«Мәңгілік даңқ» шеруіне қатысушылар өз ата-әжелері туралы айтты

IMG_9390

Шымкенттегі «Даңқ» мемориалында «Мәңгілік Даңқ» шеруі өтті. Биыл оған 5000-дай адам қатысты. Шеруге қатысушылардың көпшілігі Отан үшін соғыста жандарын пида еткен сарбаздардың ерліктерін бүгінгілер ұмытпауы керек дегенді мақсат тұтты. Ата-апаларына деген құрметтің белгісін көрсетуді мақсат тұтқан ұрпақтың бұл игі ісі өзгелерге үлгі болғаны сөзсіз. Шеруге қатысушылардың бірқатарын сөзге тартып, олардың майданда ерлік жасаған аталары жөнінде пікірлерін білген болатынбыз.

IMG_9309

Жандос Қалтаев, Қарабай ақсақалдың немересі:

Қарабай Қалтаев 1923 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақтас ауылында өмірге келген. Жас болған соң әскер қатарына алмаған. Өйткені, елде де жұмыс істейтін адамдар қажет болды. Соғыс басталған жылы теміржолда жұмыс істеді. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, майдан даласына десант қызметін атқаруға аттанады. Атам 72 мм пушканы ататын болған. 

1947 жылға дейін Украина жерінде майдан даласындағы жұмыстарға қатысып, елге оралды. «Даңқ» орденінің ковалері. Бұл марапат қатардағы жауынгерлерге берілген. Бұл деген сөз Ұлы Отан соғысының батыры деген атақпен тең.
Атам елге келген соң да ішкі істер саласында талай жыл еңбек етіп, Құрметті ардагер атағын иемденді. Атам Шымкент қаласының Құрметті азаматы.
«Мәңгілік даңқ» шеруіне шыққандағы мақсат — өмірінің басым бөлігін Отан үшін арнаған атамның ерлігіне деген құрметке тағзым көрсету болатын.

IMG_9321

Күләш Төреханова, қала тұрғыны:

Әкем Осатай Құлымбетов, Түркістан қаласының тумасы. Майдан даласына 1941 жылы аттанған. Сталинград түбіндегі шешуші шайқасқа қатысқан. Кеңес жерін жау қолынан азат етіп, Берлинге дейінгі ұрыстарда болған.
Соғыстан аман-есен оралған соң, колхозды басқарды. Талмай еткен еңбегінің жемісі ретінде Ленин ордендерімен марапатталды. Осынау еңбектің иесі әкем Осатайдың ерлігі жайлы бүгінгі ұрпақ білгені жөн. Өйткені, бар ғұмырын елге арнаған әкемнің ерлігін ұмытуға болмайды.

 

Гүлнар Раманқұлқызы, Түркістан қаласының тұрғыны:

IMG_9324— Төлен Жылқыбаев 1923 жылы Түркістан қаласында туылған. Әскер қатарына шақырылып, эшелонмен Мокваға аттанған. Атам міңген эшелонды жау әскері тұтқиылдан бомбалап, соның салдарынан ондағы азаматтар қапыда көз жұмған. Оның арасында атамда бар.
Жалпы, атам жайлы басқа мәліметтерді білмеймін. Дегенмен, атамның ел мүддесін қорғау үшін аттанғанының өзі бізге мақтаныш. Бүгінгі ұрпағы атамыздың осы іс-әрекетін мақтан тұтады.

Наилия Арыстанғалиқызы, шеруге қатысушы: 

IMG_9327


— Елеу Жұмалиев 1913 жылы өмірге келген. Оңтүстік шығыс фронтында соғыста болған. Әскери шені — аға лейтенант. 1943 жылғы мамырдың 9 -ында аяғынан жарақат алып, госпитальге түседі. Жарақатының ауыр болғанына байланысты аяғын кескен. Төрт көзі түгел боп кеткен атамыз, елге аяғынан айырылып қайтқан. Осы жағдайға қарамастан ел ішіне келіп, етене еңбекке араласты. Ж.Шанин атындағы драма театрында басшылық етті. Мұнан соң, әлеуметтік қамсыздандыру саласында да еңбегі сіңді. Өкініштісі, атамның аяғынан алған жарақаты жанына батып, 1959 жылы дүниеден өтті.

 

 

IMG_9332Асқар Алтынбаев, қала тұрғыны:

— Сәрсен Құрманбеков 1907 жылы Мақтарал ауданының тумасы. Әскери шені — взвод командирі. Пулеметші. Кавказ фронтындағы шайқасқа қатысып, жарақат алады. Алғабас колхозының төрағасы қызметін мінсіз атқарды. Бүгінде марқұм атамыздың өмірін жалғастырар ұрпағы өсіп-өніп жатыр. Қазыналы қартымызға деген құрметіміз болсын деген ниетпен шеруге қатыстым. Бұл да болса біздің аталарымыз алдындағы балалық борышымыз.

 

IMG_9342

Сапарәлі Жұрқаев, шеруге қатысушы:

— Өмірзақ Жұрхаев Сарыағаш ауданы, Жылға ауылында 1893 өмірге келген. Әскери шені — контр-тыңшы. «Смерш» тыңшы әскерінің құрамында қызмет еткен. Беларус жерінде жау қоршауына қалып қойып, қақаған қыстың 8 күнінде окопта жатқан. Осының салдарынан әкемнің ішкі құрылыстары суықтап, науқастанып қалған. Елге оралған соң да тыныш отырмады. Колхозда және басқа да өндіріс орындарында жұмыс істеді. Еткен еңбегі еленіп, бірнеше медалдармен марапатталды.Әкемнің іңісі Қысатай соғыстан оралмады. Ол жайында хат-хабар жоқ. Қысатай атаның қызы Күнсұлу апайым келіп отыр.Әкемнің тағы бір іңісі Жабақ жапон соғысына қатысқан. Соғыс кезінде жарақат алған. Әскери шені — лейтенант. Елге оралған соң қайтыс болды. Өкініштісі, Жабақ көкемнен ұрпақ қалмады.

 

IMG_9347Күнсұлу Қыстайқызы, Қыстай ақсақалдың қызы:

— Менің әкем Қыстай майданға аттанған соң, өмірге келдім. Яғни, 1941 жылы. Әкемнен мүлдем хабар жоқ. Марқұм әкемнің рухына құрмет көрсету мақсатында, әрі бүгінгі ұрпаққа өнеге ретінде бүгінгі шеруге қатысып отырмын.

IMG_9353

Тастанкүл Бегманқызы, қала тұрғыны:
— Ерназаров Бегман Назарбекұлы 1925 жылы Абай ауданы, Тельман бөлімшесінде өмірге келген. Украинаның Сандомер және Житомир қалаларын азат етуге қасық қаны қалғанша арнаған жан. Оқ пен оттың ортасында жүрсе дағы елге деген сүйіспеншілігін, сағынышын ұмытпаған ер-азамат.
Әкем майданнан 1944 жылы оралды. Одан соң білім және экономика саласында жұмыс істеген. Мен үлкен қызымын. Әке атын жоқтатпас үшін шеруге келіп, өз борышымды орындап жатырмын.

IMG_9359

 

Гүлсара Нарманқызы, шеруге қатысушы:

— Әкем Нарман Туғанбаев Абай ауданының тумасы. Соғысқа дейін ұстаздық қызметті атқарған. Соғыс деген алапат хабардан соң, айрандай ұйып отырған ұл-қыздарын жәутеңдетіп майданға аттанды. Ондағы мақсаты ел алдындағы азаматтық борышын өтеу болатын. Әкем соғыста байланысшы қызметін атқарған екен. Қолда бар деректер бойынша, әкем майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстың ортасында жүріп, хат-хабарды шұғыл түрде жеткізіп тұрған.

IMG_9377
Асқар Мұстафаев, Қамбар атаның туысы:
— Серботаев Қамбар Мұстафаұлы 1925 жылы туылған. Арыс ауданы, Бадам станциясынан майданға аттанған. Өрімдей жасқа соғыс даласында аға лейтенант шені беріліп, жауапкершілік артылған екен. Тыңшы ротасының командирі қызметін мінсіз атқарған.
Атамыздан 1945 жылғы ақпанның 23-інде соңғы хат келді. Мұнан соң, онымен байланыс үзілген. Араға бірнеше жылды салып, Ресей жеріндегі ерікті іздеушілердің көмегімен атамыздың сүйегі табылды. Табылған сүйекті қастерлеп, бауырластар мазарына жерленді.
Ата жайлы мәліметтерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның майдан даласында көрсеткен ерлігі жөнінде мағлұматтар білгіміз келеді.Өйткені, Қамбар атаның бүгінгі ұрпағы оның жасаған ерлігін өнеге тұтатын болады.

Жазып алған: Лаура Сапарбекова