Украиналықтар Қазақстан Президенті отбасының суретін пайдаланғандары үшін кешірім сұрады

511
ҚР Президенті Н.Назарбаев отбасы мүшелері ортасында

Украинаның кино түсірушілері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін өздерінің сериалдарында өзгертіп пайдаланғандары үшін кешірім сұрады. Бұл туралы zakon.kz сайты жазады.

Сайттың редакциясына «Одинокие сердца» сериалын түсірген украиналық «УПС» кинокомпаниясының өкілдері хабарласқан.

008
Ирина Заря. Фото: //zakon.kz

Сериалдың бас продюсері Ирина Заря былай дейді: — Шынында да біздің тарапымыздан өрескел қате кетті. Ол сериалды біз 2012 жылы түсіргенбіз. Реквизиттерді алып жүру кезінде біразын жоғалтып алдық та аяқ астынан түсіру алаңында жетпегендерін іздеуге тура келді. Содан мамандарымыз интернеттен алынған суретті қолданды. Мен өз қызметкерлерім үшін, осы қателік үшін қатты ұяламын. Бірақ, ұялғаннан ештеңе қайтып келмесін де жақсы түсінемін. Не де болса бұл оқиға біздің ұжым үшін сабақ болды. Мен Қазақстан Президенті мен оның отбасына, барша қазақстандықтардан кешірім сұраймын.

«УПС» (Украинская продакшн студия) кинокомпаниясының директоры Ирина Чемерис те өз кінәлерін мойындады.

009— Біз қазір өз кінәмізді мойнымызға алып, қатты өкініп отырмыз. Жеке өзімнің атымнан, компания ұжымы атынан бізге дос мемлекеттің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан, оның жанұясы мен Қазақтан халқынан шын көңілімнен кешірім сұраймын. Бұл оқиғаны аяқсыз қалдырмаймыз, кінәлілер міндетті түрде жазаларын алатын болады. Осы тұста Қазақстан мен оның халқы украина халқының жақын досы екеніне сендіргім келеді. Біз Қазақ елі мен Елбасының бүкіл әлем алдындағы беделін құрметтейміз.

Еске салайық, украиналық кино түсірушілердің «Одинокие сердца» сериалында тәжік жігіт қасындағы қызға өз отбасым деп, Нұрсұлтан Әбішұлының суретін көрсетеді. Бұл қателікті байқаған «Оңтүстік Рабат» газетінің бас редакторы Жәмилә Мамырәлі өзінің авторлық бағанасында жазған болатын. Мақаланы республикалық ең ірі ақпарат порталдары көшіріп жариялап, өрескел қате жайлы бүкіл ғаламтор құлағдар болды.

Сол күні-ақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев ресейлік телевизиядан көрсетілген сериалдардың біріндегі Президент отбасының суретіне қатысты түсінік береді. Бұл туралы Tengrinews.kz жазады.

«Бұл — киноөнімді дайындаған адамдардың анық білімсіздігі. Біз бұл жерде телеарна мен сериалды шығарғандар тарапынан ешқандай арам ниетті көріп тұрған жоқпыз. Кинокомпания бізден кешірім сұраған жоқ және біз де талап етпедік. Бұл деректі БАҚ-тан білдік. Өз басым бұл сериалдарды көрген жоқпын. Иә, менің ойымша, бұл қызметкерлердің немқұрайдылығы. Фильмге қосымша жарнама жасаумен айналыспаймыз- деді Абаев.