Белгілі қаламгер, республикалық «Жалын» бәйгесінің екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесінің үш дүркін жеңімпазы, «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түлкібас, Бәйдібек аудандары мен Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, Мемлекеттік стипендияның төрт дүркін иегері, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Құрметті профессоры – Мархабат БАЙҒҰТ мамырдың 25-інде мерейлі 70 жасқа толды. Айтайын дегеніміз ол да емес…
Біздің санамызға Абайтанушы, Әуезовтанушы ғалым, зерттеушілердің бары сіңісті болғалы қашан. Ал бүгінгінің көзі тірі классигіне айналған қаламгер Мархабат Байғұттың шығармалары бойынша дипломдық жұмыстардың жазылып, ғылыми еңбектердің қорғалып жатуын жалпақ жұрт біле бермейді. Шығармаларындағы кейіпкерлері секілді қарапайымдылықты ту еткен қаламгердің шығармалары бойынша ғылыми зерттеулер әлі де талай жазылары анық.
Әдебиет сыншылары берер баға белесі де алда. Осы орайда жас ғалым Сандуғаш Құланованың М.Байғұт шығармалары бойынша жасаған талдау еңбегін мерейтой қарсаңында оқырманға ұсынғанды жөн көрдік. Қаламгер жетістігінің бір парасы да осы болса керек-ті. Шығармалары бойынша әдеби сын тұрғысынан баға беріліп, ғылыми тұрғыдан зерттелуі үлкен табыс емес пе?!
«Әдебиет пен өнердегі дәстүр мен жаңашылдық арақатынасы алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің арақатынасына байланысты» екендігі белгілі. 1960-80 жылдардағы әдебиет қазақ әдебиетінің даму тарихындағы алтын ғасыр деуге болады. Себебі, бұл жылдары ұлттық тұрғыдан жазылған рухани бай көптеген шығармалар дүниеге келе бастады.
Бірақ, цензура барынша бақылап, ұлттық мүдденің бірінші кезекке қойылуын қатаң қадағалады. Сол кездегі қатал тәртіп пен партиялық идеяға білдірмей ұлттық мүддені бірінші кезекке қойып, қазақ халқының рухын көтерерлік талай шығармалар жазылғанымен, авторлары қудалауға түсіп, қиыншылықтарға тап болды.
Әдебиетке шектеу қойылған осы уақытта қатаң цензураның сүзгісінен үлкен шындықты сыздықтатып өткізіп жіберген жазушылар аз болған жоқ. Солардың бірі – Мархабат Байғұт. Жазушының қай шығармасын алып қарамайық уайымсыз жатқан қазақы ауылы, кең пейілді жеңгейлер, қос бұрымы тірсегіне соғылған бойжеткен қыздар бейнесін кездестіреміз.
«Наурызкөксайдың самалы-ай…» әңгімесінде автор ұлтымыздың жоғалуға жақын қалған дәстүрі – Наурыз мерекесінің шағын қазақ ауылында тойлануын суреттеген. Кеңестік заманда «ұлтшылдық сарқыншағы» деген желеумен тойлауға тыйым салынған шығыс халықтарының жаңа жыл мерекесі, яғни, Наурыз мерекесін ұмыта жаздағанымыз рас.
«Киікоты» әңгімесінде ауылға деген сағыныш суреттелген.
«Құмар қыз» әңгімесінде Сауран мен Светлана арасындағы махаббат кереметтей өрнектелгенмен айтылар ой, әлеуметтік жағдай ашыла қоймағанда, өткен ғасырлардағы патша өкіметінің отарлау саясаты, жерінен айрылған халықтың туған жерге деген сағынышы бейнеленген.
Бұл күндері қаламы ұшталған жазушының өзіндік өрнегі айқын, өзіне тән стилі қалыптасқан. Мархабат Байғұт шығармаларын оқи отырып, кейіпкер мінезін ашуда ішкі монолог пен диалогтің көп көрініс бергенін аңғару қиын емес.
Мысалы, «Варвараның көмбесі» әңгімесіндегі әке толғанысы тұнған монолог. Әңгіме басты кейіпкер Қалқаманның төңірегінде өрбиді. Қызы күйеуге тиіп кеткендегі әке толғанысы, әкенің көңіл күйі шебер суреттелген. Қызының оқыса, жоғары білімді болса деген үмітін ақтамай, күйеуге ерте кеткендігіне риза болмаған әке суреттелген.
М.Әуезов: «…Орыс жазушыларында анық сүйетінім: Толстой, Достоевский. Адам жанын солайша қойма ақтарғандай ақтармаған соң, жазушылықтың мәні де жоқ. Прозаға психология араласпаса, өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы» деп ұлы қаламгер жазушы шығармасында психологияның болуын, нәзік сезімнің жоғары дәрежеде көркем суреттелуін талап еткен.
Алғашқы бөлім Қалқаманның қызы көктемде күйеуге тиюімен басталып, бөлімнің өне бойы әке сезімін толғайды. Шығарма бастан аяқ қыз әкесінің ішкі жан күйін суреттеуден тұрады, яғни, әке психологиясы. Г.Пралиева көркем шығармадағы психологизмді екі түрге бөлген: « Біріншісі, кең мағынадағы психологизм (универсальное), бұл барлық әдеби шығармаға тән. Екіншісі, тар мағынадағы (узкое) психологизм, жеке адам тағдырына тереңірек үңіліп, рухани әлемді егжей–тегжейлі бейнелеуге ерекше көңіл бөледі».
Шығармадағы суреттеулерді психологизмнің екінші түріне жатқызуға болады. Әңгімедегі психологизм байсалды терең толғаныстардан емес, мысқылға құрылған қаһарманның ішкі ойынан тұрады. Себебі, қызының құтты жеріне қонғанына қуанудың орнына әркімнің сөзін есепке алып, өз өзінен қорланған әкелердің бейнесі. Бұған қаһарманның «Оқымады демесең… дейді, Басынды ғой бәрі, басыма шықты – ау!» деген ішкі сөздері куә. Осындай намыс кернеп, сол қасіретті іштен арақпен қуып шықпақ болады.
Бұрындары дос-жарандарымен ішіп, тіпті той-томалақта қызыңқырап қалса да, жалғыз өзі еш уақытта арақ ішіп көрмеген әкенің оңашада отырып жападан жалғыз арақ ішуіне қызының оқымай, бір мамандық иесі болмай ерте тұрмыс құруы себеп болды. Қыздарының халін ойлаған Қалқаман: «Басы мынадай болды… Алдыңғы дөңгелек… әй, әтәсіне нәлет! Ішем…» деп қатты күйзеліске түсуі де Қалқаманның бор кемік екенін аңғартса керек.
Әңгімеде Қалқаманның ішкі монологі арқылы автор өзінің айтайын деп отырған бар ойын оқырманға жеткізеді. Елдің «экономикасы күшті колхозға барыпты қызың» деген сөздері Қалқаманның күлкісін келтіреді. Әңгіме, жалпы Мархабат шығармаларының бір ерекшелігі біз ескере бермейтін, бірақ өмірде көп болып жататын оқиғаларды ащы мысқылмен емес, күлдіргі жағдайлармен жеңіл суреттеп беруі. Әңгіменің өне бойы жеңіл күлкіге құрылған.
Шығарманың басты кейіпкері өмірде бар адамдардың типтік бейнесі. Өмірдегі болмашы қиыншылыққа төзе алмай, бәрін ащы судың көмегімен жеңуге тырысатын адамдар бейнесінің көркем нұсқасы.
Сонымен қатар Мархабат Байғұт диалогпен де характер ашудың шебері. «Таудағы андыз» повесінде Бауыржанның дию көкесі бірде зұлым, бірде дарақы, тағы бірде, яғни лауазымды Оқастың әкесінің алдында тіпті бейшара кейіпте көрінеді. КамАЗ-бен адам қағып кетіп, Оқастың көкесінің аяғына жығылады.
− Соңғы кезде мұрныңнан құрт түсіп, жұрты менсінбеуге айналып едің, ә? Неменеге келдің енді?
− Кешір, ағатай, кешір,- деді анау,− құлың болып өтейін. Осы уақытқа дейінгідей. Кешір, көкетай, кешір. Сәл мүлт кеткенім рас. Осыдан құтқара гөр, құлың болайын, ағатай».
Тағы да екі адам, бірінің өзі алып болғанымен өресі төмен. Дұрыс пен бұрысты айырмайтын парықсыз біреу. Сәл шір бітсе ешкімді көзіне ілмей, ал басына күн туса мүсәпір болып көрінетін бейбақ. Екіншісі алып емес, даңғаза дөкей. “Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс”. Содан да болар өзін ылғи маңғаз ұстайды, жұрттың бәрінің өзіне ғана жалынышты болып жүргенін қалайды.
Осындай тағы бір детальға назар аударайық:
«Жұрт тым-тырыс. Бригадир бос сөз айтпайды, өзгеден есітсе ит терісін басына қаптауы мүмкін. Табан астынан, күтпеген, ойламаған жерден осындай бірдеңе табады. Жаңа, жұмыс жөнінде айта бастағанда әйелдердің бірталайы балаларын көрсете көтеріп, «мыналарды қайтеміз» дегендей сыңай танытқан. Бригадир балалар бақшасын ойлап тауыпты…
− Мен бармын ғой, мырзаға».
Алдыңғы мысалға қарағанда өзгерек. Оқиға баяндалып келіп, диалог қақ ортасынан басталады. Дұрысында бригадирдің «Балаларға кім қарайды?» − деп сұрауынан бастау алуы қажет еді, ал көпшілік сол жерінде пікірлерін ортаға салып таласуы керек еді. Бірақ бұлай емес, ой анық, мағына жеткізер сөз жеткілікті. Бұл орайда Зейнолла Қабдоловтың тағы бір сөзі еске түседі: «Сөз үнемдеу − өнердің ұлы заңы болғанда, қысқа жазу − тек таланттыға тән қасиет екені белгілі».
Жазушы шығармаларында диалог пен кейіпкер монологі образдар психологиясын ашу үшін ұтымды қолданылады. Диалог кейіпкер мінезін ашуда таптырмас құрал екенін түсінген жазушы көп сөзділікке бара бермейді. Аз сөйлесе де сөзінде көп мағына беретін жазушы кейіпкерлері сүйкімді шығады.
Мархабат Байғұт шығармаларында да, өмірде де адамдарды ғайбаттаудан аулақ секілді. Оның шығармаларын оқып отырып, өзіміздің айналамызда жүрген көптеген жандардың мінезін көреміз. Өмір шындығын арқалаған оның кейбір кейіпкерлерін жек көруміз де керек еді. Бірақ жазушы шеберлігі сол кейіпкер мінезін ашуда монолог пен диалогті шебер қолдана отырып, қаһарман бейнесін оқырман жүрегіне жеткізе білген. Оның кейіпкерлерін жақсы көріп, тіпті аяушылық танытатын кезде болады.
Жалпы жазушы өз шығармаларында мінездеудің осы құралдарын шебер пайдаланады. Сөзіміз дәлелді болу үшін көптеген мысал келтіруге болар еді. Бәрі де өз орнында, «кесіп-пішіп қойғандай, оюлап ойғандай» етіп бейнелейді. Оның шығармаларын өзге жазушылармен шатастыру мүмкін емес.
М.Байғұттың өзге жазушылардан тағы бір ерекшелігі − қосымша ат қою шеберлігі. Кез келген шығармасын оқи қалсаңыз кейіпкерлердің «кличкасына» кездесетінімізді байқадық. Өмірде әзілқой жазушының бұл да бір өзіне тән мінезі, ерекшелігі болса керек.
«Шығарма» әңгімесінде ат қоюдың керемет үлгілері берілген. Пақырлар қоғамының мүшесі Пақырдиннің көзімен кейіпкерлердің бәріне ат қойып, айдар тағылады.
«Шегір көз сары бұған қарап, қадала тесілді. Аса мәдениетті мәнерде басын иіп қойды. Ағатайын бұл Қадалған деп ныспылады. Жалпы, жанама ат қоюға келгенде, Пақырдиніңіз мектептен бастап-ақ айтарлықтай қабілет танытқан-ды. Бір қызығы, сол қосымша есімдердің басым көпшілігі жұрттың жадына қонып, тіліне тұрақтап қалатын”.(281 бет)
Сонымен қатар әрқайсысының мінезі мен іс-әрекетіне қарай: Пән-Төраға, Тең-Төрайым, Сазарған, Сәл-Күлім деп аталып кете береді.
Дәл осы орайда «Таудағы аңдыз» повесіндегі мына бір диалогқа назар аударып көрейік:
− Естеріңде ме, қай класс еді осы, бір-бірімізге қоймаған атымыз қалмай, сол аттардың кейбірі кейін қанша қашсақ та соңымыздан ілесіп еді ғой, − деді кездесуді басқарушы енді шын ниетімен ауа – райын өзгерткісі келіп.
− Сегізінші класта шығар. Саған “Басқарма” деген ат тағылған. Ұмытпасам, Бауыржан шығар саған ат қойған.
− Сәрсенғалидің аты “Скелет” еді, байқұс әлі оңалмапты ғой, сүйегі сықыр-сықыр етеді”.
“Гамбургтегі қазақтар” әңгімесінде мынадай сөйлем бар:
“Тілінің күйіп-пісіп қалғанын сезсе де, қатын-дұшпанға сыр бергісі келмеген еді. Бұл Нәтибектің әйелі Пәтимаға қойған қосарлы атауы.
Ал, “Ақпандағы мысықтарда” дөкейдің тәлпіш әйелінің базарда сауда жасап тұрған жігітпен кездесуін керемет келтірген. Ақырында бірін-бірі өз аттарымен емес (ол құпия қалады) жанама атаумен “Базаршы”, “Ханым” деп атайды.
Мұндай іс-әрекетке жазушы ат таппай қалғандықтан емес, шығарманың шырайын кіргізу үшін сара соқпақ арқылы барады. Сонымен қатар көптеген шығармаларында: Жезбалақ Тілеміс, Светлана−Сәуле, әдебиет пәнінің мұғалімі, Қалыпбек қойшы, Ләскер−жерлес, Штирлиц − Кеуіртбек, миссис Майра, мистер Мамыр т.с.с. қосарлы атаулар, айқындауыштар, мегзеулермен өріліп жүре береді. Мұның бәрі де тектен-тек, жайдан-жай жасалмаған. Бірде езу тартқызып күлкі шақырса, бірде кейіпкердің атын анық етіп миға шегелей түседі. Тіпті кей жерлерде осылай атаудың өзі кейіпкер мінезі мен іс-әрекетін бейнелеуге қосымша штрихтың қызметін атқарады. Қалай дагенде де осы бір әдіс шығарманың өңін кіргізіп, солғын шығудан сақтап, құлпыртып, құбылтып тұрады.
Жазушымен болған бір сұқбатта:
− Өзіңіздің псевдониміңіз бар ма? − деген сұрағымызға:
− Кезінде тілші болып жұмыс істегендіктен лақап атым жоқ емес. Бала күнімде әжем мені “Марқам” деуші еді. Кейін өзіме осыны псевдоним етіп алдым. Газеттерге мақаланы “Мархан”, “Мың−Марханов” деген атпен жазатынмын, — деп жауап берді.
С.Сахабат бірде “Махаң−дәстүршіл”, — дегенді айтты. Шындығына келсек, қазақ ат қою жағына өте ұста келеді екен. Сонау ауыз әдебиетіндегі ертегілерде айтылатын “Тау соғар”, “Көлтауысар”, “Желаяқ” секілділерді былай қойғанда, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүріміз жаңа түскен келіндердің қайныларының атын атамай, мінез-құлық, іс−әрекетіне орай өздерінше ат қойып алуының өзі неге тұрады?. М.Байғұт шығарма жазарда осы дәстүршілдікті қайталай қояйын деп ойламаған да болар, дегенмен қанмен сіңген қазақы әдет өз нәтижесін бергені анық.
Қ.Найманбаев өз мақаласында: “Ол жазған ірілі-уақты қай дүние болмасын алып-жұлып бара жатқан оқиғалар тізбегі, шым-шытырық толғаныс болмайды. Өзі қандай қыздай жігіт болса, шығармасы да сондай ұяң келеді. Мінезі шығармасына жұқпаған жазушы кемде – кем шығар. Ендеше, Мархабат та солай” , — деп ой түйіндейді.
Образ − адамның сыртқы көрінісі болғанда, мінез−оның ішкі болмысы. Мінез жоқ жерде Л.И.Тимофеевше айтсақ, ақиқатты “адамдандыру мүмкін емес” екен.
Жалпы Мархабат Байғұттың тілі өткір де, шұрайлы. Көркемдеуші құралдардың кез келгенін кездестіре аламыз және ешқайсысын орынсыз қолданбайды. Бәрін де өз орнында, кесіп-пішіп қойғандай, оюлап ойғандай етіп бейнелейді. Оның шығармаларын өзге жазушылармен шатастыру мүмкін емес.
Мархабат Байғұтты өз заманының көркем суретшісі ретінде таныған мен ғана емес. Ж.Шаштайұлы «Байғұтов қазақ өмірінің бүгінгі тынысына үңілген кезде, жаңаша өзгерістерді көргіш. Оның кейіпкерлері — Дон Кихоттың әпенділігінен арыла алмаған, сөйтседе барға қанағат, жоққа салауат қылатын біртоға жандар. Бұл жағынан ол Бейімбет Майлиннің тікелей мұрагерлік жорасына жүре алады» деп жазушыны Бейімбеттің тікелей мұрагері ретінде қабылдап отыр.
Сонау 1995 жылдың өзінде күнгей елі Мархабат Байғұтты Бейімбеттің өнегесін жалғастырушы ретінде қабылдап қойған. Сөзім дәлелді болуы үшін Қуан Аршабаевтың сөзінен үзінді келтіре кетейін «…Мархабат Байғұтов қандай жазушы?» деген сұрақ қойғаны бар. Мен журналист-жазушы деп едім. Мархабат редакция қабырғасынан өтті. Оның кез келген шығармасына кез келген автордың редактор болуы тіптен оңай. Өйткені газет қабырғасынан өткендер – күшті стилистер. Сондықтан редакторлар көп қиналмайды, түземейді, мінемейді.
– Жоқ – деп еді сонда Тұтқабай (жазушы Иманбеков), — біле білсеңдер Мархабат Бейімбет Майлиннің өнегесін жалғастырушы ғой. Бейімбет Майлин әңгімелері Мархабат әңгімелерімен ұштасып жатады. Мұндай дарын, мұндай өнер кез келген жазушының қолынан келе бермейді. Мархабаттың күштілігі де осында» деген екен.
Бүгінгі таңда өз оқырмандары бар Мархабат Байғұт күштілігін мойындатқан жазушы. Мақаңды алдағы туылған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Деніңіз саулыққа, жаныңыз амандыққа, шаңырағыңыз шаттыққа, жүрегіңіз тыныштыққа, шығармашылық жолыңыз табысқа толы болсын деген тілек айтқымыз келеді.
Сандуғаш Құланова
филология ғылымдарының
кандидаты, Шымкент университетінің аға оқытушысы
«Оңтүстік Рабат», №20, 20.05.2015