Жұлдызын күткен Жұрымбай ата

Жұрымбай Айтөреев

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне Шардара ауданы бойынша небәрі 3 майдангер ғана көзі тірі жетті. Соның бірі Жұрымбай Айтөреев. Әлі күнге ширақ қимылдап, аузынан әзілін тастамайтын ол кісі әңгіме ауаны соғыс тақырыбына келгенде біраз үндемей қалады. Сөйтеді де баппен отырып баяндап береді. Еңбек және соғыс ардагері, ауданның Құрметті азаматы Жұрымбай Айтөреев атамыздың қаһарлы күндер туралы айтары көп.

Жұрымбай Айтөреев
Жұрымбай Айтөреев

– 1942 жылы 9 маусымда Ташкент қаласынан соғысқа аттандым, – деп бастады әңгімесін Жұрекең. – Ұрыс қимылдарына Воронеж қаласында кірістім. Дон өзенінің арғы беті немістер де, бергі беті біздер. Негізгі міндетіміз – бергі жаққа жау-ды өткізбеу. Күздің ортасында Харьковке бет алдық. 700 шақырымға дейін немістерді түре қуып, қаланы алдық. Ал, көктемде немістер күшіне мініп, бізді кейін қарай шамамен 200 шақырымға шегіндірді. 1943 жылы фашистер тың күшпен бізге шабуыл ашты ғой. Алабажақ «тигр» деген танкісі шыққан кез. Нағыз соғыс енді басталды. Ана пәлеге шынымен де оқ дарымайды екен. 56 мм-лік, 76 мм-лік зеңбіректердің сол танкіге шамалары жетпеді. Мен бұл кезде барлаушылар ротасындамын. 40 шақырымға тағы кері шегіндік. Біздің армия да ес жиып, қарудың жетілген түрлерін ойлап шығара бастады. Алғаш барғанда мылтықтан өзге қару көрмейтінбіз. Кейін әйгілі «Катюшалар» шыға бастады. Белгородты алар кезде осындай артиллериямен 45 минут бойы залп беріп барып, атойлап шабуылға шыққанбыз. Жау шегінді. Барлық техникасы сай, мұздай қаруланған немістер қашса да жете алмай діңкелегенбіз. Өйткені, жаяумыз ғой. 3-4 күнде зорға жетеміз. Сол кезде көрдім, ілбіп бара жатып көз шырымын алуды. Алдыңдағы сарбазға соғысқанда ғана көзіңді ашасың. Біресе жау басып алып, біресе біздің қолға өткен қалаларды қайтадан ала бастадық. Барлаушымын дедім ғой, бізге алғы шепке кіріп кетіп, неміспен бірге жылжи отырып, олардың көзін құрту тапсырылған. Бұрынғыдай тұтқынның керегі жоқ енді. Бір аса жауапты тапсырманы абыроймен аяқтадық. Жаудың 30-ға тарта солдатын өлтіріп, 7 машинасын талқандадық. Тапсырманы орындаған 10 адам болып наградталдық. 1943 жылдың 10 қазанында «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталғаным туралы Жарлықты 4 күннен кейін, яғни, 14 қазанда шыққан «Боевое знамя» дейтін газетке жариялапты. Енді қызығын айтайын. Біздің политрук қазақ жігіті еді. Бірде аса көп мағлұмат білетін тіл әкелдім. Сонда әлгі қандасым:

– Жұрымбай, сенің ерліктеріңді жұрт біледі, партияға өтіп ал, кейін керек болады, – деп құжаттарымды даярлауға кіріскен. Соның ықпалымен 7 қарашада партия қатарына қабылданғанмын. Днепрден өткен бір ұрыста ауыр жараланып, госпитальге түстім. Сол жерде партия билетімді тапсырды. Ал, баяғы «Қызыл Жұлдыз» ордені қайтып кетті. Себебі, орден берілген куәлікке Артураев болып қате жазылып кеткен. Айтөреев бар да, Артураев жоқ. Міне, сол орденді ала алмай жүргеніме шырағым, биыл 72 жыл болады екен, – деп ата әңгімесін бір қайырды.

Міне, сол орденді ала алмай жүргеніме шырағым, биыл 72 жыл болады екен

– Кейін сұрау салып көрмедіңіз бе? – дейміз біз.

– Сұ-рау салуын салдым. Сол награданы ала алмаған тағы бір себебім, мен соғыстан кейін Өзбекстанда жұмыс істедім. Қан көріп келген адамның жүйкесі қайбір сау болушы еді, бір әділетсіздікті көріп, шыдамай кетіп, әскери столда істейтін біреуді жақсылап сабағанмын ғой. Сөйтіп түрмеде біраз жыл отырған жайым бар. Ұрыста, кейіннен әуе десанты болып жүргенде, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанмын. Осы орденді, және тағы бір ерлігі үшін деген медальді түрмеде отырған кезімде артымнан әкеліп тақты. Ал, бірінші орденді жоқтап, Мәскеуге талай хат жібергеніммен машақаты көп екен. Менің жазамды өтегенім туралы құжаттар қалалық атқару комитетінен, депутаттардың ұйғарымымен жақсы мінездеме дей ме, әйтеуір құшақ-құшақ құжаттар туралауымды айтып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумынан арызыма байланысты хат келген. «Осылар менімен бірге соғыспаса, орденге ұснылғанымды қайдан білсін, әкесінің…» деп қолды бір-ақ сілтегем, – дейді Жұрымбай ақсақал.

– Барлаушы болған қызық шығар, – дейміз ол кісіні тағы да сөйлеткіміз келіп.

– Ол кинода ғана қызық. Шын соғыспен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қазіргі теледидарды көрсең, араққа тойып алып, «уралап» бара жатқанды көресің. Арақ ішіп, ләйліп жүретін уақ па екен?! Жарты буханка нанды үш күнге беретін. Оны жарты сағатта жеп қоямыз. Тамақ жоқ. Арпа, бидайды уыстап алып шикідей жейміз. Оны да тапсақ. Деревняларды азат еткенде тамақ болмағандықтан әр үйге екі жауынгерден бөліп жіберетін. Жау ойран салған ауылда не болушы еді. Тапқанымызды талғажау қыламыз. «Тіл» әкелу үшін күнімен жатып алып, дүрбімен жауды бақылаймыз. Түнде еңбектеп алға жылжимыз. Олар жарқылдатып ракета атқанымен өздері де көзге түсуге қорқып, бұғып жататын. Біздің әдісіміз – әбден бақылаған немісімізді қолға түсіру үшін жанына гранат жарамыз. Ол басын бұқпалап жатқанда ұмар-жұмар үстінен басып қалатын едік…

Алғаш барғанда мылтықтан өзге қару көрмейтінбіз. Кейін әйгілі «Катюшалар» шыға бастады.

Ұлы Жеңісті Чехословакияда қарсы алған Жұрекеңдер елге қарай 1945 жылы желтоқсан айында бет түзепті. Кез келген пойызға аяқ артып, бір ай дегенде елге жетеді. Соғыс басталмай тұрып әскерге кеткен туған ағасы Тағабай аға да елге аман-есен оралады. Ол кісінің дүниеден өткеніне біраз жыл болып қалды. Жұрекең Шардараға 1966 жылы келіп, қашан зейнетке шыққанша құрылыс саласында, егіс алқабында қажырлы еңбек етті. Өзбекстанда тәжірибе стансасында 6 жыл бригадир болып істегендіктен болар Жұрекеңнің жерге тастаған дарағы жайқалып, бау-бақшасы құлпырып шыға келеді. Бау-бақша демекші өзі шардараның тумасы, Алматыда тұратын белгілі ақын Бауыржан Қарабековтің Жұрымбай ақсақалдың диқаншылығына арнап «Құмдағы жазулар» деген кітабында баллада жазғанын білетін едік.

– Бауыржан ағаның еңбектеп кеп алма ұрлайтын бақшасы осы болар, ата? – дедік айналадағы асылған жүзім, басқа да ағаштар егілген баққа қарап.

– Ее, Серікбайдың өлең жазатын баласын айтып отырсыңдар ма? Осы ғой, осы, – дейді кеңк-кеңк күлген Жұрекең.

Ұрыста, кейіннен әуе десанты болып жүргенде, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанмын. Осы орденді, және тағы бір ерлігі үшін деген медальді түрмеде отырған кезімде артымнан әкеліп тақты.

Жүріс-тұрысы әлі де ширақ Жұрымбай атаның кіндігінен 5 ұл тарапты. Олардан немере-шөбере сүйіп, қауқылдап отырған жайы бар бүгінде. Біраз жыл бұрын атаның кемпірі бақилық болыпты. Айта кетейік, Жеңістің 65 жылдығына орай қала орталығынан Ж.Айтөреевке коммуналдық үй берілген болатын. Атаның өзі уақытының көбін осы үйде, балалы-шағалы болып қалған немересі Нұрболат пен келіні Әйгерімнің қасында өткізеді екен.

70 жылдық мерекеге орай аудан басшылары осы үйге келіп, қарт майдангерге сыйлық тапсырды. Омырауы орден-медалға толған костюмді әкеп иығына жауып жатса:

– Қазір экспонат сияқты боп қалдық қой, жарқыратып киіндіріп жұртқа көрсетеді, – деп жұртты бір күлдіріп алды.

– Сіздердің ерліктеріңізді ел ұмыт-пайды. Осы күнге аман-есен жетіп отырғандарыңыз біздер үшін үлкен қуаныш. Биылғы ұлы мерекеге Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айрықша назар аударып, сіздерге миллион теңгеден бөліп отыр. Біздер осыны тапсыруға келдік. Мерекелеріңіз құтты болсын, ортамызда күліп-ойнап жүре беріңіздер! – деп аудан әкімінің орынбасары Бақтыбай Әліпов қолма-қол 900 мың теңгені қарт майдангерге салтанатты түрде табыс етті. Тағы да 100 мың теңге жақын күндерде есеп-шоттарына түсетінін айтып түсіндірді. Жұрымбай ақсақалдың иығына оқалы шапан жауып, гүл шоқтары мен мерекелік азық-түлік себеттерін тапсырған аудандық мәслихат хатшысы Тоқсанбай Бердібеков пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Тәңірберді Ағманұлы, жұмыспен қамту саласы мен пошта қызметкерлері ардагерге мерекеден мерекеге аман-сау жетуіне тілектерін білдірді.

Қазіргі теледидарды көрсең, араққа тойып алып, «уралап» бара жатқанды көресің. Арақ ішіп, ләйліп жүретін уақыт па екен?! Жарты буханка нанды үш күнге беретін. Оны жарты сағатта жеп қоямыз. Тамақ жоқ. Арпа, бидайды уыстап алып шикідей жейміз. Оны да тапсақ.

Иә, Шардара ауданы бойынша кезінде 661 азамат қолына қару алып, Ұлы Отан соғысында жаумен шайқасқан болатын. Жеңістің 65 жылдығына 17 ардагер аман-сау жетіп еді. Биыл 3 ақсақал ғана Жеңіс тойын тойламақ. Мұқағали ақынның «бірі мініп келместің кемесіне, бірі күтіп, әнеки, жағада тұр» деген жыр жолдарын айтқымыз келмейді.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, 

Шардара ауданы

«Оңтүстік Рабат», №13, 01.04.2015