Күн ысығанда Шымкентте қарақұрт көбейе бастады. Өткен жылмен салыстырғанда улы өрмекшіден жапа шеккен тұрғындар саны биыл 3 есеге көбейіп отыр.
Бас-аяғы бір айда 30-дан астам адамды қарақұрт шағып, ауруханаға түскен. Науқастардың базбірі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Аптап ыстықта қаптай түсетін улы жәндіктен қауіп зор деп дабыл қағады мамандар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=7HE28U-mhQM[/youtube]
Науқстардың бірі — Бақыт Аманжолов «Көзімді ашып-жұмғанша аяғымның екі жерінен қарақұрт шағып алды» дейді. Оның аман қалғанына дәрігерлердің өзі аң-таң. Улы өрмекші оны түн ішінде шағып алыпты.
Бақыт Аманжолов, науқас: «Құрылыста істеп жүргем. Сол нысанның басында мен қарауыл болып қалдым материалдарға. Сол кезде түнгі 1-лер шамасында шақты. Қатты ауырдым.»
Ал шымкенттік токсикологтар 3 жылдан бері у қайтаратын дәрілерден бас тартыпты. Жапа шеккендердің иммунитетін күшейту арқылы емдеуді жөн санайды олар. 40 жылын токсикология саласына арнаған Икрам Төлеев қарақұрттан сақтанудың бірден-бір жолы — тазалық сақтау деп отыр.
Икрам Төлеев, Т.Орынбаев атындағы жоғары қысымды оттегімен емдеу орталығы бас дәрігерінің орынбасары: «Адамдарды қарақұрт шағуына, басқа жәндіктердің шағуына немқұрайлылық танытқаны, сақтық шараларын қарастырмауы себеп болса керек деп ойлаймын. Аулаларын жақсы жинамайды, шөптерін тазаламайды.»
Ауруханаға түсіп жатқандардың басым көпшілігі қала маңынан құрылыс салып жатқандар. Қарақұрт құрылыс орындары мен арық маңында көп кездеседі. Шымкентте мұндай орындар мыңдап саналады. Әрі күн ысыған сайын қарақұрттар да өз күшіне мінетіні белгілі. Ал шіліңгір шілденің әлі алда екенін ескерсек, жерлестерімізге аса сақ болуға тура келеді.