Мәдениет басқармасына 258 млн теңге бөлуге депутаттар қарсы

671

Облыс мәслихатының тұрақты комиссияларының отырысы өтуде. Бүгін мемлекеттік құқық мәселелері және жергілікті өзін өзін басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері 3 жылға арналған облыс бюджетін нақтылады.

Қаржының басым бөлігі білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы салаларына бөлінді. Алайда спорт және мәдениет саласы бойынша сұралған қаражатқа сәйкес халық қалаулылары тарапынан сын да, ұсыныстар да айтылды. Әсіресе мәдениет басқармасы сұрап отырған қыруар қаржыға қарсы шыққандар аз болмады.

Дулат Әбіш, облыс мәслихатының депутаты: «Төлеби» атты фильмге қаржы бөлгенше, Төлебидің мұражайын ашуға жұмсамаймыз ба? Тұрар Рысқұловтың мерейтойы болады. Соған неге жұмсамаймыз? Мұражайға келген адам Төлеби жайлы барлық ақпаратты алады. Насихатталады. Ал киноны кім көреді? Бір жерден бір мекемені тауып алып жасағандарың не? Бұл барып тұрған коррупция…»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында оңтүстіктің киелі, тарихи орындары мен тұлғаларына арналған фильмдерге бөлінетін қаржы тым көп деп санайды депутаттар. «Рухани жаңғыруды елдімекендердегі ескірген ауыл клубтары мен тозығы жеткен мұражайларды жөндеуден бастау қажет» деген ұсынысын ашып айтты. Есесіне, фильмді түсіруді конкурссыз бір мекемеге жүктеу заңға қайшы. Сондықтан да бұл мәселе 19 наурызда өтетін тұрақты комиссияда қайта қаралатын болды. Халық қалаулылары ақшаны оңды солды шашуға қарсы.

Дулат Әбіш, облыс мәслихатының депутаты: «Төрткүл, Темірланда бүгінде «Жедел жәрдем» жетіспейді. Екеуіне барса, үшіншісіне үлгермейді, соның салдарынан науқастар қайтыс болуда. 40 «Жедел жәрдем» керек екен, неге осыған ақша бөлмейміз?»

Осы сауал көтерілгенде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы да қарап қалмады. Өңірдің бас дәрігері облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасындағыларға өкпелі болып шықты.

Мұқан Егізбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Соңғы 5-6 жылда 155 көлікті есептен шығара алмай отырмыз. Өтірік айтудың қажеті қанша? Ақша жоқ болса жоқ деп айтпайсыңдар ма?»

Облыс бюджетін талқыға салғандар бір тетігін қараусыз жібермеді. Комиссия отырысында айтылған барлық сын ескертпелер мен ұсыныстар ескеріледі, бөлінетін қаражат қайта қарастырылады деп шешті.

Бөлінеді деген қаржылар нақтыланбады. Қайта қарап шығуға уақыт берілді. 20-шы наурызда өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына ұсынылар алдын тағы бір талқылануы тиіс деп шешті депутаттар.

Шынар Оразова