17 сәуір — халықаралық цирк күні. Мерекелік датаны біздің өңір де айрықша атап өтіп жатыр. «Оңтүстік цирк» ғимараты алаңына өнер ұжымының әріптестері — облысымыздағы театрлар мен өзге де мәдени мекемелердің қызметкерлері және БАҚ өкілдері жиналып, ағаш көшеттерін отырғызуға кіріскен.
«Отырар» медиахолдингінің қызметкерлері де шарапаты мол шараға үлесін қосты. Таңсәріден бастау алған акцияға цирктің ардагерлері де жиналды. Белсенді топ түрлі жеміс ағаштарын арқалай келген. Жоспар бойынша қас қарайғанға дейін 180 түп көшет егілуі тиіс.
Осыдан төрт жыл бұрын құрылған «Оңтүстік цирк» мекемесінде қазіргі таңда 168 адам қызмет етеді. Соның 113-і — шығармашылық ұжым.
Арман Әлиев, «Оңтүстік Цирктің» директоры: «Циркке балалар көптеп келеді. 2-3 жылда көшеттер жеміс салып, алма мен алмұрт жерге төгіліп жатса, мұны балалар жинап, тұтынатын еді. Біздің көрермендеріміз көп қой. Мәселен, балалар үйінен және мүмкіндігі шектеулі интернаттардың балақайлары келіп, тәтті жемістерді жұлып жесе дейміз. Тіпті, жемістерді жинап, жәшіктеп, балалар үйіне беріп жіберіп жатсақ, нұр үстіне-нұр емес пе?! Ал жерге төгіліп жатқан жемістердің өзін кәдемізге жаратып, біздің цирктің аю, қонжықтарына берсек деген жоспар, ниетіміз бар».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ERZ0HYd9glI[/youtube]