Тек жеке өмірімде ғана емес, жеке шығармашылығымда да айтулы жаңалықтарым бар дейді әнші Асыл Жандаулетов.

002

Сонымен, «Отырар» телеарнасының «Жаңа күн» бағдарламасына қонақ болып келген Асыл Жандаулетовпен тікелей эфирде жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

– Асыл, өзіңіз соңғы кездері экраннан мүлдем көрінбей кеттіңіз? Неге?

– Ия, көрінбей кетуімнің өзіндік себебі бар. Өйткені өнер адамы бір жерде отырмайды. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Репертуарымды қалай да жаңартсам, жаңа хит болатын ән іздесем деген ойлар қашан да біздің санамызда. Сондықтан мен көптеген композиторлармен келіссөздер жүргіздім. Ақылдастым, ән таңдадым. Сонымен, көп ойлана келе неге осы менің ән қоржыным ылғи баяу, бір сарынды патриоттық тақырыпта деп ойладым. Өнерсүйер қауым мені өзге қырымнан танысын деген ниетпен жаңа көңілді әнді жарыққа алып шықтым. Тіпті жаңа әнге жаңа бейнеклипте түсіріп үлгердік. Жаңа әннің сөзі мен әнін Бақытжан Ауданбаев жазған, «Мен саған қызығып жүрмін» деп аталады.

– Әрине, қуанышты жаңалық. Жаңа бейнеклип құтты болсын! Туынды несімен ерекшеленеді?

– Ия, өте орынды сауал. Бұл бейнеклипім бұдан алдыңғы бейнеклиптерімнен өзгеше. Өйткені, алдымен – көңілді. Сонымен бірге махаббат тақырыбында бола тұра мен клиптің соңында ғана қыз бен жігіт кездесетінін көрсеттім.

-Неге?

– Өйткені бейнеклиптердегі екі жастың өзара сезімдері, махаббаттары, екеуі қыдырады немесе біреуін көлік қағып кетіп, қайтыс болатын сюжеттік желіден халық шаршады. Мен өзімше бір жаңалық енгізейін дегенім ғой. Бұл жолы бейнеклипті біздің тілмен айтқанда «трэкті» етіп жасаттым.

– Асыл, жақында әлеуметтік желіде тойыңда түскен суреттерді жарияладың, расымен үйлендіңіз бе? Әлде бұл келесі бейнеклиптің түсірілімі ме?

– Ия, мен үйлендім. Аллаға шүкір, қарапайым отбасында өсіп, тәрбиеленген ақ құсымды қондырдым. Қазір ата-анамды Бәйдібек ауданынан қасыма көшіріп алдым. Анам – мектепте мұғалім. Аллаға шүкір, осылайша өз тіршілігімізді жасап жатқан жағдайымыз бар.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Алла қаласа бір емес, бірнеше әндер репертуарыма енгелі отыр. Содан кейін, сәтін салып жатса, алдымен облысымыздың аудандарын гастрольдік сапармен аралап қайтсам деп отырмын. Кейін күз мезгіліне қарай Шымшаһарымызда алғаш рет жеке шығармашылық кеш беруді жоспарлап отырмын.

– Жоспарларыңыз жүзеге асып, сізге шығармашылық табыс тілейміз!