Биыл Ұлы жеңіске 70 жыл толып отыр. Тарихи датаға орай облыстық опера және балет театрының ұжымы көпшілікке ән кешін ұсынды. Кеште «Катюша», «Мен күткен хат» ,»Жеңіс күні» сынды сұрапыл соғыс жылдарын еске салар шығармалар орындалды.
Туындылар тыңдарманға симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ұсынылды. Ал кешке келген ардагерлер мен аға буын қиын қыстау заманды еріксіз еске алды.
Әмір Мұсақұлов, тыл ардагері: «Бір жағынан қиындық, бір жағынан қуаныш, бір жағынан еңбек, отбасындағы жағдай, халықтың арасындағы жағдай — барлығы есімізге түсіп жатыр. Бүгінгі кеште орындалған әндердің барлығын біз жас кезімізде айтқанбыз, осы әндерді айтқанда жеңіс тез келіп қалатындай көрінетін бізге. Сондықтан, әрдайым қиналсақ та, тылда еңбек етіп жүрсек те осы әндерді шырқайтынбыз. Қазір барлығы да көз алдыма келді».
Балжан Әуелбаева, көрермен:»Біз жас болдық соғыс уақытында, сол кездегі әндер құлағымызда қалды. Бүгін әндерді тыңдап, сол кезге қайтадан барғандай әсерде болдым. Өзімнің әкем мен оның інісі соғысқа аттанды. Әкем оралды, бірақ ағам қаза тапты. Үйге жаңа түскен жеңешем жесір қалды, күдерін үзбей күтті, бірақ келмеді. Әкем майданнан демікпе ауруымен оралып, соңында қайтыс болды».
Үрәлхан Сейілбекова, облыстық опера және балет театрының әншісі: «Мен сахнада Бақытжан Байқадамовтың «Сүйген сәулем» әнін орындадым. Сарбаздың сүйгеніне жолдаған хаты. Сезімге толы елге деген сағыныш та айтылды, ең бастысы, менің әнім жұртшылықтың жүрегіне жетті деген сенімдемін. Тебіреніс, толқу деген болды, әрине. Дегенмен, көпшілік менімен әнді қосыла шарқағанда, қобалжу сезімдері артта қалды».
Өнер ұжымы кеш қонақтары алдында 20-ға тарта естелік шығармаларды ұсынды. «Ерлікке тағзым» кеші бір жарым сағатқа ұласты.