Шымкентте осы күнге дейін заңсыз жұмыс жасап келген сауда қатарлары бұзылып жатыр. Әсіресе, Исмаилов көшесінің бойындағы темір-терсек сататын базар өз жұмысын тоқтататын болды. Осы уақытқа дейін заңсыз сауда жасап келгендер қала әкімдігінен құрылған топтың құрығына түсті.
Бұл маңда осымен екінші рет рейд жұмыстары ұйымдастырылды. Алғашында саудагерлерге ескерту берілді. Енді ескертуге құлақ аспағандардың сауда нүктелері бұзылып жатыр.
Алғашқы рейд кезінде бөлім басшыларына берілген тапсырмалар толығымен орындалған. Жер қатынастары комитетінің мамандары осындағы кәсіпкерлерге ескерту қағазын таратса, сәулет бөлімінің қызметшілері жер телімдерінің қалай берілгенін анықтауға кіріскен.
Мәлімет бойынша мұндағы жер телімдері 2007 жылдары таратылып берілгенімен, бірнеше рет саудаға түскен. Бүгінгі рейдке шықан түрлі бөлімдерге прокуратура тарапынан қысым да көрсетілді дейді сала мамандары.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=66_nieE7z2E[/youtube]
Қалай болған күнде де Исмаилов көшесінің маңынан өтетін теміржолдың бойы темір-терсектен тазартылып, абаттандырылады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан мұнда жаяу жүргіншілер жолы салынады. Ал полиция үлкен жүк көліктерінің тоқтауына болмайтын жол белгілерін орнатпақ. Қала әкімдігінің бұл бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, күндіз-түні ұйқыдан қалған қариялар мен жас балалардың қуанышында шек жоқ.
Кәсіпкерлікті қолдау — заңды бұзып, адам өміріне қауіп төндіру емес. Сол себепті саудагерлер қайда шағымданса да ісіміз заңды деген биліктегілер көпшіліктің пайдалану орнын сауда қатарына айналдырғандардың ісін бүркемелегендерге де шара көреміз деп отыр.
Нұрлан Жаңабай