Ескерткіштегі тізім қайта жазылады

«Даңқ» мемориалы
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай бүгінде дайындық жұмыстары қолға алынғандығын газетіміздің өткен нөмірінде айтқан болатынбыз. Осыған орай оқырмандардан көптеген сауалдар келіп түсті. Олардың көпшілігі «Даңқ» мемориалдық кешеніндегі соғыс ардагерлерінің тізіміне атамыздың есімі енбей қалыпты, осы кемшіліктің орны толтырыла ма? Тізім қайта жазыла ма?» дегенге саяды. Біз оқырмандар сауалын облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловқа (суретте) қойған едік.

– Мұндай талап-тілектер, өтініштер бізге де келіп түсуде. Расында біз сол тізімді қайта жасақтап, оны әскери комиссариаттың мұрағаттағы құжаттарымен сәйкестендіріп, тексеріп, қайтадан мәліметтер базасын жасақтап жатырмыз. Соның негізінде, барлық мәлімет тексеруден өткен соң барып, «Даңқ» мемориалдық кешенінде аты-жөні жазылмай қалып кеткен ардагерлеріміздің есімдерін ендіру қолға алынбақ.

Сонымен бірге, ардагерлердің үйлеріне барып, неге мұқтаж екендіктерін анықтап жатырмыз. Өтініш-талап тілектері сараланып тиісті мекемелерге жолданады. Осылайша оларды шешуге көмек беретін боламыз.

«Даңқ» мемориалы
«Даңқ» мемориалы

Орайы келгенде айта кету керек, облыстық Ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен қыркүйек айынан бастап мектептерде, жастар орталықтарында соғыс, тыл ардагерлерімен кездесу ұйымдастырылмақ. Ұлы жеңістің оңай келмегендігі, қан майданда қаншама боздақтың қыршын кеткендігін тәптіштеп өскелең ұрпаққа айтып отыруды мақсат тұтуда ұйымдастырушылар

Олай болса соғыс ардагері және соғыс жылдарындағы тылда еңбек еткендерді нақтылау тізімінен қалып кетпегейсіз. Аталарымызды тізімнен таппай қалып, өкінбес үшін, қазірден бастап облыстық ардагерлер кеңесіне немесе аудандық ардагерлер кеңесіне хабарласып, мағлұмат беруге асығыңыздар.