Тәуелсіздік сарайында мерекелік жиын өтті

338
Тәуелсіздік сарайында мерекелік жиын өтті

Бүгін мемлекет басшысының қатысуымен тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Елордадағы Тәуелсіздік сарайындағы ауқымды іс-шара тікелей эфирде көрсетіліп, оған Қазақстанның барлық облысы телекөпір арқылы қосылды. Арасында Оңтүстік Қазақстан өлкесі де бар.

Астанаға арнайы шақырылған азаматтармен қатар облыстың зиялы қауымы мен қоғам белсенділері, жастар мен этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері мерейлі мерекеде айтылған тілек, жүрекжарды ойлар мен түйінделген ойларды тыңдады.

Тәуелсіздік сарайында мерекелік жиын өтті

Облыс әкімдігінің мәжіліс залы лық толы. Елордаға бармаса да жерлестеріміз Президенттің әрбір қазақстандыққа айтқан құттықтауын тікелей байланыс арқылы, бір залда отырғандай естіді. Небәрі екі мүшелді ғана еңсерген, жалындаған жас жігіттің шағында тұрған Қазақ елінің осы ауқыттағы қарыштап даму белестеріндегі ерен еңбегі үшін әр өңірдің халқына Нұрсұлтан Назарбаев жеке тоқталып, алғысын айтты. «Шырайлы шымкенттікте тер төкті» деп ерекше тоқталды.

Салтанатты жиында әлеуметтің әлеуетін көтерудегі өзгерістер де айтылды. Жаңа жылдан бастап Қазақ елінде зейнетақы көлемі 20 пайызға артады. Бұл жаңалық 2 миллион 200 мың қазақстандықты қамтиды. Сонымен қатар Елбасы үкіметке 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала туылғанда берілетін жәрдемақыны 20 пайызға көбейтуді тапсырды. Президент біздегі бала туу деңгейі жоғары екенін, өсім 55 пайызға жеткенін де атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған ширек ғасыр аралығында асқан асу мен бағындырған белестерді шолып өтті. Қазақстан – әлем үшін тұрақты мемлекет. Соның бір дәлелі болар, бүгінге дейін 265 млрд доллар инвестиция құйылған. Осыдан 20 жыл бұрын елдегі кедейлік деңгейі 36 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 12 есеге азайған.

«25 жылдағы басты жетістік ретінде Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық, Әнұранымызды әлем көгінде әуелетіп, төл теңгемізді енгізгенімізді айрықша атап өткен заңды. 1500 жыл бұрын күлтегін тұсында жазылған «Мәңгілік ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдыруымыз да негізді» дейді Елбасы.

Президенттің құттықтауынан соң сөз алған үкімет мүшелері, депутаттар, кәсіпкерлер мен облыстардан осы жиынға арнайы шақырылған азаматтар әр өңір, әр саладағы өзгерістер мен тындырымды тірліктің жемісін тәуелсіздіктің жемісі деп бағалады. Мұны біздің жерлестеріміз де растайды.

Облыс басшылығы осындай мерейтойлы жиынға келген ел азаматтарының бірқатарына тәуелсіздік тартуын жасады.

Зәуре Оралбаева