оның үстіне Сыр бассейні мемлекеттерінің дария суын қолдану жөнінде өзара келісілген құжаттары бар. Сырға тасталатын ақаба мен өндірістен шыққан қалдық су мөлшері сол құжат негізінде реттеліп тұрады.

Сырдың суы туралы «сенсацияны» көптеген БАҚ жариялап та үлгерді. Оны естіген елдің құлағы енді елеңдеп отыр…

Бекжігіт Мәуленов

«Оңтүстік Рабат», №15, 15.04.2015