Оңтүстікте «Театр көктемі — 2015» фестивалі жалғасып жатыр. Ұлы Жеңістің — 70, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған өнер бәсекесінен облыстық өзбек-драма театрының ұжымы да шет қалмады. Олар қаламгер Байғали Есенәлиевтың «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты премьералық қойылымын сахналады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=A0WecjpFgEM[/youtube]
Тарихи трагедияны ұсыну үшін ұжым 3 ай дайындалдық дейді. Спектакльды тамашалауға жиналған көрерменнің де қарасы қалың болады. Жиналған жамағат ұлы тарихшының өмір жолы мен оның халыққа қалдырған құнды еңбектерінің жазылу жолдарына куә болды.
Айта кеткен жөн, бүгінде 12 жылдық тарихы бар облыстық өзбек драма театрында 18 әртіс қызмет етеді. Мына «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты қойылымға шығармашылық ұжымы ғана емес, техникалық қызметкерлер де жұмылдырылып отыр. Бас-аяғы — 32 адам. Мәдени мекеменің басшылығы шежіреге толы шытырманды оқиғаны сахналау арқылы ұлтаралық достықты нығайтуға үлес қосамыз деп сенеді.
Икрамжан Хашимжанов, облыстық өзбек драма театрының директоры: «Таңданатыны сол — біздің техникалық қызметкерлеріміздің өзі кәсіби әртістер секілді рөлді сомдай алады. Бұл да болса өнер ұжымының тағы бір кереметін көрсетсе керек. Ұжымға айтар алғысым шексіз менің! Тарихи трагедияны шебер сомдап жатыр. Дайындалдық, қойылымды іздене отырып сахналадық, енді бағасын қазылар алқасы бере жатар. Бірақ, біздің мақсатымыз — жеңіс қана емес, Қазақ хандары мен билеріне, ондағы тарихшы, жазушы, тіпті, әрбір тұлғаға деген құрметімізді білдіру. Бір-бірімізге деген сыйластықты арттырып, құрметімізді осылай көрсеткенде ғана біздің татулығымыз баршаға мәлім болады. Бір атаның баласы екенімізді көрсету міндеті орындалды десем болады.»