Экономист, психолог, дәрігер әкелер бүгінгі уақытын үй жұмыстарына арнады. Есеп-қисап, қағазбастылық пен өзге де шаруаларын қоя тұрып, қолдарына үтік пен ыдыс-аяқ, жаялық алып, сынға түсті. 15 мамыр халықаралық отбасы күніне орай қайырымдылық қоғамдық қоры ұйымдастырған «Үлгілі әке» атты жанұялық сайысқа 6 әке қатысты.
Ал 3 баланың әкесі, дәрігер Жақсылық Амантаев үшін 40 секундтың ішінде ыдыс-аяқты жуу, бір жарым минутта баланың киімін үтіктеу сынды тапсырмалар еш қиындық туғызбады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0hJMZ-enfKs[/youtube]
Жақсылық Амантаев, сайысқа қатысушы: «Мен сайысқа қуана қатыстым. Ондағы тапсырмаларды орындауда қиналған жоқпын. Өйткені күнде болмаса да анда-санда баланың киімін үтіктеп, тамағын дайындап, сабаққа жіберетін кездер болады. Сондықтан осындай сайыстар арқылы әкенің де бала өміріне жауапты екенін және отбасындағы жұмыстардың барлығын әйелге артып қоймай, көмектесу керегін еске салуға болады деп ойлаймын».
Үлгілі әке атағына таласқан жас әкелер осылайша белгіленген уақыт ішіндер бірнеше тапсырманы орындап шықты. Сайысты ұйымдастырушы, балаларды қорғау қорының төрайымы Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, мұндай шаралар отбасында әке рөлінің маңыздылығын арттырып, бала тәрбиелеуде оның белсенділігін жоғарылатады. Отбасылық сайыстың соңында жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестірілді.