Волейболшы апа

Қалдыгүл Мұратова
Қалдыгүл Мұратова

«Әжелер ансамблі» дегенді естіп жүрміз. «Қолөнерші әжелер», «Салт-дәстүрге баулитын апалар» сияқты топтар да көп. Ал, енді ардагер апалардан құралған волейболшылар командасы бар дегенді естіген кезде таңқалғанымыз рас. Волейболшы апалар Мақтарал ауданы, Асықата өңіріндегі Абай ауылдық округінде тұрады. Осы ауылдағы «Әйелдер ұйымының» төрайымы, ардагер апалардан құралған «Гүлдер» волейбол командасының капитаны Қалдыгүл Мұратовамен сұхбаттасудың реті келгенде қуанғанымыз да сондықтан.

– Мен Созақтың қызымын, – дейді әңгімесін әріден бастаған волейболшы апалардың командасын құрған Қалдыгүл ана. Әкем Ахмет Мәтенов «Социалистік Еңбек Ері» болғандықтан да 11 ұл-қызды еңбекқор етіп тәрбиеледі. Баланың үлкені болған соң қыздың, ұлдың жұмысы демей, ауыр-жеңіліне қарамай жастайымнан еңбекке араластым. Сабағым да тәуір болды. Мектепті «Алтын медальмен» бітірдім. Жетісайдағы педучилищені, Алматыдағы политехникалық институттың барлау-шы-геолог факультетін бітірдім.

Тағдыр осылайша Қалдыгүл апаны Асықата өңірінің тумасы Жұмабек Мұратов есімді азаматпен табыстырыпты. Еңбек жолын Титов атындағы №25 мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастаған Қалдыгүл ауыл балаларының спортқа ден қоюына үлкен күш салады. Ал зейнеткерлікке шыққан соң салауатты өмір салтын қалыптастырып үлгерген ана қарап отыра алмайды.

– Спортпен шұғылданғаныңызға үйіңіздегілер қалай қарады? Ата-енеңіз немесе жолдасыңыз үндеген жоқ па?

– Келін боп түскен күні кешке волейбол ойнағанмын (күліп). Ауыл жастары ойынның көрігін қыздырып жатыр екен, барып қосылып кеттім. Ол кезде қыз-жігіттер бірдей волейбол, баскетбол сияқты ойындарды ойнай беруші еді ғой. Ата-енем түсінігі мол жандар еді. Енем артық сөзі жоқ, жуас адам болды. Маған түсіністікпен қарады. Мен тек дене тәрбиесінен ғана сабақ беріп, басқа уақытта қарап отырғаным жоқ. Таңғы сағат 6-да тұрып, сиыр сауамын, сүт пісіремін, ауылда не істеу керектің бәрін жүгіріп жүріп атқара беретінмін. Себебі, о бастағы өз үйімде көрген тәрбием сондай болды. Шешемнің үйреткендерін ендігі уақытта енем толықтырып отырды. Зейнетке шыққан соң өзім секілді спортқа ебі бар ардагер апайлардың басын қосып, волейболшылар командасын құрдық. Осы кезде күйеуімнің қарсылық білдіргені рас. Ақырында үйренді. Қазір біздің ойынымызға өзі барып, жанкүйер болып отырады, – дейді волейболшы апа.

Аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген зейнеткер волейболшы апалардың құрамын да Қалдыгүл апа өзі таңдап, спортқа өзі тартты. «Гүлдердің» сапында өнер көрсететін апалардың дені өзі секілді зейнеткер ұстаздар. Мектеп директорының жұбайы Нұржамал Сапарханованы «біз үлгі көрсетпесек, кім көрсетеді?» деп отырып құрамаға қабылдады. Сол сияқты бастауыш сынып мұғалімі болған Айгүл Жамбылова, оқу ісінің меңгерушісі болған Айнұр Байымбетова, музыка пәнінің маманы болған Бибігүл Иманқұлова, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Құралай Бақпанбетова, тағы бір бастауыш сынып мұғалімі Ұлданай есімді апайлар құлаштап тұрып допты ұрғанда анау-мынау жігіттеріңнен кем түспейді екен.

– Мектептегі спорттық шара-лардың ортасында жүргеніммен, ер адамдардан бізге доп тиетін түрі көрінбейді. Сол кезде өз алдымызға осындай команда құруды ойладым. Енді тағы бір баскетбол командасын құрсам деймін. Себебі, жастайымнан осы ойынды жақсы ойнадым, – дейді Қалдыгүл апай.

Спортшы апа мен құрылысшы ағаның бауырынан 3 ұл, 5 қыз өрбіді. Үлкен үйден өз алдарына енші алып шыққан соң бала-шағамен тынбай жұмыс істеді. Мектептің жұмысы өз алдына, үйдегі мал, егістік жер бар, бәріне де уақыт тауып, үлгеретінмін. Жекешелендіру басталғанда бұлардың еншісіне 90 сотық жүзімдік тиді. Бала-шағасымен жүзім байлайды, суарады, шөбін жұлады. Піскен кезінде шелек-шелек жүзімді Арнасай жаққа апарып пұлдап келеді. Жүзім еккен алғашқы жылы өнімнен түскен ақшаға бір сиыр сатып алды. Малдың басы болған осы сиыр бұлардың ауызын аққа жарытты. Біраз жылдан кейін-ақ Жұмабек ағамыз бен Қалдыгүл апаның қорасындағы мал басы 30-ға жетті. Тырбанып істеген адамға жұмыс қашан да табылады. Жері болғанымен, кетпен ұстауға мойны жар бермей жататындарда аз емес. Сондай бос жатқан жерді жалға алып, бұл әулеттің адамдары қауын-қарбыз егумен де айналысатын. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды дегендей, 90-шы жылдардан кейінгі дағдарыстардан осындай еңбекқорлықтың арқасында бұл жанұя сыр бермей шықты. Сол тірлікті әлі атқарып келе жатыр.

Ата-ананың өнегелі тәрбиесі ұрпағын биіктерге жетелейді. Еңбекпен есейген ұл-қыздары жоғары білім алып, алды үйлі-баранды болып отыр. Үлкен қыздары Жанар мұғалім болып еңбек етеді. Ұлдың үлкені Марат Алматыда мұнай-газ саласында жұмыс істейді. Қолдарындағы Азат есімді ұлдары Асықатада дәрігер. Тағы бір мұғалім қызы Алмагүл Жетісайға тұрмысқа шыққан. Асқар мен Дина – студент, кенжелері Ботагөз 10 сыныпта оқиды екен. Тұрмысқа шыққан қыздар мен отау құрған ұлдарынан барлығы 8 немере сүйіп отыр. «Ата-әже» деген бал тілдерін қызықтаған Жұмекең мен Қалдыгүл апай Алланың осы көрсеткеніне мың қайтара шүкірлік айтып келеді.

– Әдепкіде әже деген сөзге құлағым үйрене алмай жүргенімен, енді осы сөздерін естігім келіп отырады. Өйткені өзімді әлі келін санаймын, үлкен енелер мен аталарды көрсек иіліп сәлем саламыз. Біздер осылай ізет көрсетіп отырған соң жас келіндер өздері-ақ үлгі алады, – дейді Қалдыгүл апа.

«Алтын алқадан» бөлек Қалдыгүл апаның аудан басшылығы тарапынан алып жүрген «Алғыс хаттары» бір төбе екен. Ауданды әр жылдары басқарған О.Нұржановтың, Қ.Хаметовтің, қазіргі әкім С.Тұрбековтің марапаттауларын көрдік. Былтырғы жылы зейнет демалысына шыққан кезде мектеп басшылығы білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Ерен еңбегі» медалін тапсырыпты. Ал, спорттағы жетістіктеріне берілген грамоталарды санамалап жатпадық.

Салауатты өмір салтын сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген зейнеткер апамызға спорт шолушылары айтатынындай «жеңісті күндерде жолыққанша» деп қоштастық.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ,
Мақтарал ауданы

«Оңтүстік Рабат», №20, 20.05.2015